Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Сармат тайпалары және олардың археологиялық ескерткіштері

Конспект

Сармат тайпаларының қалыптасуы өте ерте заманнан басталады. Бұл тайпаның аты б.з.б. III ғ. бастап тарихқа кірген. Сармат тайпалар одағы Батыс Қазақстан өңірінде өмір сүрген.

Олар б.з.б. үшінші және б.з. төртінші ғасыр аралығында Тобыл мен Дунай аралығын мекендеген. Олар алғашында, б.з.б. VIII ғасырда «савроматтар» деп аталған. Б.з.б. II ғасырдан бастап ірі саяси одаққа бірігіп, Оңтүстік Орал, Еділ бойына, Қазақстанның батыс аумағына қоныстанған. Б.з. IV ғ. ғұндардан жеңіліп, батысқа қарай қоныс аударған.

Сарматтардың саяси одағының батыс тобы Солтүстік Кавказ, Солтүстік Қара теңіз жағалауы елдерінің ежелгі тарихында елеулі рөл атқарды. Б.з.б. II-I ғасырларда олар Скифияның көп бөлігін жаулап алып, Қырым мен Солтүстік Қара теңіздегі антикалық қалаларға қоныстанған.

Сарматтардың шығыс тобының Орталық Азия мен Хорезм, Сырдария бойы сақтарымен байланысты болды. Жауынгер сармат тайпалары дах (дай) массагеттермен туыс болған. Сарматтардың тілі иран тілінен түрік тіліне ауысқан. Сарматтардың құрамында роксоландар, аландар, аорстар, сирактар т.б. тайпалар болған.

Б.з.б I мыңжылдықтың орта шеніндегі тайпалық одақтар мемлекеттіліктің тууының алғашқы сатысы болды. Сармат қоғамының жоғарғы сатысында сайланып қойылатын тайпа көсемдері, шонжарлар, абыздар, салт атты жауынгерлер тұрды. Ал төменгі сатысында тәуелді адамдар: малшылар, қызметшілер, құлдар тұрды.

Сайланып қойылатын көсемдердің қолына азаматтық және әскери билік шоғырланды, әскери жасақтар құрылды. Алғашқы рулық қатынастардың ыдырау заманын әскери демократия кезеңі деп атайды. Рулық қоғам енді әскери-демократиялық құрылымға тән қоғамдық билік пен басқарудың ұйымдастыру түріне айналды.

 

Сарматтардың қоғамдық құрылымы

Алғашық қауымдық құрылыс ыдырап, таптық қоғам қалыптасты.

Әскери демократия жетілді.

Сармат қоғамында әскери демократия әйелдерге де қатысты болды.

 

Археологиялық деректер сарматтарда әлеуметтік теңсіздік болғанын көрсетеді. Алғашқы қауым кезінде сарматтардың құқықтары бірдей болса, ал әскери демократияның заманында қауымның ішкі, сыртқы мәселелерін тек әскербасшылар мен қолбасшылар шешетін. Олар қарапайым қауым мүшелерімен санаспады және қатардағы қауым мүшелерін қанап отырды.

Сарматтардың мәдениеті даму деңгейі тұрғысынан үш кезеңді қамтиды. Біріншісі – көне сармат кезеңі, екіншісі – ортаңғы сармат кезеңі, үшіншісі – кейінгі сармат кезеңі.

Археологтар Ақтөбе облысы аумағында орналасқан Бесоба қорымынан абыз әйелдер жерленген обаны тапты. Бұл қабірге жерленген екі әйел де шалқаларынан жатқызылып, бастары оңтүстік-батысқа қаратылған. Олардың жандарына қажетті деген заттары, қолайна, алтын сырғалары, моншақ және тістері ақсиған қасқыр бейнесі бар үш аяқты шырағдан қойылған.

Б.з.б. II-IV ғасырларға тиесілі сарматтардың аса ірі археологиялық ескерткіші – жерлеу орындары Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданынан табылған. Олар кейінгі сарматтар мәдениетіне жатады. Қабірде алтын жапсырмалармен әшекейленген көйлекпен жерленген әйел адам жатыр.

Сармат ескерткіштерінің бірі Батыс Қазақстан жерінен табылған Сынтас қорымы болды. Қорымның бірінші обасы бөренелермен шатырланып салынған. Бұл обаның ішінде үш сармат жауынгері жерленген.

Кейінгі сармат кезеңіне қатысты Атырау облысы Жылыой ауданында табылған Аралтөбе ескерткішінен үш оба қазылған. Қабірден көсемнің қару-жарағы, әшекейлі бұйымдар, абыз асатаяғының бөліктері, шыны моншақ, жебе, қанжар сынықтары табылды. Көсемнің киім-кешегі өте бай, асыл бұйымдармен, алтын әшекейлермен безендірілген. Сарматтар қыш ыдыстар, сақина, білезік сияқты әшекей заттар жасаған.

