iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
IX тарау. Қазақстан түбегейлі бетбұрыстар кезеңінде. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары
1980 жылдардың ортасына қарай Коммунистік ұлыдержавашыл аппараттың кеңес қоғамын дағдарыстан алып шығуға қабілетсіз екендігі белгілі болды. 1985 жылы наурызда КОКП-ның басшылығына М.С.Горбачев бастаған жаңашыл топ келді. 1985 жылдың сәуір пленумында әлеуметтік-экономикалық дамудың жеделдету бағыты қабылданды. 1986 жылдың ақпанында болған КОКП-ның ХХYII съезі жаңа саясат жүргізудің негіздерін айқындап берді. Қысқа мерзім ішінде экономикада тежеуші факторларды жою, ҒТП-ны жеделдету, адамдардың тұрмыс деңгейін көтеру, саяси даму саласында демократиялық ұстанымдарды енгізу, сайлау жүйесін өзгерту, халықтың саяси белсенділігін арттыру, партия мүшелерінің моральдық келбеті мәселелері де айтылды.
Қайта құру мен қоғамды демократияландыру үдерісіндегі қадам 1987 жылы жасалды. М.Горбачев кеңес қоғамы дамуының негізгі кезеңдеріне талдау жасады. Сталинизмнің жан түршігерлік қылмысты әрекеттері жайында ашық айтылды. Алайда КОКП басшылығы қайта құруды баянды ете алмады, көптеген жолсыздықтар мен заңсыздықтарға жол берді. 1986 жылдың желтоқсанына дейінгі бір жыл сегіз ай ішінде республикада қоғамдық-саяси даму бағыттарын қозғаған реформалар болған жоқ. Бұл жағдай Қазақстандағы басшылықты ескі тәсілмен – бір күнде ауыстыра салу әрекетіне итермеледі.
40 жылдан астам Қазақстан үкіметінің, республика партия ұйымының басшылығында болған дарынды қайраткер Д.А.Қонаев (1912-1993ж.ж.) КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшелігіне дейін көтерілді. Д.Қонаев тұсындағы қол жеткен жетістіктер: табиғи байлықтарды игеру кең ауқымда жүргізілді, ауыр өнеркəсіп өсу үстінде болды, ұлт зиялы қауымы жаңа сапалық деңгейге көтерілді.
1986 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің V пленумында ұйымдастыру мəселесі қаралды. КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Г.П.Разумовский ұсынысымен Д.А.Қонаевтың орнына Г.В.Колбин тағайындалды (1986-1989).
Г.В.Колбин Грузияда республикалық партия ұйымының екінші хатшысы, Ульяновск облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған. Орталық баспасөз “ұлтаралық қатынастар мəселелерін жақсы білетін маман” деп жазып жатты.
Қоғамда жарияланған мақсаттар мен нақты өмір арасындағы күрделі қайшылық нəтижесі 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғаларына əкеп тіреді. Қоғамдық-әлеуметтік, мәдени салаларды қамтыған өрескел кемшіліктер, ұлт мәселесінің шиеленісуі жастарды ашық қимылға еріксіз алып келді. Басшылықтың ауыстырылуы жаппай наразылықтың шығуына түрткі болды.
1986 жылғы 17 желтоқсанда Алматыда Брежнев атындағы алаңда жаппай толқу басталды. Жиналғандар орталықтың кадр саясатын жүргізудегі өктемдігіне наразылық білдірді. Лениндік ұлт саясатының дұрыс жүргізілуін, республиканың егемендігін сыйлауды, жергілікті халық арасынан саяси қайраткерлердің шығуына кедергі келтірмеуді, ұлттық тіл мен мәдениеттің дамуын қамтамасыз етуді талап етті.
Брежнев атындағы алаңдағы шеру бейбіт жəне саяси сипатта болды.
18 желтоқсанда сағат 13-те алаңға əскери училищенің жеке құрамасы енгізіліп, Орталық Комитет үйі қоршауға алынды.
КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің шекара училищесінің курсанттары ерекше қатыгездік көрсетті. “Бұрқасын-86” атты құпия жедел жоспар жасалды. Ол жоспар бойынша жастарға қылмыскер немесе ұлтшыл деп айдар тағып, арандатушылық бағытқа бұрып жіберуге мүмкіндік алды. Бұл жоспар кейіннен әдейі құртылып жіберілгені белгілі болды. Шеруді тарату кезінде сойылдар, саперлік күректер, үйретілген иттер, өрт сөндіруші машиналар, бронды транспортерлер пайдаланылды. Ұсталған жастарды аязда бірнеше сағат бойы қар үстіне жатқызды. Жастарды қаладан алысқа əкетіп, жұқа жəне су киімдерімен түнгі аязда ұстады.
Бейбіт шеру күшпен басылғаннан кейін, аса қатыгездікпен және мейірімсіздікпен жаппай жазалау басталды. Желтоқсан оқиғаларын тексеру комиссиясының төрағасы М.Шаханов Швеция мен Англияның университеттерінде оқыған дәрістерінде көрсетілген мәліметтер бойынша: 8,5 мыңға жуық адам ұсталып, жаза тартты. 1720 адам жарақат алды. 99 адам сотталды, оның екеуі өлім жазасына кесілді. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам жұмыстан қуылды. Жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды. 246 студент оқудан шығарылды.
Желтоқсан құрбаны – Қайрат Рысқұлбеков, Алматы архитектура құрылыс институтының студенті. Оған “жасақшы С.Савицкийді өлтірді” деген айып тағылды. Құқық қорғау жүйесінің 5 қызметкері “кісі өлтірушіні тез тапқаны үшін” марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Қайраттың өлім жазасына кесілуі дүниежүзілік қауымдастықтың наразылығын тудырды. Чехословакияның, Польшаның, Венгрияның, АҚШ-тың қоғам қайраткерлері мен зиялыларынан қарсылық хаттары келіп жатты. Қайрат абақтыда жұмбақ жағдайда қаза тапты. Желтоқсан оқиғалары алғашқы күннен бастап халыққа бұрмаланып түсіндірілді. Алматыға арнайы жіберілген КОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі М.С.Соломенцевтің нұсқауы бойынша бұл оқиғаларды “Маскүнемдер мен нашақорлардың бұзақылық, ұлтшылдық арандату əрекеттері” деп түсіндірілді.
1986 жылғы Алматы оқиғалары қазақ топырағына ұлттық санасын намысы жетелеген қайсар буынның келгенін әйгіледі. Желтоқсан оқиғалары Кремль әкімшілігінің саяси мәдениетінің мейлінше төмендігін айқындады. Кәсіпорындарда темір таяқтармен, шынжырлармен қаруланған 16 мың адамнан тұратын жасақты орыс және өзге славян ұлтынан құру арқылы компартия басшылары екі ұлттың – қазақ пен орыстың арасына сына қағып, дүрдараздық психологияны өршітті. Желтоқсан оқиғалары кейінгі кезеңде экономикалық реформалардың, әлеуметтік бетбұрыстардың соны қарқынмен өрістеуіне себеп болды.
-
Қайрат Рысқұлбековке тағылған айып:
-
Желтоқсан оқиғасының қайраткерін көрсетіңіз:
-
Желтоқсан оқиғасына байланысты ұйымдастырылған жедел жоспар:
-
1986 жылы Д.Қонаевтың орнына тағайындалды:
-
Жаңа саясат жүргізудің негіздері айқындалды:
-
Қайта құру мен қоғамды демократияландыру үдерісі басталды:
-
Алматыдағы жаппай наразылықтың шығуына түрткі болған жағдай:
-
Желтоқсан оқиғасында ұсталып, жаза тартылған адам саны:
-
Желтоқсан оқиғаларына КОКП-ның берген сипаттамасы:
-
Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызы:
-
Д.А.Қонаев Қазақстан КП ОК Бірінші хатшысы болып сайланды:
-
16 желтоқсанда 1986 жылы Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшылығынан алынған: