iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Ежелгі тайпалар туралы антикалық деректер
Антик авторларының шығармаларында Ежелгі Қазақстан туралы ең көп деректер жинақталған. Грек және латын тіліндегі деректерге грек тарихшысы Геродот пен грек географы әрі тарихшысы Страбон қалдырған мәліметтерді жатқызуға болады. Геродот – грек тарихшысы. Б.з.б. 484-425 жж. өмір сүрген. Геродоттың «Тарих» еңбегі б.з.б. бесінші ғасырдың 40-30 жж. жазылған.
Страбон – грек географы әрі тарихшысы, б.з.б. 64 және б.з. 23 жж. өмір сүрген. Еңбегі «География» деп аталады. Екі автор да ежелгі грек тарихшылары болғандықтан олардың еңбектеріндегі ұқсастықтардың болуы да заңды.
Екі автордың еңбектерінің ұқсастықтары:
Геродот сақтарды азиялық скифтер деп атайды, Страбон да дай, сақ, массагеттен басқаларын ортақ атпен скифтер дейді. Екі автордың да еңбектерінде сақ, массагет тайпалары жайлы айтылады және олардың географиялық орналасуы көрсетіледі. Геродот массагеттерді Каспий теңізінен шығысқа қарай, Сырдарияның (Аракс) арғы жағына орналастырады. Страбон да «Скифтерді Каспий теңізінен бастап, көбіне «дайлар» деп атайды. Олардың шығысында орналасқан тайпалар массагеттер мен сақтар болды» деп көрсетеді. Бірақ әрбір тайпаның дербес атауы бар деп жазады (асиилер, пассиактар, тохарлар, сакаравилер).
Геродот пен Страбонның еңбектерінде сақтардың парсы патшасы Кирге қарсы соғысы баяндалады. Геродот «Басында әскерлер садақпен атысады. Садақ оғы біткеннен кейін жекпе-жекке шығып, семсер және найзамен соғысады. Нәтижесінде массагеттер жеңіп шығады. Парсы жауынгерлерінің көбі қырылып, Кир өледі» деп сипаттаса, Страбон «Массагеттер Кирге қарсы соғыста өздерінің ержүрек екендерін көрсетті, оларды көпшілік мақтайды» деп жазды.
Екі автордың еңбектеріндегі массагеттердің өмір салты, тұрмысы, наным-сенімі жөніндегі ақпарат өте ұқсас деуге болады.
Геродот «Массагеттердің киімі мен өмір сүру дағдысы скифтерге ұқсас. Олар егін екпейді, мал мен өзеннен аулайтын балықты азық етеді. Сүт ішеді» деп жазса, Страбон «Жазық жерде тұрғанмен, олар егіншілікпен айналыспайды, олар – көшпелілер. Скифтер сияқты малшылықпен және балық аулаумен күн көреді» дейді.
Геродот пен Страбонның еңбектерінде массагеттердің әскери өнері туралы мәліметтер де ұқсас болып келеді. Геродоттың айтуынша «Олар ат үстінде және жаяу да соғыса береді. Соғыстың екі тәсілін жетік меңгерген. Найза, қылышпен қаруланған, садақты жақсы атады, бәрі шетінен құралайды көздеп ататын мерген келеді десе, Страбон «Олар ат құлағында ойнайды және тамаша жаяу жауынгерлер. Садақпен, қылышпен және қола балталармен қаруланған, сауыт киеді» деп жазады.
Массагеттердің сауыт-сайманы, қару-жарағы туралы деректер:
Геродот «Олардың найзасының ұшы, жебе және қылышы мыстан жасалған, баскиімдері мен белдіктері, ер-тұрмандары алтынмен әшекейленген. Сонымен қатар олар аттардың сауытын да мыстан жасайды. Темір мен күмісті пайдаланбайды, себебі бұл металдар олардың жерінде өте аз, ал алтын мен мыс керісінше өте көп» деп жазса, Страбон «Шайқас кезінде алтын белдік тағады, аттың ауыздығы мен ер-тұрмандарын алтыннан жасайды. Күміс олардың елінде болмайды, темір аз, бірақ мыс пен алтын көп кездеседі» дейді.
Массагеттердің наным-сенімі туралы ақпарат:
Геродот «Құдайлардың арасынан күнге табынады, оған жылқыны құрбандыққа шалады. Бұл құрбандықтың мәні: «құдайлардың жүйрігі күн болса, жануарлардың жүйрігі жылқы» дегенге саяды» деп жазады.
Страбон «Құдай деп олар күнді есептейді және жылқыны құрбандыққа шалады» деп көрсетеді.
Ғалымдар Қазақстанның ертедегі тұрғындарының қоныстанған жерлерін анықтады. Олардың бір тобы Жетісуда, Тянь-Шань тауларында, Сырдария өзенінің орта ағысында тұрды. Оларды шошақ бөріктілер – сақ-тиграхаудтар деп атаған.
Тайпалардың екінші бір тобы Арал бойы мен Сырдарияның төменгі ағысын мекен еткен. Теңіздің арғы жағындағы сақтарды сақ-парадарайа деген. Олардың оңтүстігінде сақ-хаумаваргалар қоныстанған. Ғалымдардың пайымдауынша, мұндай атау оларға хаома сусынына байланысты берілген.
