iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Ұлы Жібек жолының қалыптасуы және оның түркі бөлігі мен тармақтары
Ұлы Жібек жолының пайда болу тарихына үңілсек, осынау тарихи жолдың жібек саудасына байланысты «Жібек жолы» атанғаны түсінікті. Ал «Ұлы» сөзінің оған қосылуы жолдың кең байтақ Шығыс пен Батыс өлкелерін байланыстыруында болды. Сондықтан бұл жол «Ұлы Жібек жолы» деп аталды.
Біздің заманымыздан бұрынғы екінші ғасырдың орта шенінде Жібек жолы елшіліктің және сауда-саттықтың тұрақты желісі ретінде қызмет атқара бастайды.
Ұлы Жібек жолының тарихи маңызын атап көрсетсек:
- мұсылмандық діни орындар (мешіт, шығыс моншалары, ғибадатханалар, мавзолейлер тағы басқа) салынды;
- жер жаһанның барлық территориясын белгілі бір дәрежеде қамтыды;
- әлемдік өркениеттер осы осы жол арқылы бір-бірімен ассимиляцияға түсе отырып, жаңа саяси-мәдени өркениеттердің қалыптасуына әсерін тигізді.
Ұлы Жібек жолының басы Қытай жеріндегі Хуанхэ өзенінің аңғарындағы аймақтан басталады. Ол Ұлы Қытай қорғанының батыс шетінен өтіп, Іле мен Ыстықкөлге жетеді. Керуен жолдары алғаш рет император Удидің тапсыруымен батысқа саяхат жасайды, бұл жолмен дипломат Чзян-Цянь жүріп өтеді. Қытай елшісінің соңынан іле-шала жібек артқан керуендер батысқа қарай бет алады. Уақыт өткен сайын керуен жолдарының тармақтары жергілікті саяси-экономикалық жағдайларға байланысты жанданып немесе керісінше құлдырау кезеңдерін басынан кешіріп отырған.
Алтыншы ғасырдың екінші жартысында Ұлы Жібек жолы Кореядан Қаратеңізге дейін созылып жатқан орасан зор, көшпелі империя Түркі қағанатының құрамына енеді. Алтыншы ғасырдың соңғы кезеңінде Ұлы Жібек жолының Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанды қамтитын бөлігі өзгеше жанданып, осы аймақтағы қала мәдениетін өркендетуге көп көмегін тигізеді. Жетісуда ол бірқатар қалалық орталықтың тууына әсер етсе, Қазақстанның оңтүстігінде қалалардың тез көркеюіне себепші болады. Орта Азия арқылы Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуға келген сауда жолы он төртінші ғасырға дейін Қытайға баратын теңіз жолы игеріліп, бұрынғы көне жолдың жұлдызы сөнгенге дейін жұмыс істейді.
Жетінші-он төртінші ғасырларда елшілік сауда керуендерінің дені Жібек жолымен жүретін. Сан ғасырлар бойы тынымсыз өзгеріп отырған оның бір бөлігі айрықша маңызға ие болып, көркейіп жатса, екінші бір бөлігі жабылып, ондағы қалалар мен сауда бекеттері қаңырап бос қалып отырған.
Он бір-он екінші ғасырларда Қытайдан шығып, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан арқылы батысқа қарай өтетін жол бәрінен де ерекше жанданады. Жолдың бұлай ауытқуын бірнеше себеппен түсіндіруге болады: біріншіден, Жетісуда Орта Азиямен жүретін сауда жолдарын бақылайтын Түркі қағандарының ордалары болатын; екіншіден, Ферғана арқылы жүретін жол жетінші ғасырда ішкі қырқыс салдарынан қауіпті болған еді; үшіншіден, аса бай түркі қағандары мен олардың айналасындағылар жолды аса көп пайдаланатындар қатарынан саналатын.
Жетісу жерінен Шығысқа шығатын Ұлы Жібек жолының бірнеше бағыты болған:
1. Оңтүстік-батыс Жетісу бағыты: Тараз – Алматы – Шелек – Сүмбе – Жаркент арқылы шығысқа шықты.
