Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Әбдіжәміл Нұрпейісов, Сапарғали Бегалин, Қалмақан Әбдіқадыров прозасы

Конспект

 

Қазақ әдебиетінің роман жанрына өзіндік үлес қосқан көрнекті жазушылардың бірі Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы Қызылорда облысының Арал ауданында дүниеге келген. 1947 жылдан бастап әдебиет әлеміне келген жазушының алғашқы шығармасы – 1950 жылы жарық көрген «Курляндия» романы өңделіп, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жарияланған. Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған романда халықтар достығы, адамгершілік, мораль мәселесі көтерілген. Жазушының «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» деген үш кітаптан тұратын «Қан мен тер» трилогиясы қазақ әдебиетіндегі айтулы шығармалар қатарына жатады. Роман-трилогияда Арал қазақтарының төңкеріс алдындағы, төңкеріс және Азамат соғысы жылдарындағы өмірі, ішкі-сыртқы жаулармен күресу тарихы көркемдікпен суреттелген. Шығарманың оқиғасы романның орталық кейіпкері Еламанның төңірегінде өрбіген. Бірінші кітап «Ымырт» намысшыл Еламанның дүниеқоңыз Федоровты өлтіруімен аяқталса, трилогияның «Сергелдең» деген екінші кітабында абақтыда болып, айдауда жүріп, түріктермен арадағы соғысқа қатысқан, жан-дүниесі өзгерген, өзіндік ой-өрісі қалыптасқан, сана-сезімі өскен Еламан бейнесі суреттелген. «Күйреу» атты үшінші кітапта оқиға желісіне негізгі кейіпкер ретінде Тәңірберген қатысқан. Жалпы трилогияның оқиғасы Еламан – Ақбала – Тәңірберген арасына желі болып тартылған. Романда Судыр Ахмет, Қарақатын, Ақбаланың әкесі Сүйеу қарт бейнелері де өзіндік ерекшелікпен сомдалған. Жазушының «Қан мен тер» трилогиясын академик М. Қаратаев: «Қан мен тер» романы бүкіл әдебиетіміз үшін зор творчестволық табыс, жақсы жаңалық», – деп бағалаған.

 

Жазушының тағы бір сүбелі туындысы – 1999 жылы жарық көрген «Сондай да бір күн болған» және «Сондай да бір түн болған» деген екі кітаптан тұратын, көкейкесті экологиялық, күллі адамзаттық мәңгілік мәселелерге арналған психологиялық-әлеуметтік «Соңғы парыз» атты роман-дилогиясы.

 

Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармашылығы қазіргі қазақ әдебиетін әлемге танытқан туындыларымен құнды.

 

Сапарғали Бегалин 1895 жылы Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Дегелең ауылында дүниеге келген. С. Бегалиннің «Қазақ бозбалаларына» деген алғашқы өлеңі 1914 жылы «Айқап» журналында жарияланған. Ақын, жазушы С. Бегалин қаламынан «Қыран кегі», «Цымлян теңіз», «Сырлы қайың» өлеңдер мен поэмалар, «Көксегеннің көргендері», «Ермектің алмасы», «Сәтжан», «Жас бұтақ», «Жеткіншектер», «Шоқан асулары», «Мектеп түлектері», «Қыран туралы аңыз» әңгіме, повестері, «Замана белестері» деген роман туған. С. Бегалин сонымен бірге халық ақындарының шығармаларын сұрыптап «Халық ақындары», «Өмір жыры» деген атпен жинақ етіп шығарған. Жазушы өнер саңлақтары туралы «Сахара сандуғаштары» деген монография да жазған.

 

Сапарғали Бегалин қазақ халқының тарихындағы біртуар тарихи тұлға Шоқан Уәлихановтың балалық шағынан «Бала Шоқан» деген шығарма жазған. Шығарма кейіпкерлері: Шоқан, Шыңғыс – Шоқанның әкесі, Жақып – Шоқанның інісі, Сыдық – құсшы жігіт, Кәмила – қызметші әйел, Айғаным – Шоқанның әжесі, Мысық – сары бала – Шыңғыс төренің күзектегі екі бөлмелі кеңсе үйінің күзетшісінің баласы, балшықтан түрлі мүсін жасайтын өнерлі бала.

