iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Қазақстан 18 ғасырдың ортасында
Әбілқайырдың мұрагері Нұралының иелігіне шек қойылды. Әбілқайыр ханның басты тірегі болған шекті руы Батыр сұлтанды хан деп таныды. Әбілқайыр қазасынан кейін Кіші жүзде екі хандық орнады. Оңтүстік-шығыс бөлігінде –Батыр сұлтан, солтүстік-батыс бөлігінде Нұралы. Бұл жағдай патша үкіметінің Каспий теңізінің солтүстік-шығыс аудандарын отарлауы үшін қолайлы болды. Патша əскерінің қуғынына ұшыраған 50000 башқұрт Қазақ хандығына қашып, қазақ ауылдарынан қорғаныш тапты. Бұл жағдай Ресей билеушілері тарапынан Кіші жүз қазақтарына өшпенділікті күшейтті. 18 ғасырдың 20-жылдары Алтайды патша үкіметінің отарлауы барысында пайда болған кен орындары мен зауыттарға қауіп төнді.
1747 жылы патшайым Елизавета Петровна үкіметі Демидовтар əулетінің қолында болған Алтай тау-кен кəсіпорындарын орыс патшалары отбасыларының меншігі деп жариялады.
1745 жылы күзде қалмақтардың билеушісі Қалдан Серен қайтыс болды.Таққа талас басталып, Орталық Азиядағы саяси жағдай шиеленісіп кетті.1755 жылы жоңғар тайпалары арасындағы талас нəтижесінде Жоңғар хандығы əлсіреді. Бұл жағдайды Пекин сарайы өз мүддесіне пайдалануға тырысты. 1755 жылы 19 шілдеде жоңғар мемлекетінің иелігі Цин өкіметінің меншігі деп жарияланды. Əмірсана Цин билігіне қарсы шығып, қазақ сұлтандары Абылай мен Əбілпайызға арқа сүйеді. Маньчжур-Цин əулеті Əмірсананың қарсылығын жаныштай отырып, Жоңғарияны түбегейлі талқандауға кірісті. 1758 жылы Жоңғария толық талқандалды. 1761 жылы империялық əкімшілік бірлестік – Шыңжан (жаңа шекара) құрылды.
18 ғасырдың 40-50 жылдары Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірі бекініс шептермен қоршалып, Горькая, Ертіс, Колыван, Есіл немесе Пресногорьковск шептері пайда болды. Ең ірі бекініс Петропавл 1752 жылы салынды. Ой шебі Жаңа Есіл шебімен жалғасты (540 верста). Гурьев қалашығынан Звериноголовск бекінісі арасының ұзындығы 1600 шақырым. Қамалдар қыспағында қалған қазақтардың көшіп-қонатын жерлері тарыла бастады. Жайықтың, Есілдің, Торғайдың, Ертістің бойындағы көшпелі халықтың шұрайлы жерлерінде отаршылдық езгінің қаупі күшейді.
18 ғасырдың 60 жылдары қазақ-орыс сауда байланыстарының кеңейген кезеңі. Сауда айналымының орталығы Орынбор қаласы болды. Шыңжаңмен сауда байланысының орталықтары-Семей, Өскемен, Бұқтырма қоныстары. Ташкент, Бұхар, Қоқан жəне Қашғар көпестерінің жиі келетін сауда орталығы – Қызылжар (Петропавл) қаласы. Батыс Сібір, Орта Азияны сапалы ас тұзымен қамтамасыз ететін орталықтар пайда болды: Керекудің маңындағы Қалқаман, Қарасу тұз көлдері. Қазақтармен сауданың тиімділігіне көңіл аударған орыс үкіметі бекіністерде мешіттер салғызды, айырбас сарайларын кеңітті.
