Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Қыпшақ этносы мен мемлекетінің қалыптасуы

Конспект

Қимақтардың басшылығындағы тайпалар одағының өзегін 656-інші жылы Батыс Түркі қағанаты құлағаннан кейін Алтай тауының солтүстік жағы мен Ертіс өңірін жайлаған қыпшақтар құрады. Алайда негізгі қыпшақ тайпаларының өзін-өзі билеуге ұмтылған талабы сегізінші ғасырдың соңында оларды қимақ мемлекетінің құрамынан бөлініп, батысқа қарай көшуге алып келді. Бірақ қыпшақтар түбірлі тәуелсіздікке жете алмады, олар сегіз-оныншы ғасырларда қимақ мемлекетінің құрамында болып, қыпшақтар тарихы қимақтар тарихымен қоса өрледі.

Мақмұд Қашқари еңбегі бойынша тоғызыншы ғасырдағы қыпшақтардың құрамына имақ, субар, қаңлы, қарабөрікті, тоқсаба, жете, бөрілі, тағы басқа рулар мен тайпалар енген.

Қимақ қағанының қол астында болған кең-байтақ жер он бірінші ғасырдың басында әулеттік елбөрі руынан шыққан хандар бастаған қыпшақ шонжарларының қолына толық көшті. Қимақ тайпалары шығысында Алтай мен Ертістен батысында Еділ мен Оңтүстік Оралға дейінгі, солтүстігінде Құлынды даласынан оңтүстігінде Балқаш көлі мен Жоңғар Алатауына дейінгі кең-байтақ жерді алып жатқаны мәлім.

Қыпшақ мемлекеті құрылуының басты себептері: он бірінші ғасырдағы Оғыз мемлекетімен соғыстар; Хорезм шахымен және Қарахан әулетімен күрес; сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Қыпшақ хандары оңтүстік бағытта ілгерілеп, Сырдарияның орта және төменгі аймағын, Арал және Каспий өңірі далаларын Қыпшақ хандығының қол астына қаратты. Қыпшақ ақсүйектері Сырдария бойы қалаларының билеушілеріне айналды. Қыпшақ хандары өз мемлекетінің шегарасын кеңейте отырып, оңтүстікте Тараз қаласының маңына дейін жетеді.

Он бірінші ғасырдың басында Қимақ қағанаты тарағаннан кейін қимақ, қыпшақ және құман тайпаларының бұрын жайлаған жерлерінде әскери-саяси жетекшілік қыпшақ хандарының қолына көшеді. Он бірінші ғасырда екінші жартысынан бастап қыпшақтардың этникалық құрамына енген негізгі тайпалар мыналар болды: қимақтар, баяндурлар, баяуттар, қаңлылар, ұран тайпалары. Әбу-әл-Ғазидің хабары бойынша Ыстықкөл мен Талас жағалауына қоныстанған қаңлылар да қыпшақтар құрамына кірген.

Қыпшақтың өкімет басына келген ақсүйектер әулеті оңтүстік және батыс бағыттарында белсенді қимыл-әрекеттерге кірісіп, Орта Азия және Оңтүстік Шығыс Еуропа мемлекеттерімен тікелей байланыс жасауға кіріседі. Осылайша Қыпшақ хандығы пайда болды.

Он бір-он екінші ғасырларда Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы түркітілдес халықтардың ішіндегі саны жағынан ең көбі қыпшақтар болды. Аймақтағы этникалық саяси ахуалдың өзгеруіне сәйкес он бірінші ғасырдың екінші жартысында жазба деректерде бұрын осы жерде аталып келген «Оғыздар даласының» (Мафазат әл-гуз) орнына Дешті Қыпшақ аты пайда болды.

Он бірінші ғасырдың ортасында Маңғыстауды, сондай-ақ оған жапсарлас жатқан аймақтарды қаратып алған қыпшақтар Хорезмнің солтүстік шегіне де жақындап келді. Сол арқылы қыпшақтардың саяси ықпалы едәуір кеңейді.  Он бірінші ғасырдың ортасында құмандардың негізгі бұқарасы мен билеуші тоқсоба және бұржоғлы руларының қол астындағы қыпшақ тайпаларының үлкен топтары Оңтүстік орыс және Қаратеніз өңірі далалары мен Византия шегараларына дейін қоныс аударған. Осы оқиғалардың нәтижесінде қыпшақ тайпаларының жері этноаумақтық екі бірлестікке: Еділ өзені бөліп жатқан елбөрілі руының хан әулеті билеген Шығыс Қыпшақ және тоқсоба рулық әулеті билеген Батыс Қыпшақ бірлестіктеріне бөлінеді. Қазіргі Қазақстан аумағының көп бөлігі Шығыс Қыпшақ ұлысы ханының билігінде болған.

