Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Сақ тайпалары және олардың тәуелсіздік үшін күресі

Конспект

Б.з.б. 530 жылы сақ жеріне Кир бастаған парсы әскері басып кірді. Бұл кезде сақтардың билеушісі Томирис еді. Кир әскерлерімен Сырдарияға дейін келіп, өз елшілерін Томириске жібереді. Бірақ Томирис «әйел болса да, жаудың шапқыншылығынан қорыққан жоқ» деп жазды Рим тарихшысы Помпей Трог. Сақ патшайымы Томирис келіссөз жүргізуден бас тартады.

Өз жерінде соғысу қолайлы деп есептеп, Томирис парсылардың судан өтуіне  мүмкіндік береді. Кир өзеннен өткен соң қорыққан болып, лагерін тастап, қаша бастаған сыңай танытып, қулыққа басады. Томиристің баласы Спаргапис жаудың соңынан қуып, Кирдің қақпанына түсіп қалады. Баласының қайтыс болғанын естіп, Томирис көп әскермен Кирге аттанады. Ол да қулыққа көшті. Осындай ауыр соққыдан кейін өз әскеріне сенімі жоғалғандай болып, жаудан қашады. Рим тарихшысы Помпей Трог «Кирді өзінің әскері жасырынған тау шатқалына алып келеді, сол жерде патшасымен бірге 200 мың парсыны жойып жібереді. Тіпті, парсылардың жеңіліске ұшырағанын хабарлайтын жаушы да қалдырмады» деп жазды. Геродоттың сипаттауынша «Басында әскерлер садақпен атысады. Садақ оғы біткеннен кейін жекпе-жекке шығып, қылыш және найзамен соғысады. Нәтижесінде массагеттер жеңіп шығады. Парсы жауынгерлерінің көбі  қырылып, Кир өледі».

Кир қайтыс болғаннан кейін 11 жыл өткен соң б.з.б. 519 жылы парсылар қайта шабуыл жасайды. Бұл жорықты Дарий патша басқарады. «Мен әскеріммен сақ жеріне жорыққа шықтым» деген Дарийдің сөздері Бехистун жазбаларында айтылады. Сақтарды Скунха атты көсем басқарады. Скунха соғыста жеңіліп, парсы әскері Сырдариядан өтеді.

Сақтардың ата-бабаның аруағына сиыну және оларды ерекше құрмет тұту дәстүрі оларды соғыс кезінде жігерлендіріп отырды. Парсыларға тоқтап ұрыс салмай қаша соғысып жүрген сақтарға Дарийдің «Неге тоқтап, бір соғыс алаңын жасап соғыспайсыңдар?» деген сұрағына сақтардың қолбасшысы Идантирис былай дейді «Біздің кең-байтақ даламызда ата-бабаларымыздың зираттары бар, сендер соларға тиісіп көріңіздерші, сонда біздің қандай ұрыс жасайтынымызды көресіңдер!»

Грек тарихшысы Полиэн таңғажайып ерлікті былай баяндайды: «Шырақ есімді бір сақ өзінің денесін пышақпен жаралап, парсыларға қашып барып, өзін сақ көсемдерінен жәбір көрген етіп көрсетеді. Парсы әскерлерін оларға бастап барамын деп алдап, адастырып, сусыз шөлге апарады. Парсы әскерлері шөлден қырылады. Шырақ парсылардан осылай кек алады. Шырақ сияқты жауынгерлердің арқасында сақтар өз тәуелсіздігін сақтап қалады.

Алайда ұзақ жылғы соғыста сақтардың біраз жері парсылардың қол астында қалып қойған еді. Олар алым-салық төлеп, парсылармен бірігіп соғысуға өз әскерлерін жіберіп тұрды. Мысалы, б.з.б. 490 жылы Марафон шайқасында парсы әскерінің құрамында гректерге қарсы сақ жауынгерлері де соғысты. Сақтар парсы әскерлерімен қосылып, Мысырдағы, Грекиядағы соғыстарға қатысты.

Б.з.б. 4-ғасырда гректер сақ жеріне қауіп төндірді. Александр Македонский (Ескендір Зұлқарнайын) бастаған грек әскері Орта Азияға басып кіріп, Сырдария өңіріне қарай аттанады. «Жеңілмейтін әскер» атанып келген Александрдың қалың қолына сақ тайпалары қарсы тұрып, олардың алға жылжуына кедергі жасаған.

Грек-македон басқыншыларына қарсы күресті Спитамен атты сақ басқарды. Ол македон әскеріне 3 жыл бойы қарсы партизан соғысын жүргізді. Ежелгі грек тарихшысы Арриан қолбасшы Александр Македонскийдің Сырдариядан жүзіп өтіп, сақтарға қалай шабуыл жасағаны туралы жазады. Бұл шабуылдан грек әскеріне қауіп төніп, олар қырғынға ұшырай жаздады. Күннің ыстығы, сақтардың жиі-жиі шабуылдауы мен соғысу тактикасы гректерді әбден әлсіретті.

Осылайша Александр Македонскийдің Сырдарияның арғы жағын мекендейтін сақ тайпаларын бағындыру үшін жасаған жорығы сәтсіз аяқталды. Сақтар оның Шығысқа қарай жүретін жолын бөгеп тастады.

 

Тезистер

  • Б.з.б. 530 жылы сақ жеріне Кир бастаған парсы әскері басып кірді.
  • Бұл кезде сақтардың билеушісі Томирис еді.
  • Рим тарихшысы Помпей Трог Томирис «әйел болса да, жаудың шапқыншылығынан қорыққан жоқ» деп жазды.
  • Томиристің баласы Спаргапис Кирдің қақпанына түсіп қалады.
  • Томирис Кирді өзініңәскері жасырынған тау шатқалына алып келеді, сол жерде патшасымен бірге 200 мың парсыны жойып жібереді.
  • Рим тарихшысы Помпей Трог парсылардың жеңіліске ұшырағанын хабарлайтын жаушы да қалмағанын жазды
  • Геродоттың сипаттауынша «Басында әскерлер садақпен атысады. Садақ оғы біткеннен кейін жекпе-жекке шығып, қылыш және найзамен соғысады. Нәтижесінде массагеттер жеңіп шығады».
  • Б.з.б. 530 жылы Кир өледі.
  • Кир қайтыс болғаннан кейін 11 жыл өткен соң б.з.б. 519 жылы Дарий патша басқарған парсылар қайта шабуыл жасайды.
  • Дарий Бехистун жазбаларында «Мен әскеріммен сақ жеріне жорыққа шықтым» деп жазды.
  • Сақтарды Скунха атты көсемі басқарады.
  • Сақтардың ата-бабаның аруағына сиыну, оларға ерекше құрмет көрсету дәстүрі оларды шайқастарда жігерлендіріп отырды.
  • Грек тарихшысы Полиэн Шырақтың таңғажайып ерлігін баяндайды.
  • Парсы әскерлері шөлден қырылады.
  • Шырақ сияқты жауынгерлердің арқасында сақтар өз тәуелсіздігін сақтап қалады.
  • Б.з.б. 490 жылы Марафон шайқасында парсы әскерінің құрамында гректерге қарсы сақ жауынгерлері де соғысты.
  • Сақтар парсы әскерлерімен  қосылып, Мысырдағы, Грекиядағы соғыстарға қатысты.
  • Б.з.б. 4-ғасырда гректер сақ жеріне қауіп төндірді. Александр Македонский (Ескендір Зұлқарнайын) бастаған грек әскері Орта Азияға басып кірді.
  • «Жеңілмейтін әскер» атанып келген Александрдың қалың қолына сақ тайпалары қарсы тұрып, олардың алға жылжуына кедергі жасаған.
  • Грек-македон басқыншыларына қарсы күресті Спитамен атты сақ басқарды.
  • Ежелгі грек тарихшысы Арриан Александр Македонскийдің Сырдариядан жүзіп өтіп, сақтарға қалай шабуыл жасағаны туралы жазды.
  • Күннің ыстығы, сақтардың жиі-жиі шабуылдауы мен соғысу тактикасы гректерді әбден әлсіретті.
  • Александр Македонскийдің Сырдарияның арғы жағынан мекендейтін  сақ тайпаларын бағындыру үшін жасаған жорығы сәтсіз аяқталды.
  • Сақтар оның Шығысқа қарай жүретін жолын бөгеп тастады.


Қате туралы хабарландыру