iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Мұсылмандардың ағарту жүйесі
19 ғасырдағы Қазақстанда мұсылмандық білім алу көптеген жасанды кедергілерге тап болды. Мұсылмандық оқу орындарын аралаған патша шенеуніктері көшпелі халық арасында сауаттылықтың таралу мүмкіндігіне сенімсіздікпен қарады. Патша үкіметінің мақсаты орыс жəне орыс-қазақ зиялы мектептерін ашу жəне кеңейту болды. Сонымен қатар мына міндеттерді шешуге тырысты: орыс қоныстанушыларының бастауыш білім алуға деген талабын қанағаттандыру, табиғи байлықты игеру үшін білімді мамандарды даярлау, отарлау жүйесінің басқармасы, болыстық, уездік, облыстық əкімшілік үшін сауатты адамдар даярлау.
Патша үкіметі ағартушылықпен ғана емес, сонымен бірге көшпелі халықты орыстандырумен айналысты. 1870 жылы 26 наурызда “Бөтен христиандар мен татар магометандар туралы арнайы Ереже” бекітілді. Бұл Ережеде мемлекет қаржыландыратын қалалық және ауылдық бастауыш мектеп, орыс тілін білетін оқытушы молда не татарша білетін орыс мұғалімі болуы, өз қаржысы есебінен мұсылман заңдарын оқытатын мұғалімдерді тарту көзделді. Сонымен бірге жаңа ашылған мектеп немесе медресе орыс мұғалімін алуға міндетті болды. Орыс сыныптардың болуынан бас тартқан ұстаздар қудаланды. 1887 жылы Семей облысында 13 қалалық мектеп болған, онда 605 ер бала оқыды. 1912 жылы Торғай облысының Қостанай уезінде 9 ер балалар (494 оқушы) жəне қыздар мектебі жұмыс істеген. Бұл мектептерде әліппені оқытып, арифметикалық төрт амалды үйретті және құран сүрелерін жаттатты.
Медреселер жан-жақты білім беруге негізделді. Құранды оқытумен қатар, мүлікті мұраға қалдыру жəне бөлу туралы заң, мұсылман заңдары, тарих, философия, жаратылыстану энциклопедиясы, юриспруденция, араб тілінің грамматикасы, догматика, логика, математика, орыс тілі оқытылды. Медресені бітіргендер өз білімдерін Бұхара мен Ташкенттегі діни оқу орындарында жалғастырған. Қазан, Орынбор, Орта Азиядағы діни семинарияны, медресені бітірген мұғалімдер адамгершілік қасиетті жоғары қойды. Далалық облыстарда медреселерде бала саны 70-тен аспайтын. Оқушылар жасы 8-20 жас, кейде 30-40 жастағы адамдар да оқыған. "Ереже" бойынша 16 жасқа дейін қабылдау керек болатын. Оқу бағдарламасы 3, 4, 5, 10 жылға созылды. Оқу жылы мамырда басталып, тамызда аяқталды. Оқу кестесі 7.00-ден 11.00-ге дейін және 13.00-ден 16.00-ге дейін жоспарланған.
Петропавлдағы қалалық мұсылмандар кітапханасы думаның қаржыландыруымен 1910 жылға дейін жұмыс істеді. Кейін Петропавл қоғамы тек бір ғана мұсылмандардың мүддесін көздейді деген жаламен жауып тастады. 1905 жылғы 17 қазандағы манифестен кейін тегін кітапханалар ашылды.
Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Розенбахтың 1888 жылғы 8 қыркүйектегі мәліметінде өлкеде 206 медресе, 3660 мектеп, 4000 мұғалім, 49 мыңдай оқушы бар деп көрсетілген. Ал 1896 жылғы мәлімет бойынша мұсылман мектептерінде 77711 шәкірт оқыған.
Қазақ жастары Орынбор мұғалімдер институтында, Омбыда, Қазанда, Томскіде және Петербург университетінде оқыған.
1896 жылы Ресей оқу орындарында Торғай облысынан 50-ге жуық қазақ студенттері білім алды. Петербург университетінің стипендиаты, Семей облысынан шыққан Жақып Ақбаев алғашқы кəсіпқой қазақ заңгері болды.
Қазақстандағы білім саласындағы үкімет саясаты ең алдымен отаршылдық ниеттерін іске асыруға кедергі болып отыр деп есептеген мұсылман мектептерінің ықпалын әлсіретуді мақсат етті.
-
1896 жылы Торғай облысынан Ресейде қазақ студенттері білім алды:
-
1897 жылғы санақ бойынша хат танитын қазақтардың үлесі:
-
Петербург университетінің стипендиаты Жақып Ақбаевтың мамандығы:
-
1888 жылы Түркістан өлкесіндегі мектептер саны:
-
Думаның қаржыландыруымен 1910 жылға дейін жұмыс істеген кітапхана орналасқан қала:
-
Далалық облыстардағы медреселердегі бала саны:
-
Медресені бітіргендер білімдерін жалғастырды:
-
1887 жылы Семей облысындағы қалалық мектептер саны:
-
“Бөтен христиандар мен татар магометандар туралы арнайы Ереже” бекітілді:
-
Патша үкіметі ағартушылықпен ғана емес, сонымен бірге: