Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Ыбырай Алтынсарыұлы және Абай Құнанбайұлы

Конспект

Ыбырай Алтынсарыұлы (1841-1889) – ағартушы, жаңашыл педагог, ғалым-этнограф, қоғам қайраткері. 1844 жылы əкесі қайтыс болып, атасы Балқожа биден тəрбие алған. 1857 жылы Орынбор шекаралық комиссиясы жанындағы мектепті алтын медальмен бітірді. Мектепте орыс, араб, татар, парсы тілдерін меңгеріп, үздік оқыды. Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасы, шығыстану ғылымының көрнекті өкілі В.В.Григорьевпен жақын танысып, оның бай кітапханасын пайдаланды. Ыбырай мектепті бітіргесін атасы Балқожа бидің хатшысы ретінде тілмаштық қызмет атқарды. 1864 жылы Орынбор бекінісінде ашылған қазақ балаларына арналған мектепте оқытушы болды. Жаңа мектеп ашуға қаржы жинауда, мұғалімдермен қамтамасыз ету барысында Ыбырайдың педагогтік көзқарастары қалыптасты. 1879 жылы Торғай облысындағы мектептердің инспекторлығына қызметке тағайындалды. Бұл қызметінде ол облыстық губернаторға тікелей тәуелді болды, ағартушылық қызметіне шек қойылды. Ыбырайдың жарқын істерінің бірі - қолөнер, ауылшаруашылық мектептерін ұйымдастыруы. Ол өсиетінде өзіне қарасты жерді Торғайдағы ауыл шаруашылық мектептің қарамағына қалдырған.

Ыбырай – қазақ өлкесінде қыздарға білім берудің негізін салушы.

1887 жылы Ырғызда қыздарға арналған мектеп-интернат ашты. Ұстаздар дайындайтын арнайы оқу орындарын ұйымдастырды. Алғашында Троицкіде негізі салынған, кейін Орынборға көшірілген мұғалімдер даярлайтын мектеп алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі болды. Ыбырайдың ауылдық, облыстық мектептерді жиілетіп ұйымдастыруы, мұғалімдерді қалауы бойынша сараптап таңдап алуы облыстық шенеуніктердің наразылығын туғызды. Орыс-қазақ мектептеріне арнап оқу құралдарын жазды: “Қырғыз хрестоматиясы” (1879 ж), “Қырғыздарды орыс тіліне үйретуге негізгі басшылық”. Орыс алфавитінде құрастырылған бұл оқу құралы мектептерде пайдаланылды. Миссионерлік қозғалыстың рухтандырушысы Н.И.Ильминскиймен тығыз байланыста болуы Алтынсарыұлының педагогикалық көзқарасына əсер етті. Ыбырай Алтынсарыұлы – ғалым-этнограф. Әсіресе оның көңіл аударған саласы – қазақ халқының әдет-ғұрпы. Ағартушы шығармаларында рулық- патриархаттық тұрмыстағы жағымсыз қылықтарды, əдепсіздікті сынады. Қазақ халқының ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, жариялап отырды. Қазақ халқының тарихы жөнінде де мәліметтер жинаған. Отырықшылдықты, жер шаруашылығын дамытудың жаршысы болды. “Қыпшақ Сейітқұл” әңгімесінде Торғай өзені бойындағы егіншілікпен айналысқан қазақтар өмірін уағыздады. “Талаптың пайдасы”, “Байлық неде” шығармаларында жаңа өмірді, шаруашылықтағы өзгерістерді суреттейді.

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) – қазақ халқының жазба əдебиетінің негізін салушы, ойшыл, ұлы ақын, сазгер. 1845 жылы Семей облысының Шыңғыстау өңірінде дүниеге келді. Абай Семейдегі Ахмет Ризаның медресесінде оқып жүргенде ақындық талабын көрсете бастады. Ел билеу ісіне баласын тартқысы келген аға сұлтан Құнанбай Абайдың оқуын аяқтатпады. Ру тартыстарынан көп нəрсені байқаған Абайдың əкесімен көзқарастары бір болмады. Абайдың маңайына топтасқандар ірі ру басылары, белді ақсүйектер емес, қарапайым топтан шыққан қазақ жастары еді. Семейде айдауда болған азаттық қозғалыс өкілдері Е.П.Михаэлис, А.В.Леонтьев, С.С.Гросс, Н.И.Долгополов оның ақындық шығармашылығының демократиялық бағытта қалыптасуына əсер етті. Абай орыс демократиялық мəдениетінің өкілдері А.С.Пушкинге, М.Ю.Лермонтовқа, М.Е.Салтыков-Щедринге, Л.Толстойдың шығармашылығына бас иді. Абай Пушкиннің “Евгений Онегинінен” өзі аударған бөлімдеріне əн шығарды.

Əкесінің əсерімен ақындығы толысқан ұлдары Ақылбай, Кəкітай, Мағауия орыс мəдениетіне көңіл қойып, поэзиялық туындылар жазды. Əбдірахман Петербургте Михайлов артиллерия училищесін бітірді. Патша әкімшілігі ақынның халық мүддесін қорғауына наразылық білдірді. Полицейлік қарауыл қойып, ақын шығармашылығына губернатор қысым жасады. Рулық-патриархаттық дәстүрге мойынсұнған топтар Абайға оның туыстарын қарсы қоюға әрекеттенді. Ұлы ойшылды күндеп, ақындық шабытын уландыруға тырысты. Білімді, талантты ұлы Əбдірахманның (1895), сүйікті баласы Мағауияның (1904) құрт ауруынан дүние салуы Абайды науқасқа шалдықтырды. 1904 жылы ұлы ақынның өзі қайтыс болды. Абай өз заманының ұлы кемеңгері еді. Оның шығармалары ұрпақтарға өшпес мұра болып қалды.



Сұрақтар
  1. Абайдың сүйікті баласы Мағауия қайтыс болған жыл:

  2. Абайдың ұлы Əбдірахман оқыған қала:

  3. Абай өз маңайына топтастырды:

  4. Абайдың дүниеге келген жері:

  5. Алтынсарыұлының көңіл аударған саласы:

  6. Ыбырай Алтынсарыұлы жазған оқу құралы:

  7. Қыздарға арналған мектеп-интернат ұйымдастырылды:

  8. Ыбырай Алтынсарыұлы инспекторлық қызметіне тағайындалды:

  9. Ыбырай Алтынсарыұлының 1864 жылы Орынборда атқарған қызметі:

  10. Ыбырай Алтынсарыұлы мектепті алтын медальмен бітірді:

  11. «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» кітабының авторын көрсетіңіз:

  12. Абайдың өмір сүрген жылдарын көрсетіңіз:

  13. Абайдың «Орта жүз қазақ ордасының руларының шығу тарихы туралы жазбалар» еңбегі жарық көрген:

  14. Ыбырай Алтынсарин қазақ қыздарына арналған мектеп-интернаттарын қай қалаларда ашқызды?

  15. Абай Құнанбайұлының ұлдары кім?

Қате туралы хабарландыру