Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Энолит заманының жетістіктері

Конспект

«Энеолит» сөзі дегеніміз мыс-тас ғасыры деген мағынаны білдіреді. Бірақ металл тасты қолданыстан мүлдем шығарып тастаған жоқ. Тас та негізгі құрал ретінде пайдаланылды.

Ең алғашқы ірі қоғамдық еңбек бөлінісі шаруашылықтың егіншілік пен малшаруашылығы болып бөлінуі болды. Бірақ энеолитте бірыңғай егіншілікпен айналысатын тайпалар әлі қалыптаспады. Өйткені егіншілік адамды тамақпен толық қамтамасыз ете алмады. Сондықтан бұл кезеңде тайпалардың малшаруашылығымен де, аң және балық аулаумен де айналысуына тура келді. Ал малшаруашылығымен шұғылданғандардың көп бөлігі егіншілікпен мүлдем айналыспады. Мал бағу егіншілікке карағанда тиімді болды.

Мыс-тас ғасырының ескерткіштері. Қазақстан аумағында энеолит кезеңінің ерекше ескерткіші – Солтүстік Қазақстандағы Ботай тұрағы. Ботай тұрағы біздің заманымыздан бұрынғы үшінші-екінші мыңжылдықтармен мерзімделеді. Бұл тұрақ 15 гектар жерді алып жатыр. Тұрақты қазу барысында 158 тұрғын үй табылды. Үйлер кәдімгідей көше-көше болып салынған. Үйдің қабырғасының бір метрге жуығы – кәдімгі жер. Одан жоғары тұсы – топырақпен дауал етіп шенделген қабырға. Қабырғаларға бөрене мен сырғауылдар салынған. Үйлердің кабырғалары жануарлар терісімен қапталған, ал үйдің төбесінде түтін шығатын тесік қалдырылған, ортасына ошақ орнатылған. Қазба жұмыстары барысында тастан жасалған кұралдар –  садақтың ұштары, найзалар, пышақтар мен балталар табылды. Сүйектен жасалған ине, біздер және қыштан жасалған бұйымдар да ұшырасты. Жылқы сүйектері өте көп табылды.

Ботайлықтар бүкіл Еуразия даласында алғашқы жылқы малын қолға үйреткендер болды. Ботайлықтарды жылқы өсірген бақташы тайпалар деп атауға болады. Ботай қонысынан 70 мың жылқының сүйек қалдықтары табылған. Жылқыны қолға үйрету, оны салт мініп жүруді, көлік ретінде пайдалануды ойлап табу адамзат дамуында прогрестің болғанын дәлелдейді. Осылайша адамның уақыт пен кеңістікті игеруінің негізі қаланды. Ботайлықтар адамның бас сүйегін балшықпен мумиялауды білген, итті кие тұтып, оны табалдырық астына көметін ғұрыптары болған. Иттің өз иесінің үйін түрлі қауіптен қорғауы, иті өлген соң да қорғап жүреді деп сенуі Ботайлықтарды итке кие тұтуға алып келді. Далаға апарып көміп тастамай,табалдырық астына көмген. Өлген ит табалдырық астында жатқанда қорғай алады деген сенім болған.

Маңғыстау өңірінде табылған ескерткіштер энеолит дәуірі мәдениетінің екінші аймағына жатады. Маңғыстау түбегіндегі белгілі энолит тұрақтары – Шебір, Жыңғылды, Қошқарата және тағы басқа Шебір елді мекені маңынан тас пен қыштан жасалған еңбек құралдары табылған. Шебір тұрағының тұрғындары теңіз  ұлуларының қабықтарын моншақ етіп таққан. Шебірліктер негізінен аң аулаумен айналысқан.

Энеолит мәдениеті бұл өңірге Еділ-Жайық бойындағы хвалын тайпалары арқылы және біздің заманымыздан бұрынғы үшінші-екінші мыңжылдықтарда Орталық Азиядан қоныс аударған келтеминар мәдениетінің өкілдері арқылы келген деген тұспал бар. Энеолит тұрақтарында қыш ыдыстары сазбалшықтан қолдан жасалған. Ыдыстардың түбі дөңгелек конус тәріздес, тұрқы жұмыртқаға ұқсас болды. Ыдыстардың ернеуіне жаға тәріздес қалың жиек және тарақ жүзді өрнек салынған.

Ертіс пен Еділ арасында өмір сүрген энеолит тайпалары көбіне мал өсірумен айналысқан, оның ішінде жылқы басым болған.

Энеолит қоғамында екі ірі өзгеріс болды: еңбек бөлінісі қалыптасып, аталық ру орнай бастады. Тек қана мал немесе егіншілікпен айналысатын тайпалар қауымы қалыптасты. Патриархалдық отбасылар жақын туысқандардың үштен астам ұрпағынан тұрды. Ең үлкендері өз алдына қауым құрап, рулық бірлікке кірді.

Рулық қауым негізінен аталық (патриархалдық) отбасылардан құралды. Рулар тайпаға бірікті. Ал тайпалар кейінгі тарихи кезеңде тайпа одақтарын құрды. Біртіндеп үй, мал, еңбек құралдары, тұрмыстық заттар жекеменшікке өте бастады.

Қоғамдық еңбек бөлінісі, металл өндірісі мен малшаруашылығы маңызының арта түсуі ер адамдардың қоғамдағы рөлін жоғарылатты. Өмірдің барлық салаларында еркектердің беделі өсті. Өндірісте әйел рөлінің төмендеуі ендігі жерде отбасында еркектердің билік жүргізуіне алып келді.

 

  Тезистер 

  • «Энеолит» сөзі мыс-тас ғасыры деген мағынаны білдіреді.
  • Энеолит тайпалары малшаруашылығымен де, аң және балық аулаумен де айналысты. 
  • Ал малшаруашылығымен шұғылданғандардың көп бөлігі егіншілікпен мүлдем айналыспады. Мал бағу егіншілікке карағанда тиімді болды. 
  • Қазақстан аумағындағы энеолит кезеңінің ерекше ескерткіші – Солтүстік Қазақстандағы Ботай тұрағы.
  • Ботайлықтарды жылқы өсірген бақташы тайпалар деп атауға болады.
  • Ботай қонысынан 70 мың жылқының сүйек қалдықтары табылған.
  • Ботай қонысын қазу барысында 158 тұрғын үй табылды.
  • Ботайлықтарды бүкіл Еуразия даласында алғашқы болып жылқы малын қолға үйреткен бақташы тайпалар деп атауға болады. 
  • Жылқыны қолға үйрету, оны салт мініп жүруді, көлік ретінде пайдалануды ойлап табу адамзат дамуында прогрестің болғанын дәлелдейді.
  • Бұл кезеңде адамның уақыт пен кеңістікті игеруінің негізі қаланды.
  • Маңғыстау өңірінде табылған ескерткіштер энеолит дәуірі мәдениетінің екінші аймағына жатады. 
  • Маңғыстау түбегіндегі белгілі энолит тұрақтары – Шебер, Жыңғылды, Қошқарата және т.б.
  • Шебір тұрағының тұрғындары теңіз ұлуларының  қабықтарын моншақ етіп таққан. 
  • Шебірліктер негізінен аң аулаумен айналысқан.
  • Энеолит мәдениеті бұл өңірге Еділ-Жайық бойындағы хвалын тайпалары арқылы және б.з.б. 3-2 мыңжылдықтарда Орталық Азиядан қоныс аударған келтеминар мәдениетінің өкілдері арқылы келген деген тұспал бар.
  • Энеолит тұрақтарында қыш ыдыстары сазбалшықтан жасалған.
  • Ыдыстардың түбі дөңгелек конус тәріздес, тұрқы жұмыртқаға ұқсас болған. Ыдыстардың ернеуіне жаға тәріздес қалың жиек және тарақ жүзді өрнек салынған.
  • Мыс-тас ғасыры қоғамында екі ірі өзгеріс болды: еңбек бөлінісі пайда болды және аталық ру үстемдігі қалыптасты.
  • Енді тек қана мал немесе егіншілікпен айналысатын тайпалар қауымы қалыптасты.
  • Патриархалдық отбасылар жақын туысқандардың үштен астам ұрпағынан тұрды. 
  • Ең үлкен отбасылар рулық бірлікке кірді. 
  • Рулық қауым негізінен патриархалдық отбасылардан құралды. 
  • Рулар тайпаға бірікті. Ал тайпалар кейінгі тарихи кезеңде тайпа одақтарын құрды.
  •  Біртіндеп үй, мал, еңбек құралдары, тұрмыстық заттар жекеменшікке өте бастады.
  • Металл өндірісі мен малшаруашылығы маңызының арта түсуі ер адамдардың қоғамдағы рөлін жоғарылатты.
  • Өндірісте әйел рөлінің төмендеуі ендігі жерде отбасында еркектердің билік жүргізуіне алып келді.


Қате туралы хабарландыру