iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Әбу Сәрсенбаев поэзиясы
Қазақ поэзиясының белгілі де беделді өкілдерінің бірі Жұбан Молдағалиев 1920 жылы Батыс Қазақстан өңірінде Тайпақ ауданына қарайтын «Жыланды» деген жерде дүниеге келген. Ж.Молдағалиевтің алғашқы жыр жинағы 1949 жылы «Жеңіс жырлары» деген атпен жарық көрген. Ұлы Отан соғысының отты жылдарын өз басынан кешірген ақын «Әлия», «Ер қабірі», «Батыр туралы баллада» өлеңдерінде ерлікті, отансүюшілікті, жеңіске деген сенімді жырлаған. «Махаббат ерлігі» өлеңінде бірін-бірі сүйеп, демеп жүрген екі музыкант мүгедектердің тағдыры жырланған. Ақын Ж. Молдағалиевке «Ғашық көзбен» жыр жинағы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілген. Ж. Молдағалиев лирикалық өлеңдерімен бірге кең көлемді эпикалық шығармалар да жазған. Қаламгердің алғашқы «Нұрлы жол», «Қызыл галстук», «Қиял қанатында» деген алғашқы поэмалары жасөспірімдер өмірінен жазылған. Ж. Молдағалиевтің эпикалық шығармаларының ішіндегі шоқтығы биік туындысы – татар халқының батыр ұлы және ақыны Мұса Жәлелдің фашистер тұтқынында өткен өмірі мен ерлігі туралы «Жыр туралы жыр» поэмасы. Осы дастаны үшін Ж. Молдағалиев Татарстанның Құрмет грамотасымен марапатталған. Ж.Молдағалиевтің поэмаларының ішіндегі ең көлемдісі марқұм анасы Зеріпке арнаған, өмірбаяндық деректерге негізделген «Жесір тағдыры» атты шығармасы. Ақынның Махамбет өмірінен жазған «Кек», сондай-ақ «Айттым сәлем», «Байқоңыр баспалдақтары», тың игерушілерге арналған «Сел», «Қыран дала», Құрманғазы туралы «Кісен ашқан» поэмалары бар. 1969 жылы «Кісен ашқан» поэмасы кітап болып шықты да, 1970 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа, «Сел» поэмасы 1978 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлыққа ие болған.
Жұбан Молдағалиевтің ақындық даңқын көтеріп, есімін әлемге мойындатқан шығармасы – «Мен – қазақпын» поэмасы. Поэмада ақын:
Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске –
Айта бергім, келеді айта бергім, –
деп, қазақ халқының ерлік дәстүрін, рухының жоғарылығын, елі мен жерін, адамдары жайлы бейнелі пафосты жыр төккен. Исатай найзасы боп жарқылдап, Махамбет, Шоқан, Абай боп тіл қатқан, Қаныш, Сәкен, Күләш, Жамбыл сынды біртуар тұлғаларын мақтан тұтқан. «Мен – қазақпын» деп саңқылдап, қазақ халқының ары мен намысын, ұлттық дәстүрі мен салтын, ұлттығы мен халықтығын сақтап қалуға өз үнін қосқан.
Қазақ халқының азамат ақыны, отансүйгіш патриот ұлы Жұбан Молдағалиев 1987 жылы қайтыс болған.