III-V ғғ. зергерлік өнерге түсті металдардың ішінен алтынды көп қолданған. Осы кезде Қазақстан жерін мекендеген тайпалардың арасында зергерлік өнерде «полихромдық стиль» кең тарады. Қазақстанда бұл стильдің екі түрі дамыды: безендіру, зерлеу әдістері. Сондықтан да «полихромдық стиль» б.з. бірінші мыңжылдықтың басында туды деген болжам бар. Сармат тайпалары Еуразияның саяси-экономикалық және мәдени өмірінде елеулі рөл атқарған одақтар мен мемлекеттер құрамына кірді.

 

Тезистер

  • Сармат тайпасының аты б.з б. III ғ. бастап тарихқа кірген.
  • Сармат тайпалары алғашында, б.з.б. VIII ғасырда «савроматтар» деп аталған.
  • Сармат тайпалар одағы Батыс Қазақстан өңірінде б.з.б. III және б.з. IV ғасыр аралығында Тобыл мен Дунай арасын мекендеген.
  • Сармат тайпалары б.з.б. II ғасырдан бастап ірі саяси одаққа бірігіп, Оңтүстік Орал, Еділ бойына, Қазақстанның батыс аумағына қоныстанған.
  • Б.з. IV ғ. ғұндардан жеңіліп, батысқа қарай қоныс аударған.
  • Сарматтардың саяси одағының батыс тобы б.з.б. II-I ғасырларда Солтүстік Кавказ, Солтүстік Қара теңіз жағалауын, Скифияның көп бөлігін жаулап алып, Қырыммен Солтүстік Қара теңіздегі антикалық қалаларға қоныстанған.
  • Сарматтардың шығыс тобының Орталық Азия мен Хорезм, Сырдария бойы сақтарымен байланысы болды.
  • Жауынгер сармат тайпалары дах (дай) массагеттермен туыс болған.
  • Сарматтардың тілі иран тілінен түрік тіліне ауысқан.
  • Сарматтардың құрамында роксоландар, аландар, аорстар, сирактар т.б. тайпалар болған.
  • Сармат қоғамының жоғарғы сатысында сайланып қойылатын тайпа көсемдері, шонжарлар, абыздар, салт атты жауынгерлер тұрды.
  • Сармат қоғамының төменгі сатысында тәуелді адамдар: малшылар, қызметшілер, құлдар тұрды.
  • Сайланып қойылатын көсемдердің қолына азаматтық және әскери билік шоғырланды, әскери жасақтар құрылды.
  • Алғашқы рулық қатынастардың ыдырау заманын әскери демократия кезеңі деп атайды.
  • Алғашқы қауымдық құрылыс ыдырап, таптық қоғам қалыптасты.
  • Рулық қоғам енді әскери-демократиялық құрылымға тән қоғамдық билік пен басқарудың ұйымдастыру түріне айналды.
  • Археологиялық деректер сарматтарда әлеуметтік теңсіздік болғанын көрсетеді.
  • Алғашқы қауым кезінде сарматтардың құқықтары бірдей болса, ал әскери демократияның заманында қауымның ішкі, сыртқы мәселелерін тек әскербасшылар мен қолбасшылар шешті.
  • Олар қарапайым қауым мүшелерімен санаспады, қатардағы қауым мүшелерін қанап отырды.
  • Сарматтардың мәдениеті даму деңгейі тұрғысынан үш кезеңді қамтиды. Біріншісі – көне сармат кезеңі, екіншісі – ортаңғы сармат кезеңі, үшіншісі – кейінгі сармат кезеңі.
  • Археологтар Ақтөбе облысы аумағында орналасқан Бесоба қорымынан абыз әйелдер жерленген обаны тапты.
  • Б.з.б. II-IV ғасырларға тиесілі сарматтардың аса ірі археологиялық ескерткіші – жерлеу орындары Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданынан табылған.
  • Батыс Қазақстан жерінен Сынтас қорымы табылды.
  • Атырау облысы Жылыой ауданында табылған Аралтөбе ескерткішінен үш оба қазылған.
  • Осы кезде Қазақстан жерін мекендеген тайпалардың арасында зергерлік өнерде «полихромдық стиль» кең тарады.
  • Қазақстанда полихромдық стильдің екі түрі дамыды: безендіру, зерлеу әдістері. Сондықтан да «полихромдық стиль» б.з. бірінші мыңжылдықтың басында туды деген болжам бар.


Қате туралы хабарландыру