2. Солтүстік-шығыс бағыт: Алматы – Қапшағай – Шеңгелді – Алтынемел – Дүнгене – Қойлық қалаларын басып өтіп, Алакөл жанымен Жоңгар қақпасы арқылы Қытайға шықты.
3. Үшінші бағыт: Тараздан шығып Сарқан жері арқылы – Қазақстанның солтүсік-шығысына бет алады. Бұл жол Құлан – Хантау – Балатопар – Айнабұлақ бекеттерін басып өтеді.
Оңтүстік Қазақстан – Ұлы Жібек жолының батысқа шығатын қақпасы. Жібек жолы Жетісу арқылы тартылған бағыттармен Таразда түйісіп, Испиджабқа келіп екі тармаққа бөлінеді.
1. Оңтүстік-батыс бағыт: Испиджаб – Шаш Самарқан – Бұхара қалалары арқылы Батысқа шығады.
2. Испиджаб – Шымкент – Отырар – Түркістан – Сауран – Сығанақ – Баршынкент. Баршынкенттен жол екіге бөлінеді: біріншісі Хорезмге бағытталды, екіншісі Жанкент – Арал теңізінің солтүстігі және Каспий теңізінің солтүстік-шығысы арқылы батысқа бет алды.
Отырар – керуен жолдары торабында орналасқан қала. Отырардан шыққан бір жол – Шауғарға, екіншісі – Васидж қаласына барған. Васидждан шыққан жол Сырдың бойымен жоғары өрлеп Сүткент арқылы Шашқа, екіншісі төмен қарай Жент қаласына жеткен.
Жібек жолының Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу арқылы өтетін негізгі арқауынан жол тарамдалып, терістік пен шығысқа, Орталық және Шығыс Қазақстан аудандарынан кейін Сарыарқа атымен мәлім болған Шығыс Дешті Қыпшаққа, Ертіс жағалауымен Алтайға, Моңғолияға асып кетеді екен. Осы арамен көшпелі тайпалар жүретін дала жолы өткен. Сөйтіп малға, жүн мен теріге, металға бай Орталық Қазақстан аймағы сауда-саттық байланыс жүйесіне, оның ішінде халықаралық жүйеге тартылып, көптеген керуен сүрлеулері арқылы Жібек жолы торабымен тоғысады.
Жолдың өзге бір желісі Теріскей-Іледегі Шеңгелді маңынан шығып, Көктал мен Бояулы керуен сарайлары арқылы Балқаш өңіріне шығып, одан әрі Ұлытау жоталарына кеткен.
Теріскей-Іле жолының бір желісі Алакөлді батыс жағынан айналып өтіп, Тарбағатай арқылы Ертіске, қимақтар мемлекетінің жеріне жеткен. Тарбағатайда, Ертіс жағалауында Қимақ мемлекетінің Банджар, Ханауыш, Астүр, Сисан секілді қалалары және айналасы бекіністі қамалмен қоршалған, қақпалары темірмен құрсалған орасан зор қала – «Қағандар астанасы» орналасқан еді. Қимақ қалалары сауда жолдары арқылы Енисейдегі қырғыз, Моңғолиядағы ұйғыр қалаларымен, Шығыс Түркістанның аймақтарымен байланысып отырған.
Тезистер
- Ұлы Жібек жолының пайда болу тарихына үңілсек, осынау тарихи жолдың жібек саудасына байланысты «Жібек жолы» атанғаны түсінікті. Ал «Ұлы» сөзінің оған қосылуы жолдың кең-байтақ Шығыс өлкелері мен Батыс өлкелерін байланыстыруында болды. Сондықтан бұл жол «Ұлы Жібек жолы» деп аталды.
- Б.з.б. ІІ ғасырдың орта шенінде Жібек жолы елшіліктің және сауда-саттықтың тұрақты желісі ретінде қызмет атқара бастайды.
- Ұлы Жібек жолыныың тарихи маңызы:
- мұсылмандық діни орындардың (мешіт, шығыс моншалары, ғибадатханалар, мавзолейлер т.б.) салынды;
- жер жаһанның барлық территориясын белгілі дәрежеде қамтыды;
- жаңа саяси-мәдени өркениеттердің қалыптасуына әсерін тигізді.
- Ұлы Жібек жолының басы Қытай жеріндегі Хуанхэ өзенінің аңғарындағы аймақтан басталды.
- Керуен жолдары алғаш рет император Удидің тапсыруымен батысқа саяхат жасаған, бұл жолмен дипломат Чзян-Цянь жүріп өтеді.
- Уақыт өткен сайын керуен жолдарының тармақтары жергілікті саяси-экономикалық жағдайларға қарай жанданып немесе керісінше құлдырау кезеңдерін басынан кешіріп отырған.
- VI ғасырдың екінші жартысында Ұлы Жібек жолы Кореядан Қаратеңізге дейін созылып жатқан, орасан зор көшпелі империя Түркі қағанатының құрамына енеді.
- VI ғасырдың соңғы кезеңінде Ұлы Жібек жолының Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанды қамтитын бөлігі өзгеше жанданып, осы аймақта қала мәдениетін өркендетуге көп көмегін тигізеді.
- Орта Азия арқылы Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуға келген сауда жолы ХІV ғасырға дейін Қытайға баратын теңіз жолы игеріліп, бұрынғы көне жолдың жұлдызы сөнгенге дейін жұмыс істейді.
- ХІ-ХІІ ғасырларда Қытайдан шығып, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан арқылы батысқа қарай өтетін жол бәрінен де жанданып кетеді.
- Жетісу жерінен Шығысқа шығатын Ұлы Жібек жолының бірнеше бағыты болған:
1. Оңтүстік-батыс Жетісу бағыты: Тараз – Алматы – Шелек – Сүмбе – Жаркент арқылы шығысқа шықты.
2. Солтүстік-шығыс бағыт: Алматы – Қапшағай – Шеңгелді – Алтынемел – Дүнгене – Қойлық қалаларын басып өтіп, Алакөл жанымен Жоңгар қақпасы арқылы Қытайға шықты.
3. Үшінші бағыт: Тараздан шығып Сарқан жері арқылы – Қазақстанның солтүсік-шығысына бет алады. Бұл жол Құлан – Хантау – Балатопар – Айнабұлақ бекеттерін басып өтеді.
- Оңтүстік Қазақстан – Ұлы Жібек жолының батысқа шығатын қақпасы.
- Жібек жолы Жетісу арқылы тартылған бағыттармен Таразда түйісіп, Испиджабқа келіп екі тармаққа бөлінеді:
1. Оңтүстік-батыс бағыт: Испиджаб – Шаш – Самарқан – Бұхара қалалары арқылы Батысқа шығады.
2. Испиджаб – Шымкент – Отырар – Түркістан – Сауран – Сығанақ – Баршынкент. Баршынкенттен жол екіге бөлінеді: біріншісі Хорезмге бағытталды, екіншісі Жанкент – Арал теңізінің солтүстігі және Каспий теңізінің солтүстік-шығысы арқылы батысқа бет алды.
- Жібек жолының Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу арқылы өтетін негізгі арқауынан жол тарамдалып, терістік пен шығысқа, Орталық және Шығыс Қазақстан аудандарынан кейін Сарыарқа атымен мәлім болған Шығыс Дешті Қыпшаққа, Ертіс жағалауымен Алтайға, Моңғолияға асып кетеді екен.
- Теріскей-Іле жолының бір желісі Алакөлді батыс жағынан айналып өтіп, Тарбағатай арқылы Ертіске, Қимақ мемлекетінің жеріне жеткен.
- Қимақ қалалары сауда жолдары арқылы Енисейдегі қырғыз, Моңғолиядағы ұйғыр қалаларымен, Шығыс Түркістанның аймақтарымен байланысып отырған.