Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Мәдениеттің дамуы: Ғылым және өнер

Конспект

1950 жылдар ішінде мәдениетті дамыту жағдайы біртіндеп түзеле бастады. 1946 жылғы маусымда Қазақ КСР Ғылым Академиясы құрылды. Тұңғыш президенті – ғалым, Кеңестік Қазақстан ғылымын ұйымдастырушы Қ.И.Сəтбаев болды. Ғылым ордасын құруға көмек көрсеткен орыс ғалымдары: С.И.Вавилов, И.П.Бардин, А.М.Панкратова. 1946-1949 жылдары Академияның ғылыми-зерттеу мекемелері халық шаруашылығына енгізу үшін 900-ден астам ұсыныс жасады. 1950-1965 жылдары ғылыми-зерттеу институтының филиалдар, бөлімшелер саны 38-ден 84-ке көбейді. Ғылыми қызметкерлер саны 3,3 мыңнан 18,2 мыңға өсті. Өскеменде, Қарағандыда, Шымкентте ірі ғылыми орталықтар бой көтерді.

Қ.И.Сəтбаев бастаған ғалымдар тобына минералды шикізаттар мен кен орындарының табиғатта таралу заңдылығын ашып, металлогендік жəне болжамдық карта жасағаны үшін Лениндік сыйлық берілді.

1950 жылдары қоғамдық ғылымдарды зерттеу ауқымы кеңейтілді.

ҚазМУ-де философия факультеті ашылды. 1958 жылы Қазақ КСР ҒА-ның Философия жəне құқық институты құрылды. 1961 жылы Тіл білімі, əдебиет жəне өнер институттары ашылды. 1957-1959 жылдары “Қазақ КСР тарихының” екі томдығы жарияланды. Ә.Марғұлан көшпелілердің қола дәуіріндегі тарихы мен мәдениетін зерттеді. Партия тарихы барлық жоғары оқу орындарында өтілетін ең негізгі пəнге айналды.

Сталиннің жеке басына табынушылықты айыптаған КОКП ХХ cъезінен кейін әділетсіз жазаға ұшыраған С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров есімдері ақталды. Алайда А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытов есімдері жабулы күйінде қала берді. Олардың көркем туындылары оқырмандарға жетпеді.

1947 жылы М.Əуезовтің “Абай” романының екі кітабы аяқталды. 1949 жылы шығарма КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 1955 жылы “Абай жолы” эпопеясы жазылды. 1959 жылы М.Əуезовке Лениндік сыйлық берілді. С.Мұқанов “Сырдария” романында замандастарының өмірін, еңбегін, арман-мақсаттарын нанымды бейнеледі. “Өмір мектебі” трилогиясында жазушы туған халқының тарихи жолына баға берді. 1949 жылы Мәскеуде өткен Қазақ кеңес әдебиетінің онкүндігінде Ғ.Мұстафиннің орыс тіліне аударылған “Миллионер”, “Шығанақ” повестері әдеби қауымның назарын аударды. Кейін жазушы “Қарағанды”, “Дауылдан кейін” романдарын жазды. Ғ.Мүсіреповтің “Оянған өлке” романы 1950 жылдардағы ұлттық прозаның жетістігі болды. Романда дала өміріндегі жаңалықтарды, қазақтардың өнеркәсіпке араласа бастауын суреттеді.

1950 жылдары қазақ поэзиясы неғұрлым байып, алуан түрлі сипат ала бастады. Ə.Тəжібаев сатиралық “Шайтан”, терең философиялық мәні бар “Портреттер” поэмаларын жазды. Х.Ерғалиевтің “Біздің ауылдың қызы”, “Құрманғазы”, Т.Жароковтың “Жапанды орман жаңғыртты”, Қ.Бекқожиннің “Мариям Жагорқызы”, Ж.Молдағалиевтің “Жыр туралы жыр” поэмалары қазақ кеңес поэзиясының алтын қорына қосылды. И.Шуховтың “Тың игерушілер” очерктер кітабы одаққа танымал шығарма болды. Ұйғыр жазушысы Х.Абдуллин “Гүлстан” повесін жазды. К.Хасанов ұйғыр драматургиясын жасауда көп еңбек етті. Ким Кван Хен бастаған корей жазушыларының дарынды тобы әдебиет сахнасынан көріне бастады.

1946 жылы “Біржан-Сара” операсы қойылды. 1949 жылы осы қойылым үшін сазгер М.Төлебаев, орындаушылар Қ.Жандарбеков, К.Байсейітова, А.Ненашев, Ә.Үмбетбаев, Б.Досымжанов, Ш.Бейсекова КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегерлері атанды. Сазгер Е.Брусиловский “Дударай”, М.Төлебаевпен бірігіп “Амангелді” операларын жазды. Ұйғыр сазгері Қ.Қожамияров тұңғыш ұйғыр операсы “Назугумды” жазды. 1954 жылы Қ.Қожамияровтың “Ризвангүл” симфониялық поэмасы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды.

Сол жылдары Қазақ академиялық опера және балет театры ұжымы қалыптасты. Я.С.Штейн басқарған жылдары Орыс драма театры қазіргі заман тақырыптарын игеруге бетбұрыс жасады. Н.Сац басқарған Жасөспірімдер театры шығармашылық өрлеу үстінде болды. Қазақ мемлекеттік хор капелласы шығармашылық ұйым ретінде қалыптасты. Дирижер Ш.Қажығалиев басшылығымен Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі ұлттық және әлем классиктерінің шығармаларын орындады.

1952 жылы В.Голубович Қазақ драма театрында М.Əуезовтің “Абай” драмасын қойды. Қойылым КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. 1950 жылдары театр сахнасынан берік орын алған пьесалар:

Ə.Əбішев – “Достық пен махаббат”, Ə.Тəжібаев – “Жалғыз ағаш орман емес”, Ш.Хұсайынов – “Кеше мен бүгін”. Қазақ КСР Мемлекеттік əн жəне би ансамблі жастар мен студенттердің дүниежүзілік VI фестивалінің лауреаты атанды.

Жас суретшілер Қ.Телжанов “Жамал”, “Атамекен”, С.Мәмбеев “Тауда”, “Киіз үй қасында”, М.Кенбаев “Шопан әні”, “Сұхбат” суреттерінде бейне әсерлілігіне, психологиялық тереңдікке қол жеткізе білді. А.Ғалымбаева мен А.Степанов салған порттреттерінде адамның көңіл күйі мен толғаныстарын шынайы бейнеледі. М.Лизогуб, Ә.Қастеев сияқты қылқалам шеберлері тарихи-революциялық тақырыпқа, индустриялық пейзаждарға бой ұрды. Республиканың өз мүсіншілер тобы өсіп шықты.



Сұрақтар
  1. В.Голубович 1952 жылы Қазақ драма театрында қойған драма:

  2. Қазақ КСР ҒА-ның Философия және құқық институты құрылды:

  3. “Өмір мектебі” романын авторы:

  4. Қай жылы “Тiл бiлiмi, әдебиет және өнер институттары” құрылды:

  5. Қазақ КСР Ғылым Академиясының тұңғыш президенті:

  6. 1950 жылдары жоғары оқу орындарында өтілетін ең негізгі пəн:

  7. 1950 жылдардағы ұлттық прозаның жетістігі болған шығарма:

  8. Ж.Молдағалиевтің қазақ кеңес поэзиясының алтын қорына қосылған поэмасы:

  9. 1954 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған ұйғыр симфониялық поэмасы:

  10. Тарихи-революциялық тақырыпқа, индустриялық пейзаждарға бой ұрған қылқалам шеберлері:

  11. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алған, Карлагта қамауда болған академик, селекционерді көрсетіңіз:

  12. “Атаманның ақыры” кинофильмінің қоюшы-режиссерін белгілеңіз:

  13. 1970 жылдары әлемнің көптеген елдеріне танымал болған ансамбль(дер)

  14. Ғабит Мүсіреповтің шығармасын тап.

  15. Сәбит Мұқановтың шығармаларын тап.

  16. Ғабиден Мұстафиннің повестерін тап.

  17. Ғабиден Мұстафиннің романдары қайсы?

  18. Әбділда Тәжібаевтің шығармаларын тап.

  19. Х. Ерғалиевтің поэмаларын тап.

  20. Т. Жароковтың поэмасын тап.

  21. Ж.Молдағалиевтің поэмасын тап.

  22. Қ. Бекқожиннің поэмасын тап.

Қате туралы хабарландыру