Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Шығыс деректеріндегі тайпа одақтары мен ежелгі мемлекеттік бірлестіктер

Конспект

Ежелгі Қазақстан тарихы жөнінде жазбаша деректемелер бізге көне парсы, көне грек, қытай тілдерінде келіп жетті. Басты деректемелердің бірі зороастризм дінінің киелі кітабы «Авестамен» байланысты.

Адамзат тарихындағы тұңғыш пайғамбар – Заратуштра Каспий теңізінің шығыс-солтүстігін мекендеген арий тайпасының Спитама руынан шығып, б.з.б. II мыңжылдық ортасында өмір сүрген. Айға, күнге, отқа, суға табынатын арийлер бастапқыда бұл діни уағыздарды қабылдай қоймады. Заратуштра басқа жақтарға қоныс аударып, өз ілімін көрші елдерге таратады.

Заратуштра уағыздарының Қазақстанның ежелгі тұрғындарының тарихын, мәдениетін танып білуде маңызы зор. Онда шығыс ирандық көшпелі тайпалар турлар, сайримдер, дахтар туралы айтылады.

«Авестада» адамдардың қарулары – садақ пен жебе, найза, айбалта, кәсібі – мал өсіру, тамағы – ет пен сүт, құдайға құрбандық шалуға жылқы, сиыр, қой әкелінетіні және арийлердің құдайға құрбандық шалып, оның атына мадақтау айтатыны баяндалады.

«Авеста» Орталық Азия мен оның солтүстігінде жапсарлас жатқан Қазақстанның бақташы-егінші тайпаларының рухани өмірі туралы құнды деректер береді.

Бұдан басқа деректер парсы жазба ескерткіштері I Дарийдің «Бехустин жазбасы», «Ксеркс жазбасы» түрінде бізге келіп жетті. «Персеполь», «Бехустин» жазуларында Қазақстан жеріндегі тур тайпаларының ортақ атауы «сака» деп беріледі. Жалпы, сақ тайпалары атауының мағынасы жайында көп пікір бар. «Сақ» сөзінің мағынасын парсы жазбаларында «құдіретті еркектер» деп түсіндіреді, ал иран жазбаларында «жүйрік атты турлар» дейді.

Қытайдың Батыс аймақтарды бағындыруға ұмтылуы сол өңірдегі халықтар жөнінде материал жинаудан басталды. Қытай императоры У-ди (б.з.б. 140-87 жж.) Батыс өңіріне тұңғыш елшісін Чжан Цянды жіберіп, мәлімет алды. Елшілікке ғұндарға қарсы Жетісудағы үйсіндермен одақ құру міндеті қойылды. Ол елшілік  жергілікті халықтың шаруашылығына, әскери күштеріне, қару түрлеріне, әдет-ғұрып, салт-дәстүріне дейін назар аударып, жазып алып отырды. Ол жазбаларды б.з.б. 145-86 жж. өмір сүрген тарихшы Сыма Цян жүйеге келтіріп, өзінің «Тарихи жазбалар» (Шицзи) атты еңбегіне енгізді.

Қытай жазбаларындағы «Батыс өңір» деген атаулар қазіргі Шыңжан (Шығыс Түркістан) және Қазақстан мен Орталық Азияның біраз бөлігіне қатысты қолданылды. Еңбектің «Сюнну туралы хикая» және «Давань туралы хикая» деген екі тарауында ғұндар туралы және оның батыстағы көршісі юэчжи мен үйсін тайпалары туралы айтылады.

Келесі деректер Бан Гудің (б.з.б. I ғ.) «Ертедегі Хан тарихы» (Шицзе) шығармасының «Батыс өлке туралы хикая» деген тарауында айтылады. Қытай деректемелері Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі үйсін мен қаңлы иеліктері, олардың жер көлемі мен халық саны, қалалары мен бекіністері, өзге иеліктермен байланысы жөнінде бағалы мәліметтер береді. Мысалы, сақ пен үйсіндердің бұрыннан Тұрпан ойпатын мекендегені, қаңлылардың юэчжилердің қысымымен Сырдария бойына қоныс аударуы, үйсін гуньмосына Қытай ханшасының ұзатылғаны туралы айтылады.

Үйсіндер Орталық Азиядағы ертедегі ең үлкен қауымдастықтардың бірі болды. Келтірілген мәліметтерге сәйкес үйсіндердің шығыс шегаралары Бешбалық аймағына, батысында Шу өзені мен Таласқа, солтүстікте Балқаш көліне дейін жетті. Чигушен (Қызыл даланың қаласы) қаласы Ыстықкөл мен Іле өзенінің оңтүстік жағалауы арасында болды.

Қытай деректерін ғылыми айналымға енгізуге алғаш еңбек сіңірген орыс қытайтанушысы Н.Я. Бичурин (1777-1853 жж.) болды. Оның «Орталық Азияны ежелгі дәуірде мекендеген халықтар туралы мәліметтер жиынтығы» деген  еңбегі 1851 жылы жарық көрді.

1969-1970 жылдары Қ. Ақышев басқарған қазақ археологтары Алматы қаласының маңындағы Есіктегі жерлеу орындарының бірінен сақтардың көшбасшысы «алтын адамды» табады. Оның бойындағы бай әшекейлер ежелгі қолөнершілердің жоғары көркемдік мәдениетін көрсетеді. Археолог С. Самашевтің «Атырау алтын адамы» (соңғы табылған) да ғылымда үлкен қызығушылық тудырады.
 

Тезистер

  • Ежелгі Қазақстан тарихы жөнінде жазбаша деректемелер бізге көне парсы, көне грек, қытай тілдерінде келіп жетті.
  • Басты деректемелердің бірі зороастризм дінінің киелі кітабы «Авестамен» байланысты.
  • Адамзат тарихындағы тұңғыш пайғамбар – Заратуштра Каспий теңізінің шығыс-солтүстігін мекендеген арий тайпасының Спитама руынан шығып, б.з.б. II мыңжылдық ортасында өмір сүрген.
  • «Авестада» шығыс ирандық көшпелі тайпалар турлар, сайримдер, дахтар туралы айтылады.
  • «Авестада» адамдардың қарулары – садақ пен жебе, найза, айбалта, кәсібі – мал өсіру, тамағы – ет пен сүт, құдайға құрбандық шалуға жылқы, сиыр, қой әкелінетіні, арийлердің құдайға құрбандық шалып, оның атына мадақтау айтатыны баяндалады.
  • Бұдан басқа деректер парсы жазба ескерткіштері I Дарийдің «Бехустин жазбасы», «Ксеркс жазбасы» түрінде бізге келіп жетті.
  • «Персеполь», «Бехустин» жазбаларында Қазақстан жеріндегі тур тайпаларының ортақ атауы «сака» деп беріледі.
  • «Сақ» сөзінің мағынасын парсы жазбаларында «құдіретті еркектер» деп түсіндіреді, ал иран жазбаларында «жүйрік атты турлар» дейді.
  • Қытай императоры У-ди (б.з.б. 140-87 жж.) Батыс өңірге тұңғыш елшісін Чжан Цянды жіберіп, мәлімет алды.
  • Чжан Цян жергілікті халықтың шаруашылығына, әскери күштеріне, қару түрлеріне, әдет-ғұрып, салт-дәстүріне дейін назар аударып, жазып алып отырды.
  • Б.з.б. 145-86 жж. өмір сүрген тарихшы Сыма Цян  деректерді жүйеге келтіріп, өзінің «Тарихи жазбалар» (Шицзи) атты еңбегіне енгізді.
  • Қытай жазбаларындағы «Батыс өңір» деген атаулар қазіргі Шыңжан (Шығыс Түркістан) және Қазақстан мен Орталық Азияның біраз бөлігіне қатысты қолданылды.
  • Бұл еңбектің «Сюнну туралы хикая» және «Давань туралы хикая» деген екі тарауында ғұндар туралы және олардың батыстағы көршісі юэчжи мен үйсін тайпалары туралы айтылады.
  • Бан Гудің (б.з.б. I ғ.) «Ертедегі Хан тарихы» (Шицзе) шығармасының «Батыс өлке туралы хикая» деген тарауында үйсін, қаңлы, ғұн иеліктері айтылады.
  • Қытай деректемелері Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі үйсін, қаңлы иеліктері, олардың жер көлемі мен халық саны, қалалары мен бекіністері, өзге иеліктермен байланысы жөнінде бағалы мәліметтер береді.
  • Үйсіннің шығыс шегаралары Шу өзені мен Таласта, солтүстікте Балқаш көліне жетті.
  • Үйсіндердің астанасы Чигушен (Қызыл даланың қаласы) Ыстықкөл жағалауында орналасты.
  • Қытай деректерін ғылыми айналымға енгізуге алғаш еңбек сіңірген орыс қытайтанушысы Н.Я. Бичурин (1777-1853 жж.) болды.
  • Н.Я. Бичуриннің «Орталық Азияны ежелгі дәуірде мекендеген халықтар туралы мәліметтер жиынтығы» деген  еңбегі 1851 жылы жарық көрді.
  • 1969-1970 жылдары Қ. Ақышев басқарған қазақ археологтары Алматы қаласының маңындағы Есік қаласы қорымдарынан сақ ханзадасын (алтын адам) тапты.


Қате туралы хабарландыру