iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Қазақ хандығының құрылуы. Керей мен Жәнібек
Қазақ жерінде ежелгі дәуірден бастап сақ, ғұн, үйсін, қаңлы сияқты мемлекеттер, орта ғасырларда Түркі, Батыс Түркі, Түргеш, Қарлұқ, Қимақ, Қыпшақ т.б., моңғол шапқыншылығынан кейінгі кезеңдерде Ақ Орда, Моғолстан, Ноғай Ордасы сияқты мемлекеттер болды.
Ал Қазақ хандығының құрылуы «жаңа мемлекеттік жүйенің» басталуы болды. Қазақ халқы қалыптасуға бет бұрған кезеңде халықтың тұрақты өмірі мен тіршілігін, атамекеннің тұтастығын, дамуға деген талпынысын қамтамасыз ете алатын жалғыз фактор – мемлекет тұтастығының болуы еді.
Мұндай қоғамдық сұранысты дер кезінде түсінген Керей мен Жәнібек болды.
Қазақ хандығы шаруашылықтың дамуы, өндіргіш күштердің өсуі, феодалдық қатынастардың қалыптасуы нәтижесінде ерте заманнан бері ұлан-байтақ Орта Азияны мекендеген көшпенді тайпалардың бірыңғай этникалық топ құраған қазақ халқының бірігуі арқылы XV ғасырдың орта шенінде құрылды.
1457 жылы Әбілқайыр хан Үз-Темір тайшы бастаған ойраттардан Түркістан өңірінде жеңіліп қалды. Масқара ауыр шарт жасасып, ойраттар Шу арқылы өз жерлеріне кетті. Ал Әбілқайыр өз ұлысында қатал тәртіп шараларын орнатуға кіріседі. Бұл халықтың оған деген өшпенділігін күшейтті. Оған қарсы күресті Жәнібек пен Керей басқарды.
Қазақ хандығының құрылуына 1457 жылдан кейін Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілқайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап Шығыс Дешті Қыпшақтан Батыс Жетісу жеріндегі Шу мен Талас өңіріне қоныс аударуы мұрындық болды.
Ол кезде Жетісуді билеген Моғолстан ханы Есенбұға (1434-1462 жж.) қоныс аударған қазақтарды Әбілқайырға қарсы пайдалану үшін оларды құшақ жая қарсы алып, қоныс берді. Осы оқиға жөнінде тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде былай дейді: «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілқайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Олар барып орналасқан соң Әбілқайыр хан дүние салды да, Өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті. Сөйтіп олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Оларды өзбектер «қазақтар» деп атады. Қазақ сұлтандары 870 жылдары (1465-1466 жж.) билік жүргізе бастады...».
Алғашында Қазақ хандығының территориясы Жетісу жерінің батысы, Шу өзені мен Талас өзенінің алабы еді. Ежелден осы алапты мекендеген тайпалар Дешті Қыпшақтан қоныс аударған қазақ тайпаларымен етене араласып кетті. Әбілқайыр хандығындағы аласапыран соғыс салдарынан күйзелген қазақ тайпалары бұл араға келіп ес жинап, етек жауып, тұрмыстарын түзей бастады. Олардың қоныс аударуына Шыңғыс әулетінен шыққан Керей хан мен Жәнібек ханның жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ халқының дербес мемлекетін құру, оның тәуелсіз саяси және экономикалық дамуын қамтамасыз ету жолындағы қызметтері ықпал етті.
Жетісу рулар мен тайпалар және мемлекет бірлестігінің орталығына айналды. Олардың саны 200 мың адамға жетті. Жәнібек қазақ хандығының тұңғыш шаңырағын көтерген Барақ ханның ұлы, ал Керей оның ағасы Болат ханның баласы еді. Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланды (1458-1473 жж.). Одан кейін қазақ ханы болып Жәнібек сайланды (1473-1480 жж.).
Алайда жаңадан құрылған Қазақ хандығының экономикалық негізі әлсіз еді және бірсыпыра қазақ тайпалары Әбілқайыр хандығының, Моғолстанның, Ноғай Ордасының және Батыс Сібір хандығының қол астында төрт хандыққа бөлшектеніп отырған болатын.
Жаңа кұрылған Қазақ хандығы құрамына, яғни батыс Жетісу өңіріне он шақты жыл айналасында екі жүз мыңдай адамнан құралған көшпелі тайпалардың жиналуы кең өріс пен қонысты керек етті. Сонымен қатар көшпелі ел үшін отырықшы, егіншілігі көркейген аудандармен, әсіресе, қолөнері мен саудасы дамыған экономикалық орталық – Сырдария жағалауыңдағы қалалармен сауда-саттық жасау маңызды мәселеге айналды. Бұл қарым-қатынастың оңалуына тек көшпелі ел ғана емес отырықшы аймақтардағы халық та мүдделі болды.
Осы жағдайларға байланысты Қазақ хандығының алдында үлкен тарихи міндеттер тұрды: 1. Мал жайылымдарын пайдаланудың Дешті Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі тәртібін қалпына келтіру. 2. Шығыс пен батыс сауда керуен жолдары өтетін Сырдария жағасындағы Сығанақ, Созақ, Отырар, Яса (Түркістан) т.б. қалаларды Қазақ хандығына қарату. Себебі Сырдария бойындағы қалаларды экономикалық және әскери тірекке айналдыру Дешті Қыпшақ даласын билеудің басты шарты болып келген. 3. Қазақ тайпаларының басын қосып, қазақтың этникалық территориясын біріктіру.