Қазақ халқының көрнекті лирик ақындарының бірі Сырбай Мәуленов 1922 жылы Торғай облысының Жангелдин ауданында туған. Әкесі Мәулен ел арасындағы өлең-жырларды жақсы білетін, ескіше хат таныған көзі ашық адам болған екен. Сырбай Мәуленовтің жастық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарында өткендіктен өлеңдерінің көбі жауынгерлік тақырыпты қамтыған. Ақынның «Кек», «Ұйқысыз өткен түнде», «Солдат сыры», «Боранда», «Шуылдайды қара орман», «Есіңе ал», «Мың қолдар сау болсын», «Жастығым, сені жоғалттым», «Соғыстан қайтқан солдаттар», «Белгісіз солдат басында», т.б. өлеңдерінде майдан өмірінің ауыр шындығы мен өліммен бетпе-бет келіп, оны талай рет жеңіп шыққан солдаттың басынан кешкен сын сағаттары бейнеленген. Сырбай ақынның жыр жинағы 1966 жылы «Шаңқай түс» деген атпен жарыққа шыққан. Жинаққа енген «Құлын» өлеңінде құлын өмірдің символдық бейнесі ретінде алынған. Ақын поэзиясының өзіндік ерекшелігі – бояуларды сөйлету. С. Мәуленовтің Ленинград қаласына барған сапарына байланысты туған «Ақ түн» өлеңі қазақ әдебиетіндегі жаңалық болып табылады. Ақынның бұл жаңалығы туралы Ә. Тәжібаев: «Ақ түсті арнайы жырлау біздің қазақ поэзиясында С. Мәуленовтің «Ақ түн» өлеңінен кейін өріс алды. Бұл – өнер үшін ірі жаңалық», – деген. С. Мәуленов лирикаларында ақ, боз, көк, қара, қызыл, сары, қоңыр түстер көркемдік контексте шебер қолданылған. С. Мәуленов өз кезінде қазақ поэзиясының құрылысына да жаңалық енгізген. Ақынның «Беріктік», «Туған жерім, ыстықсың», «Жас қайыңды жапырақ» өлеңдері бес тармақтан құралған.
Мәуленовтің 1971 жылы естеліктер мен портреттерден құралған «Үркер төбеде тұр» деген жинағы жарияланған. Ақын балаларға арнап «Барлаушы бала», «Құлыншақ», «Бала жолбарыс» деген өлеңдер мен әңгімелер де жазған. С. Мәуленовтің қазақ әдебиетін дамыту саласындағы еңбегі жоғары бағаланып, Қазақстанның Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілген. Шығармалары қазақ поэзиясының жарқын беттері болып жазылған С. Мәуленов 1993 жылы қайтыс болған.
Әбу Сәрсенбаев 1905 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Алға ауылында дүниеге келген. Әдебиетке 1930 жылдардың орта тұсында келген Ә. Сәрсенбаевтың «Еділ толқыны», «Жүрек сыйы», «Ант», «Ақша бұлт» атты өлең кітаптары, «Толқында туғандар», «Теңіз әуендері» романдары, «Теңіз махаббаты» пьесасы, «Капитан ұлы» повесі, «Дүлей теңіз», «Ақ Жайық», «Балықшы әні», «Матрос жыры», «Ақша бұлт», «Туған жер, «Сен құрметте оны, қарағым!» өлеңдері, әскери новеллалары мен эсселер жинағы бар. Жазушының шығармалары орыс, эстон, түрікмен, тәжік, болгар тілдеріне аударылған. Ә. Сәрсенбаевтың өзі де А. Пушкин, М. Лермонтов, Ш. Петефи, Н. Некрасов шығармаларын қазақ тілінде сөйлеткен.
Қайран сол сәби кезім, ерке кезім.
Тек жеті-ақ жыл, жеті жыл еркеледім.
Сен неге, қатаң тағдыр жұлып алдың
Күлкімді көкірегімнен ерте менің! –
деп ақынның өзі жырлағандай, жеті жасында «сүйенер бәйтерегі бір түнде құлап», күнкөріс тауқыметі өз басына түскен Әбу он жасынан бастап көк теңізге шығып, еңбекке араласқан. Әке жолын қуған Әбудің ес білгеннен егде тартқанша тыңдағаны теңіз үні болғандықтан ақын шығармаларының тақырыбы да, асқақта жырлағаны да теңізшілер сыры, Атырау айдыны болған. Ақын өзінің «Туған жер» өлеңінде:
Сенен артық қасиет жоқ-ты, жер, тегі,
Сен ұрпақтың күліп атар ертеңі.
