Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Кіші жүздің Ресей империясы құрамына кіруі

Конспект

Жоңғар қаупінің жойылмауы билеушілерден сыртқы қауіптен құтқаратын жол іздеуді талап етті. Кіші жүз ханы Әбілқайыр (1680-1748) Ресейдің құрамына енуді ойластырды. Ол көздеген мақсаттардың ішіндегі ең бастысы Жоңғарларға қарсы күресте Ресеймен бірігу болды. Әбілқайыр ханның мақсаттары қазақ ауылдарының шаруашылық мұқтажымен де байланысты болды. Жайықтың төменгі ағысы, Есіл, Ертіс, Ор өзендері бойындағы қазақтардың мал жайылымдары үшін бейбіт өмірді сақтауды Ресеймен келісімге келу арқылы шешуді ойластырды. Бұдан басқа қалмақтар мен башқұрттардың Қазақ жерін шабуылдауын тоқтатуды көздеді. Петербург билеушілеріне арқа сүйеп, аға хандыққа таласта қарсыластарын жеңуді де ойлады. Қазақ жері арқылы өтетін керуен жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету- оның мақсаттарының бірі болды. Кіші жүз ақсүйектерінің талабы Ресеймен əскери одақ құру болды.

Əбілқайыр хан Петербургке аттанған елшілері – Сейітқұл Қойдағұлұлы мен Құтлымбет Қоштайұлына Ресейдің қол астына кіру туралы құжат тапсырды. 1731 жылғы 19 ақпанда Кіші жүзді империя құрамына қабылдау туралы хан ұсынысын императрица Анна Иоанновна қабылдады. 1731 жылғы 10 қазанда Кіші жүздің 29 старшыны Ресейдің қол астына кіруге ант берді. Барақ сұлтан, Бөкенбай батыр топтары Кіші жүзді Ресейге қосу жөніндегі шараларды аяқсыз қалдыруға тырысқанмен, бұл қарсылық сəтсіз аяқталды.

18 ғасырдың 30-40 жылдары қазақ халқының саяси дамуындағы күрделі кезең болды. 1740 жылы Иран əміршісі Нəдіршахтың Хиуаны талқандап, Сырдария өңіріне жақындауы қазақтардың жағдайын ауырлата түсті.

Орыс үкіметі Қазақ өлкесі жөнінде отаршылдық саясат ұстанып, 1714-1720 жылдары Ертіс өзенінің жоғары ағысында бекіністер тұрғызған болатын. Ол бекіністер – Жəміш, Омбы, Колбасинск, Железинск, Семей, Коряков (Кереку), Өскемен. Патша үкіметі қазақ-жоңғар соғысын пайдаланып, бекіністер салу арқылы Қазақ өлкесін біртіндеп жаулап алу мақсатын көздеді. 1734 жылы мамырда Сенат хатшысы И.К.Кириллов басқарған «Қырғыз-қайсақ экспедициясы» жабдықталып, Қазақстанға жіберілді. 1735 жылы Ор өзені бойында Ор бекінісінің негізі қаланды. 1738 жылы тамызда Орынбор комиссиясының басшысы, тарихшы В.Н.Татищев Орынборда қазақ сұлтандарының сьезін өткізді. Кіші жүз бен Орта жүзден барлығы 60-қа жуық старшын Ресейге берілгендігін қуаттап екінші рет ант берді. 1740 жылы тамызда Əбілмəмбет хан мен Абылай сұлтан Ресейге ант берді. Алайда Орта жүз дербестігін әлі де сақтады.

Ресей үкіметі қазақтарды қорғау деген желеумен зеңбірек пен əскери бөлімдерді Ертіс, Алтай өңіріндегі бекіністерге орналастырды. Олар экономикалық мүдделерін бірінші орынға қойып, кенге бай Алтай өңірін отарлауды тезірек аяқтауға тырысты.

