Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

XVI-XVII ғасырлардағы қазақ халқының материалдық мәдениеті: баспанасы

Конспект

Жалпы мәдениетті шартты түрде екіге бөлеміз. Ол материалдық (заттай) және рухани мәдениет. Материалдық мәдениетке ұстап көруге болатын заттық дүниелерді жатқызсақ, рухани мәдениетке көзбен көріп ұстауға келмейтін рухани құндылықтарды жатқызамыз. Ұлттық материалдық мәдениетте оның дәстүрлі ерекшеліктері анық көрініс табады. Қазақтың дәстүрлі материалдық мәдениетінің ең бір көрнектісі де көнесі және үлкен бір жетістігі – киіз үй. Бүгінгі таңда киіз үйдің 2 мың жылдан астам тарихы бар екенін ғалымдар дәлелдеп отыр. Орхон-Енисей көне сына жазбаларында киіз үй ұғымын білдіретін «керагу» деген сөз кездеседі. Көне түркілердегі киіз үйдің «керегу» атауы кейінгі қазақтарда да сақталған.

Қазақ халқының негізгі баспанасы – киіз үй. Ол ағаш пен киізден жасалып, шаңырақ, уық, керегеден тұрады. Киіз үй көлемі кереге қанаттарының санына байланысты болды. Алты, сегіз, он, тіпті отыз қанатты киіз үйлер болған. Киіз үйлер бірнеше түрге бөлінді: салтанатты киіз үйлер, қарапайым баспана түріндегі киіз үйлер, шаруашылық мақсатта пайдаланылған киіз үйлер және жорық киіз үйлері. Киіз үйдің ортасында ошақ, кіреберіске қарсы құрметті орын төр орналасты. Киіз үй жиһазы ағаш пен тері, киізден жасалған бұйымдардан тұрды.

Моңғолдар керегесі бар киіз үйді түркілерден шамамен XIII ғасырда қабылдаған. XVIII-XIХ ғасырларда қазақтың сұлтандары, атақты билері екі үйді қатар тігіп, арасынан керегеден дәліз жасап екі бөлме етіп те пайдаланған. Кереге желкөз және торкөз болып екі түрге бөлінеді. Киіз үй ағаш, киіз бөліктерінен және бау-шудан тұрады.

Үйдің ағаш саймандары төрт бөліктен: кереге, уық, шаңырақ және есіктен тұрады. Кереге киіз үйдің дөңгелек қабырғасын құрайтын бірнеше жиналмалы бөліктен тұрады. Әрбір жеке бөлігі қанат деп аталады. Уық – шаңырақ пен керегенің арасына дәнекер болып тұратын иінді шыбық ағаштар. Шаңырақ – киіз үйдің төбесі. Үйдің көлеміне қарай шаңырақтың диаметрі екі жарым метрден бес метрге дейін болады. Шаңырақ иіннің бүйірінің астына қарай уықтың ұшы кіріп тұратын көздері болады. Шаңырақтың дөңгелек иінінің ортасынан жартылай томпайып келген кергіш ағаштар салынады. Бұл ағаштарды күлдіреуіш дейді. Олардың екі қызметі бар. Бірі – шаңырақты керіп тұру, екіншісі – шаңырақтың үстінен жабылатын түндік (түңлік) киіздің астына дәнекер болу. Сықырлауық – киіз үйдің ағаш есігі. Ашып-жапқанда одан шығатын дыбысқа қарай сықырлауық атанған. Бұл есік екі жармалы болады. Оны өрнектеп әшекейлеп жасайды.

Киіз үйдің киіз жамылғысы үш бөліктен тұрады: туырлық, үзік, түндік. Туырлық – үйдің кереге бөлігін айнала жауып тұратын төртбұрышты ұзын киіз. Әдетте туырлық үйдің көлеміне қарай үшеу, төртеу болады. Уықтардың үстін жауып тұратын трапеция тәрізді киіз жамылғыны үзік деп атайды. Ол екеу болады. Шаңырақты жауып тұратын төртбұрыш шағын киізді түндік (түңлік) дейді. Сонымен қатар көбінесе киіз үйдің ағаш есігінің сыртынан киіз есік тұрады. Оны түнде түсіріп, күндіз шиыршықтап маңдайшаға жинап қояды. Киіз үйдің бау-шуына желбау, аяқ бау, әртүрлі таңғыштар, бау-басқұрлар жатады. Олар тоқылып жасалады, әдемі геометриялық өрнектермен безендіріледі.

Қазақ дәстүрі бойынша киіз үйдің есігін шығысқа қаратып тіккен. Киіз үйдің іші оң жақ, сол жақ болып бөлінеді. Киіз үйдің оң-солы төрден есікке қарап отырған адамның оң-солымен есептеледі. Киіз үйдің сол жақ жоғары бөлігінде үй иесінің төсек-орны болады, одан төмен ыдыс-аяқ, саба, ас-су тұратын орын, оны кейде шимен қоршап орналастырады.Үйдің оң жақ бөлігінде бойжеткен қыздың төсегі орналасады. Қазақсондықтан бойжеткен қызды «оң жақта отырған қыз» деп атайды. Үйдің қақ төрінде жүкаяқ қойылып, үстіне жүк жиналады. Оң жақтың есікке жақын бөлігінде ер-тұрман қойылады, жүген ілінеді. Үйдің қақ ортасында ошақ болады.