Тағдырыңды тапсыр маған, туған жер,
Көркейтуге міндеттімін мен сені, –
деп, туған жер, өскен ел алдындағы азаматтық борышын жырласа, «Сен құрметте оны, қарағым!» өлеңінде сый, құрмет, имандылық, адамгершілік мәселесін көтерген. Әбу Сәрсенбаев 1997 жылы қайтыс болған.
-
Жұбан Молдағалиевтің Мемлекеттік сыйлыққа ие болған кітабын көрсетіңіз.
-
Ж. Молдағалиевтің алғашқы поэмасын көрсетіңіз.
-
Ж. Молдағалиевтің татар ақыны Мұса Жәлел туралы дастанын көрсетіңіз.
-
Ж. Молдағалиевтің тұңғыш өлеңдер жинағын көрсетіңіз.
-
Ж. Молдағалиевтің өлеңін көрсетіңіз.
-
Ж. Молдағалиевтің мүгедек музыканттар туралы өлеңін көрсетіңіз.
-
Ж. Молдағалиевтің ақындық даңқын көтерген шығармасын көрсетіңіз.
-
Ж. Молдағалиевтің анасына арнаған поэмасын көрсетіңіз.
-
Ж. Молдағалиевтің Сәкен, Күләш, Жамбыл, Қаныш есімдері аталатын шығармасын көрсетіңіз.
-
Ж. Молдағалиевтің Махамбет, Шоқан, Абай боп тіл қататын шығармасын белгілеңіз.
-
Сырбай Мәуленовтің жыр жинағын көрсетіңіз.
-
С. Мәуленовтің естеліктер жинағын көрсетіңіз.
-
С. Мәуленовтің «Ақ түн» өлеңі қай қалаға арналғанын көрсетіңіз.
-
С. Мәуленовтің балаларға арнаған шығармасын көрсетіңіз.
-
«Ақ түсті арнайы жырлау біздің қазақ поэзиясында С. Мәуленовтің «Ақ түн» өлеңінен кейін өріс алды. Бұл – өнер үшін ірі жаңалық», – деген сөзді айтқан кім екенін көрсетіңіз.
-
С. Мәуленовтің бес тармақты өлеңін көрсетіңіз.
-
С. Мәуленовтің символдық бейнесі бар өлеңін көрсетіңіз.
-
Әбу Сәрсенбаевтың туған жерін көрсетіңіз.
-
Ә. Сәрсенбаевтың романын көрсетіңіз.
-
Ә. Сәрсенбаевтың өлеңін белгілеңіз.
-
Ә. Сәрсенбаев шығармаларына тақырып болған өңірді көрсетіңіз.
-
Ә. Сәрсенбаевтың повесін көрсетіңіз.
-
Ә.Сәрсенбаевтың:
«Қайран сол сәби кезім, ерке кезім.
Тек жеті-ақ жыл, жеті жыл еркеледім», – деген өлең жолдарындағы «Тек жеті жыл еркеледім» деген сөздің ақын өміріне қатысын көрсетіңіз.
-
Бос орынға Ә. Сәрсенбаев өлеңіне қажет сөзді көрсетіңіз.
Тағдырыңды тапсыр маған, _________,
Көркейтуге міндеттімін мен сені.
-
Ә. Сәрсенбаев неше жасынан бастап теңізге шығып, еңбекке араласқанын көрсетіңіз.
-
Ж. Молдағалиевтің «Жыр туралы жыр» поэмасының кейіпкері кім екенін белгілеңіз.
-
Жұбан Молдағалиевтің туған жылы мен туған жерін белгілеңіз.
-
Жұбан Молдағалиевтің «Ар-ұят туралы» өлеңінің композициясы басталатын әрекетті белгілеңіз.
-
«Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен» тармақтары қай ақынның шығармасынан алынғандығын табыңыз.
-
Ж. Молдағалиевтің алғашқы жырларында қандай тақырыптар жырланғандығын көрсетіңіз.
-
Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын!» поэмасындағы негізгі идеясы