XV ғасырдың 70 жылдарында қазақтар Сырдария бойы және оған жалғас Қаратау өңірінің бірсыпыра территориясын басып алды. Сөйтіп қазақ хандығының территориясы әлдеқайда кеңейді, оған жан-жақтан қазақ тайпалары келіп қосылып жатты.
Алайда Сырдария жағасындағы қалалар үшін Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани ханмен күрес отыз жылдан астам уақытқа созылды.
1470 жылы қыста Қазақ ханы Керей қол бастап Түркістанға шабуыл жасады. Сауран түбінде қазақтардан соққы жеген Мұхаммед Шайбани Бұхараға қашты. Сөйтіп Сырдария жағасындағы Созақ және Сауран қалалары Қазақ хандығының құрамына кірді.
Оңтүстік Қазақстан қалалары үшін Шайбани әулетімен арадағы соғыстар Жәнібек ханнан кейін Қазақ хандығын билеген Бұрындық хан (1480-1511 жж.) тұсында да тоқтамады. Батыс Жетісудағы иеліктеріне, оңтүстіктегі өздеріне қараған қалаларға (Созақ, Сығанақ, Сауран) сүйене отырып, алғашқы қазақ хандары Дешті Қыпшақтағы өкімет билігінен дәмеленуші барлық хандарды жеңіп, өз иеліктерін ұлғайтты.
Қазақ хандығы Еділден Жайыққа дейінгі территорияны, Сырдария мен Әмудария өзендерінің аралығын, Хорасан жерін қамтыды.
Қазақ хандығының мемлекеттік құрылымы дала демократиясына негізделген монархия болды. Мемлекет басшысы – хандар саяси билік жүргізді. Олар төре тұқымынан шыққан сұлтандар арасындағы таңдау негізінде сайланып отырды.
Тезистер
- Қазақ хандығының құрылуы «жаңа мемлекеттік жүйенің» бастауы болды.
- 1457жылы Әбілқайыр хан Үз-Темір тайшы бастаған ойраттардан Түркістан өңірінде жеңіліп қалып, өз ұлысында қатал тәртіп орнатуға кіріседі.
- Оған қарсы күресті Жәнібек пен Керей басқарды.
- Қазақ хандығының құрылуына 1457 жылдан кейін Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілқайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап, Шығыс Дешті Қыпшақтан Батыс Жетісу жеріндегі Шу мен Талас өңіріне қоныс аударуы мұрындық болды.
- Ол кезде Жетісуді билеген Моғолстан ханы Есенбұға (1434-1462 жылдары билік еткен) қоныс аударған қазақтарды Әбілқайырға қарсы пайдалану үшін қарсы алып, қоныс берді.
- Алғашында Қазақ хандығының территориясы Батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алабы еді.
- Әбілқайыр хандығындағы аласапыран соғыс салдарынан күйзелген қазақ тайпалары бұл араға келіп ес жинап, етек жауып, тұрмыстарын түзей бастады.
- Жетісу рулар мен тайпалар және мемлекет бірлестігінің орталығына айналды.
- Жетісуға қоныс аударушылардың саны 200 мың адамға жетті.
- Жәнібек қазақ хандығының тұңғыш шаңырағын көтерген Барақ ханның ұлы, ал Керей оның ағасы Болат ханның баласы еді.
- Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланды (1458-1473 жж.). Одан кейін қазақ ханы болып Жәнібек сайланды (1473-1480 жж.).
- Қазақ хандығының алдында үлкен тарихи міндеттер тұрды: 1. Мал жайылымдарын пайдаланудың Дешті Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі тәртібін қалпына келтіру. 2. Шығыс пен батыс сауда керуен жолдары өтетін Сырдария жағасындағы Сығанақ, Созақ, Отырар, Яса (Түркістан) т.б. қалаларды Қазақ хандығына қарату. Себебі Сырдария бойындағы қалаларды өзінің экономикалық және әскери тірегіне айналдыру Дешті Қыпшақ даласын билеудің басты шарты болып келген. 3. Қазақ тайпаларының басын қосып, қазақтың этникалық территориясын біріктіру.
- Алайда Сырдария жағасындағы қалалар үшін Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани ханмен күрес отыз жылдан астам уақытқа созылды.
- 1470 жылы қыста Қазақ ханы Керей қол бастап Түркістанға шабуыл жасады. Сауран түбінде қазақтардан соққы жеген Мұхаммед Шайбани Бұхараға қашты. Ал Сырдария жағасындағы Созақ және Сауран қалалары Қазақ хандығының құрамына кірді.
- Оңтүстік Қазақстан қалалары үшін Шайбани әулетімен арадағы соғыстар Жәнібек ханнан кейін қазақ хандығын билеген Бұрындық хан (1480-1511 жж.) тұсында да толастамады.
- Батыс Жетісудағы иеліктеріне, оңтүстіктегі өздеріне қараған қалаларға (Созақ, Сығанақ, Сауран) сүйене отырып, алғашқы қазақ хандары Дешті Қыпшақтағы өкімет билігіне талаптанушы барлық хандарды жеңіп, өз иеліктерін ұлғайтты.
- Қазақ хандығы Еділден Жайыққа дейінгі территорияны, Сырдария мен Әмудария өзендерінің аралығын, Хорасан жерін қамтыды.
- Қазақ хандығының мемлекеттік құрылымы дала демократиясына негізделген монархия болды. Мемлекет басшысы – хандар саяси билік жүргізді. Олар төре тұқымынан шыққан сұлтандар арасындағы таңдау негізінде сайланып отырды.