1741-1742 жылдары қонтайшы Қалдан Серен (Галдан Цэрэн) Орта жүз бен Кіші жүзге екінші “ақтабан шұбырынды” жорықтарын жасады. Орта жүз қазақтары Ор бекінісіне дейін ығыстырылды. 1742 жылы 20 мамырда Ресей Сенаты қазақтарды жəне шекаралық бекіністерді қорғау жөнінде жарлық шығарды. 1742 жылы 2 қыркүйекте Орынбор комиссиясының төрағасы И.Н. Неплюев Қалдан Серенге жолдаған хатында Ресейдің қарамағындағы қазақтарға қысым жасамауды талап етті. Кіші жүз ханы Əбілқайырдың беделі өсіп, Орта жүздің Арғын, Керей, Уақ, Қыпшақ рулары оны аға хан ретінде мойындады. Орта жүз ханы Əбілмəмбет Түркістанға, Əбілқайырдың жауы Барақ сұлтан оңтүстік-шығыс аймаққа ығыстырылды. Кіші жүз ханы ауыр жағдайға қарамастан, қазақ жерін өз қолына біріктіруге тырысты. Ресей үкіметі Əбілқайырдың дара билігінің күшеюіне қарсы болды. Империяның қысымына шыдамаған Əбілқайыр Ресейден қайтадан бөлініп кетуді ойластырды. 1748 жылы Əбілқайыр Барақ сұлтанның қолынан қаза тапты.

Ресей империясы құнарлы жерлерді иемденіп, оларды төрелерге, қожаларға берді және ресейлік ірі помещиктер Юсупов пен Безбородкоға Каспий жағалауының құнарлы жерлерді бөліп берді. Бұл Бөкей Ордасындағы көтерілістің басталуының себептерінің бірі еді.

Əбілқайыр ханның 1731 жылы Ресей билігін мойындауы Қазақстан тарихындағы өзекті оқиға. Бұл қадамның жоңғарлардың қазақ жеріне шапқыншылығына белгілі дәрежеде шек қойғаны мәлім.



Сұрақтар
  1. Ресей императрицасы Анна Иоанновнаның Кіші жүз елшілігін қабылдаған жылы

  2. 1731 жылы Ресейдің қол астына кіруге ант берген Кіші Жүз старшындарының саны

  3. Кіші жүздің дербестігін сақтап қалуға тырысқан табын руынан шыққан батыр

  4. 1714–1720 жылдары патша өкіметінің Ертіс бойына əскери бекіністер салудағы басты мақсаты

  5. И.К. Кириллов басқарған экспедиция жабдықталды

  6. Ор бекінісінің негізі қаланды

  7. 1738 жылы Орынборда қазақ сұлтандарының съезін өткізген Орынбор комиссиясының басшысы

  8. Əбілмəмбет хан мен Абылай сұлтан Ресейге ант берді

  9. XVIII ғасырдың 40-жылдары Хиуаны талқандап, Сырдария өңіріне жақындаған кімдер?

  10. Екінші «ақтабан шұбырынды» жорығы бағытталды

  11. Жоңғарлардан Ресейдің қарамағындағы қазақтарға қысым жасамау талап етілді

  12. Орыс үкіметінің әскери бөлімдері орналасқан өңір

  13. Орта жүздің кейбір рулары аға хан ретінде мойындады

  14. 1747 жылы Хиуа тағына отырды

  15. Кіші жүз ханы Әбілқайыр қайтыс болды

  16. Кіші жүз ханының Петербургке елшілік жібергендегі мақсаты

  17. Кіші жүз ақсүйектерінің талабы

  18. Әбілқайыр ханның шаруашылық мұқтаждыққа байланысты көздеген мақсаты

  19. Əбілқайыр ханның басты мақсаты

  20. Каспий жағалауының құнарлы жерлерін иемденген Ресей помещиктері

  21.  «Қырғыз-қайсақ» экспедициясы Ресейде құрылды

  22. Кіші жүзді империя құрамына қабылдау туралы ұсынысын императрица Анна Иоанновнаға жеткізген қазақ елшілері кімдер?

  23. 1740 жылы Орынбор қаласында Ресей бодандығын қабылдайтындарын мәлімдеген Орта жүз билеушілері кімдер?

Қате туралы хабарландыру