1756 жылғы қыркүйекте Жайық жағасына жақын жерлерде қазақтарға мал жаюға алғаш рет ресми шек қойылды. Ал 1757 жылғы желтоқсанның соңында Кіші жүз ханы Нұралыға Жайықтан мал айдап өтуге қазақтарға тыйым салынғандығы жөнінде шешім тапсырылды. Кіші жүздегі Нұралы хан мен Батыр сұлтан арасындағы кикілжіңді пайдаланған Петербург билеушілері Каспий теңізі мен Жайық өңіріндегі шұрайлы жерлерді казактарға тартып əперді. Ертістің оң жағасындағы шұрайлы жерлерді бекініс коменданттары иеленіп алды. Бекіністерден алғашында 10 шақырым, кейін 50 шақырым жерге дейін қазақтардың мал жаюына тыйым салынды. 1760 жылы Ертіс өңіріне Ресейдің əр түкпірінен жерсіз шаруаларды, қылмыскерлерді, Доннан, Башқұрт жерінен казактарды əкеліп қоныстандырды.
1757-1758 жылдары Орынбор өлкесін басқарған П.И.Рычков пен А.И.Тевкелев 1756 жылғы үкімет талабын ресми түрде іске асырудың орынсыз екенін түсінді. Сондықтан аманат алу арқылы қазақтарға Жайықтың оң жағасына өтуіне рұқсат берді. Орынбор губернаторы А.Г.Давыдов тұсында қысым қайта күшейді.
18 ғасырдың 60 жылдарының соңы – 70 жылдардың басында Семейде 330-ға жуық қазақ көпестері сауда жасаған. 1765 жылы Жәміш бекінісінде барлығы 350 қазақ, соның 158-і Қазыбек би мен Абылай жіберген саудагер болған. Қазақ-орыс саудасындағы отарлық белгілер кейін бұл сауданың бір жақты дамуына жол ашып, Қазақстанның Ресейге тəуелділігін күшейтті.
1766 жылы Əбілмəмбет хан Бұхар саудагерлерінің өтінішімен Екатерина патшайымға хат жолдап, Түркістан арқылы өтетін ірі керуенді Семей, Жəміш бекіністерінде шек қоймай қабылдауға рұқсат алды. 1767 жылы 15 қарашада II Екатерина Бұхар саудагерлеріне Қазақстан территориясында еркін сауда жасауға рұқсат берді. 1799 жылғы 21 қарашада император I Павел жарлығымен Орта жүз қазақтарының 45000 отбасына Ертістің оң жағасына мал жаюға, қайтадан қоныстануға рұқсат етілді.
Патша үкіметінің қазақтардың өз жерін пайдалануына шек қоюы, орыс-казак шаруаларын қоныстандыра бастауы қазақтардың жерін басып алу шараларының бастамасы болды.
-
Кіші жүзде Батыр сұлтанды хан деп таныған ру:
-
Патша қуғынына ұшырап, Қазақстанға қашқан башқұрттар саны:
-
18 ғасырдың 40 жылдары Орталық Азиядағы саяси жағдайдың шиеленісу себебі:
-
Алтайдағы тау-кен кəсіпорындарын орыс патшаларының отбасыларының меншігі деп жариялаған патша:
-
Жоңғар хандығы әлсіреді:
-
Жоңғар мемлекетінің иелігі:
-
Қытай әскері Қазақстан шекарасына жетті:
-
Жоңғария толық талқандалды:
-
Бекініс шептермен қоршалған Қазақстан өңірі:
-
1752 жылы салынған ең ірі бекініс:
-
Қазақ-орыс сауда байланыстарының кеңейген кезеңі:
-
Батыс Сібір, Орта Азияны сапалы ас тұзымен қамтамасыз ететін орталықтар:
-
Қазақ керуендерін Семей, Жəміш бекіністерінде шек қоймай қабылдауға рұқсат алды:
-
Шыңжаңмен сауда байланысының орталықтары:
-
Жәміш бекінісіне Қазыбек би мен Абылай жіберген саудагерлер саны:
-
Жайық бойында қазақтарға мал жаюға алғаш рет ресми шек қойылды:
-
Ресей өкіметі Каспий теңізі мен Жайық өңірін отарлауда пайдаланған басты қаруы:
-
Қазақтарға Жайықтың оң жағасына өтуіне 1757-1758 жылдары рұқсат берді:
-
Ертістің оң жағасындағы жерлерді иеленді:
-
Қазақтарға Ертістің оң жағасына қоныстануға рұқсат етілді:
-
Әбілқайыр ханның өлімінен кейін Кіші жүзді кім басқарды?
-
1762 жылы қарақалпақтарға қарсы аттанып, оларды бағындырмақ болған кім?