Тиграхауда сақтары осы күнгі Ташкент қаласы аймағында, Солтүстік Қырғызстан, Оңтүстік Қазақстан және Жетісу жерінде өмір сүрген. Жетісу алқабы шошақ бөрікті сақтардың жиі қоныстанған орталығы болған. Осы «шошақ бөрікті сақ» деген атау ұзақ уақыт сақталған. Күні кешеге дейін қазақ халқы өздерін «шошақ бөрікті қазақпыз» деп атап келген.
Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағасын мекендеген сақ тайпаларын жазба деректерде дайлар, аргиппейлер, исседондар деп атайды. Бұл тайпалар Қазақстанның Орал тауының оңтүстік өңірлерін, солтүстік және орталық аймақтарын мекендеген.
Тезистер
- Геродот – грек тарихшысы. Б.з.б. 484-425жж. өмір сүрген. Геродоттың «Тарих» еңбегі б.з.б. бесінші ғасырдың 40-30 жж. жазылған.
- Страбон – грек географы әрі тарихшысы б.з.б. 64 және б.з. 23 жж. өмір сүрген. Еңбегі «География» деп аталады.
- Екі автор да ежелгі грек тарихшылары, сондықтан олардың еңбектерінде ұқсастық болуы заңды.
- Геродот сақтарды – азиялық скифтер деп атайды, Страбон «дай, сақ, массагеттен басқаларын ортақ атпен скифтер дейді» деп жазады.
- Екі автордың да еңбектерінде сақ, массагет тайпалары жайлы және олардың географиялық орналасуы көрсетіледі.
- Геродот массагеттерді Каспий теңізінен шығысқа қарай, Сырдарияның (Аракс) арғы жағына орналастырады.
- Страбон да «Скифтерді Каспий теңізінен бастап, көбіне «дайлар» деп атайды. Олардың шығысында орналасқан тайпалар массагеттер мен сақтар болды» деп көрсетеді.
- Геродот пен Страбонның еңбектерінде сақтардың парсы патшасы Кирге қарсы соғысы баяндалады.
- Геродот «Парсы жауынгерлерінің көбі қырылып, Кир өлді» деп жазған.
- Страбон «Массагеттер Кирге қарсы соғыста өздерінің ержүрек екендерін көрсетті, оларды көпшілік мақтайды» деп жазды.
- Екі автордың еңбектеріндегі массагеттердің өмір салты, тұрмысы, наным-сенімі жөніндегі ақпарат өте ұқсас деуге болады.
- Геродот «Массагеттердің киімі мен өмір сүру дағдысы скифтерге ұқсас. Олар егін екпейді, мал мен өзеннен аулайтын балықты азық етеді. Сүт ішеді» деп жазады.
- Страбон «Жазық жерде тұрғанмен, олар егіншілікпен айналыспайды, себебі көшпелілер. Скифтер сияқты малшылықпен және балық аулаумен күн көреді» дейді.
- Геродоттың айтуынша «Олар ат үстінде және жаяу да соғыса береді. Соғыстың екі тәсілін жетік меңгерген. Найза, қылышпен қаруланған, садақты жақсы атады, бәрі шетінен құралайды көздеп ататын мерген келеді».
- Страбон «Олар ат құлағында ойнайды және тамаша жаяу жауынгерлер; садақпен, қылышпен және қола балталармен қаруланған, сауыт киеді» деп жазады.
- Геродот «Олардың найзасының ұшы, жебе және қылышы мыстан жасалған, баскиімдері мен белдіктері, ер-тұрмандары алтынмен әшекейленген. Темір мен күмісті пайдаланбайды, себебі бұл металдар олардың елінде өте аз, ал алтын мен мыс керісінше өте көп» дейді.
- Страбон «Шайқас кезінде алтын белдік тағады, аттың ауыздығы мен ер-тұрмандарын алтыннан жасайды. Күміс олардың елінде болмайды, темір аз, бірақ мыс пен алтын көп кездеседі» дейді.
- Геродот «Құдайлардың арасынан күнге табынады, оған жылқыны құрбандыққа шалады. Бұл құрбандықтың мәні «құдайлардың жүйрігі күн болса, жануарлардың жүйрігі жылқы» дегенге саяды» деп жазады.
- Страбон «Құдай деп олар күнді есептейді және жылқыны құрбандыққа шалады» деп көрсетеді.
- Ғалымдар Жетісуда, Тянь-Шань тауларында, Сырдария өзенінің орта ағысында мекен еткен сақтарды шошақ бөріктілер – сақ-тиграхауда деп атаған.
- Арал бойы мен Сырдарияның төменгі ағысын мекен еткендерді теңіздің арғы жағындағы сақтар, яғни сақ-парадарайа деген.
- Сырдарияның оңтүстігінде қоныстанғандарды сақ-хаумаваргалар деп атаған. Ғалымдардың пайымдауынша, мұндай атау оларға хаома сусынына байланысты берілген.