iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Қазақстандағы халық ағарту ісі
1867-1868 жылдардағы реформалар, біртіндеп қарқын ала бастаған қоғамдық қозғалыс Ресей империясының алшақ жатқан аудандарында да ағарту ісінің дамуына әсерін тигізді. Қазақстанда халыққа білім берудің басты бағыттары “Орал, Семей, Торғай, Ақмола, Сырдария, Жетісу облыстарын басқару туралы Ережеде” айқындалды. Ағарту ісін дамыту үшін қазақтарға өз еріктерімен қаржы жинауға құқық берілді. 1861 жылы Троицкіде, Орынбор бекінісінде, Қазалыдағы №1 фортта орыс-қазақ мектептері ашылды. Қазақ жастарын орыс мектептерінде оқытуда патша үкіметінің мақсаты тек сауат ашу емес, отаршылдық пиғылын іске асыру болды.
1868 жылы Түркістанда, 1878 жылы Семейде құрылған статистикалық комитеттер ғылым мен білімнің, сауаттылықтың негіздерін таратуда белгілі рөл атқарды. Орыс географиялық қоғамының Түркістан, Батыс Сібір бөлімдері, Семей бөлімшесі қазақ жерінде ғылыми экспедициялар ұйымдастырды. Абай Құнанбайұлы Семей облыстық статистикалық комитетінің мүшесі болды. 1883 жылы Семейде 260 кітап қоры бар қоғамдық кітапхана ашылды. Ақысыз пайдаланатын қоғамдық кітапханалар Торғайда, Орынборда ашылды. 1876 жылы Ташкентте халықтың сауатын көтеруді мақсат еткен арнайы комиссия ұйымдастырылды.
Қазалы және Перовскідегі мектептер кейін қалалық училищелер болып қайта құрылды. Бұл училищелерде Қазанда, Петербургте білім алған ұстаздар сабақ берді. Отаршылдық басқару жүйесіне тілмаштар даярлау, шаруашылық жəне шенеунік қызметкерлердің жетіспеуі аралас орыс-қазақ мектептерін көбейтуді қажет етті. Мұсылман дін өкілдері мешіт жанында мектептер ашу үшін уездік басқармадан ерекше рұқсат алуы қажет болды. 1867 жылы Орынбор губернаторы Крыжановскийдің “Ресейдің шығыс бөлігінде мұсылмандықпен күресу жөніндегі шаралары” исламдық мектептерге шек қоюға бағытталды.
1879 жылы 11 желтоқсанда Н.Крыжановский халық ағарту министріне жолдаған хатында Орал, Торғай облыстарында сауаттылық дəрежесін көтеру, қазақ мектептері үшін арнайы оқытушылар даярлайтын оқу орындарын ашу, оқу орындарын бітіргендерді ауылдық старшын, болыстық іс жүргізуші, молда қызметіне тағайындауды ұсынды.
1872 жылы Омбыда, 1879 жылы Ташкентте мұғалімдер институттары ашылды. 1883 жылы тұңғыш қазақ мұғалімдік мектебі Орынбор губерниясының Орск қаласында ашылды. Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне ағартушы Ы.Алтынсарыұлы тағайындалды.
19 ғасырда Қазақстанда қалыптасқан ағарту ісінің жүйесі: Бастауыш оқу орындары – приход мектептері, толықтырылмаған гимназиялар, орыс-қазақ аралас мектептері, ауылдық сауаттылықтың негізін үйрететін мектеп. Орта оқу орындары – реалдық училищелер, гимназиялар, мұғалімдер семинариялары. Арнайы маман даярлайтын оқу орындары – қазақтың мұғалім даярлайтын мектептері, ауылшаруашылық, мал дəрігерлік, Торғайдағы қолөнер мектебі, Оралдағы қолөнер кəсіпшілігіне дайындайтын арнайы мектеп, Омбыдағы механикалық-техникалық училище, Атыраудағы теңізде жүзу ісін үйрететін мектеп.
1870 жылғы 26 наурызда "Бұратана халықтар арасында сауаттылықты ашу туралы арнайы ережеге" сəйкес мешіттердің жанында ашылған мектептерде орыс тілін оқыту міндетті деп танылды.
Пантюркизм мен панисламизмнің орын тебуіне қарсы күрес дегенді желеу еткен облыстың губернаторлары мұсылмандық оқу орындарының оқытушыларды қуғындап, әкімшілік шаралармен жазалап отырды. Торғай мен Орал облыстарындағы оқу орындары Орынбор оқу округіне бағындырылды. Ақмола мен Семей облыстарындағы оқу орындары Батыс Сібір оқу округіне қарады. Сырдария мен Жетісу облыстарындағы оқу орындарының қызметін қадағалау Түркістан генерал-губернаторлығына тапсырылды. Оқу орындарындағы өзгерістерді ретке келтіріп отыру кеңсесі Томск қаласындағы шенеуніктерге бағындырылды.
Шыңжаңнан Жетісуға ұйғырлар мен дүнгендердің көптеп келуі, Оңтүстік Қазақстанда қазақтардың басымдылығы орыс – “түземдік” мектептердің көбірек ашылуына əсер етті.
19 ғасырдың аяғында Қазақстанда ағарту ісінде жан басына шағылған шығын өте төмен болды. Торғай облысы – 19,5 тиын, Орал облысы – 16,2 тиын, Ақмола облысы – 11,3 тиын, Сырдария облысы – 9,7 тиын, Семей облысы – 7 тиын, Жетісу облысы – 5,5 тиын. Қазақстанда ағарту ісінің дамуына кедергі болған негізгі себеп – оқу орындарының барлық буындарында білімді ұстаздардың жетіспеуі. Оқу ісін ұйымдастырудағы олқылықтар, жалақының аздығы, оқу құралдарының, оқулықтардың жетіспеуі, қаржының тапшылығы халық ағарту ісінің дамуына кедергі болды.
-
Семей облысында ағарту ісінде жан басына бөлінетін шығын:
-
Ағарту ісінің дамуына кедергі болған негізгі себеп:
-
Оқу орындарындағы өзгерістерді ретке келтіріп отыру кеңсесі бағындырылды
-
1870 жылғы 26 наурызда "Бұратана халықтар арасында сауаттылықты ашу туралы арнайы ережеге" сəйкес мешіттердің жанында ашылған мектептерде оқыту міндетті деп танылды:
-
Механикалық-техникалық училище ашылған қала:
-
Тұңғыш қазақ мұғалімдік мектебі ашылды:
-
Мешіт жанында мектептер ашу үшін рұқсат алынды:
-
Қазалы және Перовскідегі мектептер қайта құрылып:
-
Халық сауатын көтеру үшін 1883 жылы Семей, Торғай, Орынборда ашылды:
-
1868, 1878 жылдары статистикалық комитеттер құрылған қалалар:
-
Қазақстанда халыққа білім берудің басты бағыттары айқындалған Ереже:
-
1872-, 1879-жылдарда мұғалімдер институты қай қалаларда ашылды?
-
Медресені бітіргендер өз білімдерін жалғастыру үшін діни оқу орындарға қай қалаларға барды?