Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Ауыл шаруашылығының дамуы. Тың игеру

Конспект

Ауыл шаруашылығы техникасының жетіспеуінен, егіске күш малын пайдалану 1960 жылдарға дейін орын алды. 1949 жылы мал шаруашылығын дамыту жоспары қабылданды. Ауыл шаруашылығы халықтың азыққа және өнеркәсіптік шикізатқа деген қажетін қанағаттандыра алмады. 1946-1950 жылдары егістік жердің әр гектарынан алынған өнім орта есеппен 5-6 ц ғана болды.

Билік басындағылар мәселені экстенсивті жолмен – кең ауқымда тың жерлерді игеру әдісімен шешуге кірісті. “Жерді жаппай жыртып тастау дәстүрлі мал шаруашылығын дамытуға зиян келтіреді” деп санаған республика ұйымының басшылары орнынан алынды. Орталықтың нұсқауымен Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып П.К.Пономаренко сайланды. Орынбасарлығына біраз уақыттан кейін бірінші хатшының өзі болып сайланған Л.И.Брежнев отырды.

1954 жылғы көктемде тың жерлерді игеру туралы шешім қабылданды. 1954-1955 жылдары тың жерлерді игеру есебінен егістік аумағын 13 млн га-ға арттыру, 1100-1200 млн пұт астық, соның ішінде 800-900 млн пұт тауарлы астық алу көзделді. 1954 жылдан бастап егіске жарамды жерді зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ол жұмыстарға Мәскеудің, Ленинградтың, Украинаның, Қазақстанның топырақ зерттеуші ғалымдары, ботаниктері, гидрогеологтары қатысты. Орасан көп жерді жыртып тастаудың зиянды салдары ескерілмеді.

Тың игерудің алғашқы екі жылында республикаға 640 мың адам келді. Бірақ олардың 150 мыңы ғана механизаторлар еді. Тың игеруге қатысқан адамдарды материалдық ынталандыру шаралары жүзеге асырылды. Тың жерлерді игеру Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Торғай, Павлодар облыстарында жүргізілді.

1954 жылы Қазақстанда 6,5 млн. га. жер жыртылды. Астықтың жалпы түсімінің мөлшері 7650 мың т-ға жетті. 1956 жылы республикада 16 млн т. астық жиналды. Бұл көрсеткіш даңғазалықпен 1 млрд пұт деп айтылды. 1956-1958 жылдары 4,8 млн га. тың жер игеріліп, егістік 28,6 млн га-ға өсті. Мұның ішінде дәнді дақылдар егісінің аумағы 23,2 млн га. болды.

Тың игеру елдің оңтүстігінде күріш өсірудің жандануына ықпал етті. Қызылорда облысы, Шиелі ауданы “Қызыл ту” ұжымшарының звено жетекшісі Ыбырай Жақаев күріштен рекордты өнім алды.

Тың игеру экономиканың өзге салаларының дамуына әсер етті. 1940-1950 жылдары Қазақстанда 15 жаңа қала, 86 қала тұрпатты поселке, жүздеген шағын елді мекендер пайда болды. Ондаған мың шақырым жол төселді. Өзге республикалардан көптеген техника келді. Егіншілік мәдениеті, қала салу және экономиканы өркендету тәжірибесі артты.

Астық өндіру экстенсивті әдістермен жүргізіле берді. Топырақ эрозиясы күшейіп, жердің құнарлы қабаты желге ұшты. Елді мекендер салуға, инфрақұрылымдар жүйесіне мыңдаған гектар құнарлы жерлер бөлінді. Жайылымдар мен жем-шөп дайындайтын алқаптардың көлемі тарылды. Мал шаруашылығы орны толмас шығынға ұшырады. Бұл жағдай ет жəне сүт өнімдерінің тапшылығын туғызды. Ұжымшарларға МТС-тердің ескі техникасын қымбат бағамен сатты.