Қыпшақ этникасының қазақ территориясында құрылуы аса ұзақ процесс болған, ол үш кезеңге бөлінді: Бірінші кезең, жеті-сегізінші ғасырларда Қимақ қағанатының құрамындағы қыпшақтар; Екінші кезең, сегіз-тоғызыншы ғасырларда Алтай тауларынан батыстағы Еділ өзеніне дейінгі территорияға қоныстанып, саяси үстемдік алған қыпшақтар; Үшінші кезең, он бір -он үшінші ғасырларда Шығыс ұлыстағы Қыпшақ хандығы.

Қыпшақтардың құрамына  көрші жатқан түркітілдес тайпалар да қосылған. Қыпшақтардың саяси салмағының күн санап өсуіне жатуына байланысты тайпалар мен этникалық топтар өздерінің бір этносқа жататынын саналы түрде сезе отырып, қыпшақ атын алады. Алайда қыпшақ жұртының құрылып, қалыптасуының аяққы кезеңін моңғол басқыншылығы үзіп тоқтайды.

Әскери-әкімшілік жағынан Қыпшақ хандығы көне түркі дәстүрлерін сақтап, екі қанатқа бөлінген. Оң қанаты ордасымен Жайық өзені бойында, Сарайшық қаласының орнында, сол қанаты ордасымен Сығанақ қаласында тұрған. Оң қанат екіншісінен күштірек болған. Орда деп аталатын хан ордасында ханның мал-мүлкі мен әскерін басқарған ханның басқару апараты орналасты. Қыпшақ хандарының билігі әкесінен баласына мұраға қалып отырған. Елбөрілі әулеттік ру саналған, хандар солардан шыққан.

Билеуші ақсүйек топтарының (хандар, тархандар, басқақтар, югурлар, бектер мен байлар) қатал иерархиялық жүйесі айқын көрініп отырған, бұған қоса рулар мен тайпалардың өзі де әлеуметтік маңызына қарай бөлінген.

Қыпшақ қоғамы әлеуметтік және сословиелік, яғни таптық жағынан тең болған жоқ. Негізгі теңсіздік малға жекеменшік еді. Жылқы басты байлық саналды. Орта ғасырлардағы авторлардың хабарлағанындай қыпшақтар елінде көптеген адам бірнеше мың жылқы, ал олардың кейбіреулері он мың және одан да көп үйірлі жылқыны иеленген.

Төменгі топқа малы аз шаруалар жатса, ал қолға түскен тұтқындар құл ретіңде пайдаланылды, олардың ешқандай құқы болмаған. Ондайлар Орта Азия, Шығыс елдеріне құлдыққа сатылып отырған. Шежіреде қыпшақ мемлекетінде қарапайым адамдарды «ерлер» деп атаған. Олар заң жүзінде ерікті болғанымен іс жүзінде үстем тап өкілдеріне тәуелді болған. «Ерлерден» хан есебінде жасақтар құрылды. Махмұд Қашғаридің жазуы бойынша малы жоқ кедейлер жатақтар деп аталып, көп жағдайда олар ханның немесе үстем тап өкілдеріне тәуелді болған.

Қыпшақ хандығы қалыптасқан ерте феодалдық мемлекет болды, ол Көне Түркі мемлекетінің дәстүрін дамытып, жалғастырды.

Шыңғыс хан империясының батыс бөлігіндегі Жошы ұлысын (Алтын Орда) тарихшылар Дешті Қыпшақ деп атады. Он үш -он төртінші ғасырларда Қыпшақ сөзі жалпы «түркі» ұғымын алмастырып, Алтын Ордадағы саудагерлер үшін қыпшақ сөздігі «Кодекс Куманикус» шығарылды. Алтын Орда ыдырағаннан кейін Қыпшақ жері көптеген ұлыстарға бөлініп кетті.

Қыпшақ көшпелі қоғамы өркениетінің өзіндік ерекшелігі  оларда байланыс желісінің жетілгені болды. Қыпшақтар елінде қолданылған коммуникациялық байланыстар жүйесі сол кездің «техникалық» прогресінің ең жоғарғы талаптарына сай келетін.  

Қыпшақ хандығында мемлекеттік істер жүргізіліп, ақсүйектер көршілес және алыстағы елдердің билеушілерімен хат жазысып отырған. Қыпшақтардың мұсылман дінін қабылдауы олардың мәдени-әлеуметтік дамуының жоғары деңгейін көрсетеді.

 

Тезистер

  • Қимақтардың басшылығындағы тайпалар одағының өзегін 656 жылы Батыс Түркі қағанаты құлағаннан кейін Алтай тауының солтүстік жағы мен Ертіс өңірін жайлаған қыпшақтар құрады. 
  • VIII-X ғғ. Қимақ мемлекетінің құрамында болып, қыпшақтар тарихы қимақтар тарихымен қоса өрледі.
  • Мақмұд Қашқари еңбегі бойынша IX ғасырдағы қыпшақтардың құрамына имақ, субар, қаңлы, қарабөрікті, тоқсаба, жете, бөрілі, т.б. рулар мен тайпалар енген.
  • Қимақ тайпалары шығысында Алтай мен Ертістен, батысында Еділ мен Оңтүстік Оралға дейінгі, солтүстігінде Құлынды даласынан оңтүстігінде Балқаш көлі мен Жоңғар Алатауына дейінгі кең-байтақ жерді алып жатқан. 
  • Қыпшақ хандары өз мемлекетінің шегарасын кеңейте отырып, оңтүстікте Тараз қаласының маңына дейін жетеді. 
  • XI ғасырдың басында Қимақ қағанаты тарағаннан кейін, қимақ, қыпшақ және құман тайпаларының бұрын жайлаған жерлерінде әскери-саяси жетекшілік қыпшақ хандарының қолына көшеді. 
  • Қыпшақ хандығы (XI ғ.-1219 ж.) пайда болды. 
  • XI-XII ғғ. Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы түркітілдес халықтардың ішіндегі саны жағынан ең көбі қыпшақтар болды. 
  • XI ғ. екінші жартысында жазба деректерде бұрын осы жерде аталып келген «Оғыздар даласының» (Мафазат әл-гуз) орнына Дешті Қыпшақ аты пайда болды. 
  • Қыпшақ тайпаларының жері этноаумақтық екі бірлестікке: Еділ өзені бөліп жатқан елбөрілі руының хан әулеті билеген Шығыс Қыпшақ және тоқсоба рулық әулеті билеген Батыс Қыпшақ бірлестіктеріне бөлінеді. 
  • Қазіргі Қазақстан аумағының көп бөлігі Шығыс Қыпшақ ұлысы ханының билігінде болған.
  • Қыпшақ этникасының қазақ территориясында құрылуы аса ұзақ процесс болған, ол үш кезеңге бөлінді: 1. VII-VIII ғғ. Қимақ қағанатының құрамындағы қыпшақтар; 2. VIII-IX ғғ. Алтай тауларынан батыстағы Еділ өзеніне дейінгі территорияға қоныстанып, саяси үстемдік алған қыпшақтар; 3. XI-XIII ғғ. Шығыс ұлыстағы Қыпшақ хандығы. 
  • Қыпшақтардың саяси салмағының күн санап өсуіне байланысты тайпалар мен этникалық топтар өздерінің бір этносқа жататынын саналы түрде сезе отырып, қыпшақ атын алады. 
  • Алайда қыпшақ жұртының құрылып, қалыптасуының аяққы кезеңін моңғол басқыншылығы үзеді.
  • Әскери-әкімшілік жағынан Қыпшақ хандығы көне түрік дәстүрлерін сақтап, екі қанатқа бөлінген. 
  • Оң қанаты ордасымен Жайық өзені бойында, Сарайшық қаласының орнында, сол қанат ордасымен Сығанақ қаласында тұрған. Оң қанат екіншісінен күштірек болған. 
  • Орда деп аталатын хан ордасында ханның мал-мүлкі мен әскерін басқарған ханның басқару аппараты орналасты. Қыпшақ хандарының билігі әкесінен баласына мұраға қалып отырған. Елбөрілі әулеттік ру саналған, хандар солардан шыққан.
  • Билеуші ақсүйек топтарының (хандар, тархандар, басқақтар, югурлар, бектер мен байлар) қатал иерархиялық жүйесі айқын көрініп отырған, бұған қоса рулар мен тайпалардың өзі де әлеуметтік маңызына қарай бөлінген. 
  • Негізгі теңсіздік малға жекеменшік еді. Жылқы басты байлық саналды.
  • Шежіреде қыпшақ мемлекетінде қарапайым адамдарды «ерлер» деп атаған. Олар заң жүзінде ерікті болғанымен іс жүзінде үстем тап өкілдеріне тәуелді болған. 
  • Қыпшақ хандығы қалыптасқан ерте феодалдық мемлекет болды, ол Көне Түркі мемлекетінің дәстүрін дамытып, жалғастырды.
  • Шыңғыс хан империясының батыс бөлігіндегі Жошы ұлысын (Алтын Орда) тарихшылар Дешті Қыпшақ деп атады. 
  • Алтын Ордадағы саудагерлер үшін қыпшақ сөздігі  «Кодекс Куманикус» шығарылды. 
  • Алтын Орда ыдырағаннан кейін Қыпшақ жері көптеген ұлыстарға бөлініп кетті.


Қате туралы хабарландыру