Қазақстанның көпшілік өңірінде ертеден келе жатқан там үйдің бір түрі жартылай жеркепе қолданыста болған. Оларды салғанда жерді 1-1,5 м етіп тереңдетіп қазып, қабырғасын 50-60 см етіп шымнан, қам кірпіштен, тастан көтерген. Мұндай үйлерді қазба үй, жертөле немесе жер үй деп те атаған. Қам кірпіш пен күйдірілген кірпіштен құрылыс салу Оңтүстік Қазақстан өңірінде біздің заманымыздың бірінші ғасырларынан бастап XVIII ғасырға дейін жалғасқан.

Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтарында ағаш, тас кірпіштен тұрақты баспана салынған.

 

Тезистер

  • Жалпы мәдениетті шартты түрде екіге бөлеміз: материалдық (заттай) және рухани мәдениет.
  • Материалдық мәдениетке ұстап көруге болатын заттық дүниелерді жатқызсақ, рухани мәдениетке көзбен көріп ұстауға келмейтін рухани құндылықтарды жатқызамыз.
  • Қазақтың дәстүрлі материалдық мәдениетінің ең бір көрнектісі де көнесі және үлкен бір жетістігі – киіз үй.
  • Бүгінгі таңда киіз үйдің 2 мың жылдан астам тарихы бар екенін ғалымдар дәлелдеп отыр.
  • Орхон-Енисей көне сына жазбаларында киіз үй ұғымын білдіретін «керагу» деген сөз кездеседі. Көне түркілердегі киіз үйдің «керегу» атауы кейінгі қазақтарда да сақталған.
  • Қазақ халқының негізгі баспанасы – киіз үй. Ол ағаш пен киізден жасалып, шаңырақ, уық, керегеден тұрады.
  • Киіз үй көлемі кереге қанаттарының санына байланысты болды. Алты, сегіз, он, тіпті отыз қанатты киіз үйлер болған.
  • Киіз үйлер бірнеше түрге бөлінді: салтанатты киіз үйлер, қарапайым баспана түріндегі киіз үйлер, шаруашылық мақсатта пайдаланылған киіз үйлер және жорық киіз үйлері.
  • Моңғолдар керегесі бар киіз үйді түркілерден шамамен XIII ғасырда қабылдаған.
  • XVIII-XIХ ғасырларда қазақтың сұлтандары, атақты билері екі үйді қатар тігіп, арасынан керегеден дәліз жасап екі бөлме етіп те пайдаланған.
  • Кереге желкөз және торкөз болып екі түрге бөлінеді. Киіз үй ағаш, киіз бөліктерінен және бау-шудан тұрады.
  • Үйдің ағаш саймандары төрт бөліктен: кереге, уық, шаңырақ және есіктен тұрады.
  • Кереге киіз үйдің дөңгелек қабырғасын құрайтын бірнеше жиналмалы бөліктен тұрады. Әрбір жеке бөлігі қанат деп аталады.
  • Уық – шаңырақ пен керегенің арасына дәнекер болып тұратын иінді шыбық ағаштар.
  • Шаңырақ – киіз үйдің төбесі. Үйдің көлеміне қарай шаңырақтың диаметрі екі жарым метрден бес метрге дейін болады. Шаңырақ иіннің бүйірінің астына қарай уықтың ұшы кіріп тұратын көздері болады.
  • Шаңырақтың дөңгелек иінінің ортасынан жартылай томпайып келген кергіш ағаштар салынады. Бұл ағаштарды күлдіреуіш дейді. Олардың екі қызметі бар. Бірі – шаңырақты керіп тұру, екіншісі – шаңырақтың үстінен жабылатын түндік (түңлік) киіздің астына дәнекер болу.
  • Сықырлауық – киіз үйдің ағаш есігі. Ашып-жапқанда одан шығатын дыбысқа қарай сықырлауық атанған. Бұл есік екі жармалы болады.
  • Киіз үйдің киіз жамылғысы үш бөліктен тұрады: туырлық, үзік, түндік. Туырлық – үйдің кереге бөлігін айнала жауып тұратын төртбұрышты ұзын киіз. Туырлық үйдің көлеміне қарай үшеу, төртеу болады.
  • Уықтардың үстін жауып тұратын трапеция тәрізді киіз жамылғыны үзік деп атайды. Ол екеу болады.
  • Шаңырақты жауып тұратын төртбұрыш шағын киізді түндік (түңлік) дейді.
  • Сонымен қатар көбінесе киіз үйдің ағаш есігінің сыртынан киіз есік тұрады.
  • Қазақ дәстүрі бойынша киіз үйдің есігін шығысқа қаратып тіккен.
  • Үйдің қақ ортасында ошақ болады.
  • Қазақстанның көпшілік өңірінде өте ертеден келе жатқан там үйдің бір түрі – жартылай жеркепе қолданыста болған. Мұндай үйлерді қазба үй, жертөле немесе жер үй деп те атаған.
  • Қам кірпіш пен күйдірілген кірпіштен құрылыс салу Оңтүстік Қазақстан өңірінде біздің заманымыздың бірінші ғасырларынан бастап XVIII ғасырға дейін жалғасқан.
  • Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтарында ағаш, тас кірпіштен тұрақты баспана салынған.


Қате туралы хабарландыру