Еңбекті ұйымдастырудағы ғылыми көзқарастың жоқтығынан біраз жылдан кейін астық өндіру қарқыны төмендеді. Алтыншы бесжылдық (1956-1960 ж.ж.) жоспардың орындалмауын жасыру үшін белгіленген жетіжылдық (1959-1965 ж.ж.) жоспар да орындалмады. Жетіжылдық жоспарда белгіленген жалпы өнімді 70%-ға өсіру орнына 15% өнім алынды.

Сырттан келушілер көп болып, қазақтар ата қонысында азшылыққа айналды. 1960 жылдардың басына дейін 2 млн-ға жуық адам келді. Олардың басым көпшілігі славян тектілер еді. Тың игерудің алғашқы жылдарынан кейін қоныс аударушылар өнеркəсіпті қалаларға шоғырландырылды. Қала халқының үлесі 1939 жылғы 28%-дан 1959 жылы 44%-ға дейін артты. 1959 жылы халық саны 9 млн 295 мың адамға жетті. Аталған мерзім ішінде Одақ халқы 9,5%-ға көбейгенде, Қазақстанда бұл көрсеткіш 52,8% болды. 1959 жылғы халық санағы бойынша, жергілікті ұлт өкілдерінің саны 2 млн 787 мың, яғни 29% ғана болды.

Тың игеру науқанында республиканың ұлттық-демографиялық ерекшеліктері ескерілмеді. Тың игерушілерге адам мекендемеген құла түзге, иесіз далаға бара жатқандықтары туралы ұлтық намысты қорлайтын теріс түсінік берілді. Осыдан қазақ халқының əдеп-ғұрпына, салт-дəстүріне, мəдени ескерткіштеріне менсінбей қараушылық орын алды. Тың игерілген аймақтарда қазақ мектептерінің саны күрт азайып, қазақ тіліндегі мерзімді баспасөз жабылды, ұлт тіліндегі əдебиеттің халық арасына таралу аясы тарылды. Осының барлығы қазақ тілі мен мәдениетінің келешегінің көмескіленуіне əкеп соқтырды.

1950 жылдардың ортасынан бастап, Қытайда тұратын қазақ диаспорасы Қазақстанға қайта оралуына мүмкіндік алды. 1960 жылдардың басына дейін 200 мың қазақ келді.

Теміртау металлургия комбинатының құрылысы “Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыс” деп жарияланды. Теміртаудағы металлургиялық комбинат құрылысына сырттан жұмыс қолы көптеп əкелінді: 1958 жылы – 132 мың, 1959 жылы – 170 мың.

Жастар Теміртаудағы əлеуметтік жағдайдың ауырлығына, яғни тұрғын үйдің, азық пен ауыз судың жетіспеуіне байланысты ашық наразылыққа шықты. Қалада жаппай тәртіпсіздікке жол берілді, қарулы қақтығыстар болды. Үш күннен кейін тәртіпсіздік тоқтатылып, кінәлілер қатаң жазаланды.

1950 жылдары мал шаруашылығының материалдық-техникалық жабдықталуы өте төмен деңгейде қала берді. Жағдайды жақсарту бағытында шешім қабылданып, қаулылар шығып жатты. Малды бағып-күтудің жаңа əдістері енгізілді.Техникамен жабдықтауға көңіл бөлінді. Жемдік дақылдар егісінің көлемі ұлғайтылды. Малшыларды материалдық ынталандыру шаралары жүргізілді. 1956 жылмен салыстырғанда, 1965 жылы мал басы 67,4%-ға көбейіп, 39 млн-ға жетті.



Сұрақтар
  1. Тың игеруге қатысты республика басшылығына сайланған қайраткер:

  2. Тың жерлерді игеру туралы шешім қабылданған мерзім:

  3. Тың жерлер игерілген аймақ:

  4. 1956 жылы республикада жиналған астық мөлшері:

  5. 1940-1950 жылдары республикада пайда болған қала саны:

  6. Тың игеру жылдары шығынға ұшыраған шаруашылық саласы:

  7. 1959 жылғы жергілікті ұлт өкілдерінің үлесі:

  8. Тың игеру саясатындағы ең басты қауіпті құбылыстар:

  9. 1965 жылғы мал саны:

  10. Теміртаудағы наразылықтың болу себебі:

Қате туралы хабарландыру