 

Шығарма оқиғасы Құсмұрын жерінде ел күзекке қонып жатқан кезде өткен. «Күзек» сөзі малдың күзгі жайылымындағы қоныс деген мағынаны білдіреді. Сапарғали Бегалин 1983 жылы қайтыс болған.

 

Қалмақан Әбдіқадыров 1903 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында өмірге келген. Он екі жасында жетім қалып, тағдыр тауқыметін басынан кешірген. Қ. Әбдіқадыровтың «Сырдария» деген тұңғыш өлеңі 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған. Қ. Әбдіқадыровтың «Өміртайдың ауылы», «Амантай», «Алатаудың бауырында», «Тапқыш», «Тәтті қауын», «Есек пен өгіз» деген шығармалары балалар әдебиетін өркендетуге қосылған туындылар болып табылады. Жазушының «Қажымұқан» повесіне қазақ халқының атақты палуаны, классикалық күрестің дүниежүзілік чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмір жолы арқау болған. Он алты жасында Қызылжар қаласына жалданып жұмыс істеуге келген Қажымұқанның ұлы Петр қаласындағы Иван Лебедовтің тәжірибе мектебінен өтіп, күрес өнерінің қыр-сырына жаттыққаны, Париж қаласына келіп әлем палуандарымен тең дәрежеде өнер көрсеткені туралы қызықты да тартымды баяндалған.



Сұрақтар
  1. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің тұңғыш туындысын көрсетіңіз.

  2. Ә. Нұрпейісов қай өңірде дүниеге келгенін табыңыз.

  3. Ә. Нұрпейісовтің «Күткен күн» романының алғашқы атауын белгілеңіз.

  4. Ә. Нұрпейісовтің роман-дилогиясын көрсетіңіз.

  5. Ә. Нұрпейісовтің үш кітаптан тұратын шығармасын белгілеңіз.

  6. Судыр Ахмет Ә. Нұрпейісовтің қай шығармасының кейіпкері екенін табыңыз.

  7. Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының «Күйреу» кітабының негізгі кейіпкерін белгілеңіз.

  8. Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романындағы Ақбаланың әкесінің атын табыңыз.

  9. Ә. Нұрпейісовтің психологиялық-әлеуметтік романын көзрсетіңіз.

  10. Сапарғали Бегалин дүниеге келген аймақты көрсетіңіз.

  11. С. Бегалиннің алғашқы өлеңі қалай аталғанын көрсетіңіз.

  12. Бегалиннің романын көрсетіңіз.

  13. С. Бегалин шығармасының кейіпкері болған тарихи тұлғаны көрсетіңіз.

  14. С. Бегалиннің өнер саңлақтары туралы шығармасын белгілеңіз.

  15. С. Бегалиннің Ш. Уәлиханов туралы шығармасын көрсетіңіз.

  16. С. Бегалиннің «Бала Шоқан» шығармасындағы мүсінші баланың есімін көрсетіңіз.

  17. С. Бегалиннің «Бала Шоқан» шығармасындағы «күзек» сөзінің мағынасын көрсетіңіз.

  18. С. Бегалиннің «Бала Шоқан» шығармасындағы Мысықты қалай атайтынын табыңыз.

  19. Қалмақан Әбдіқадыровтың өмір сүрген жылдарын көрсетіңіз.

  20. Қ. Әбдіқадыров аударған әлемдік әдебиет үлгісін табыңыз.

  21. Қ. Әбдіқадыровтың повесін көрсетіңіз.

  22. Қ. Әбдіқадыровтың туған жерін көрсетіңіз.

  23. Қ. Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» повесінің басында Қажымұқанның жасы нешеде болғанын көрсетіңіз.

  24. Қ. Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» шығармасының «Қар күреген бала» бөлімінің оқиғасы қай жерде өткенін көрсетіңіз.

  25. Қ. Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» повесінің кейіпкері Қажымұқанды күрес өнеріне баулыған адамды көрсетіңіз.
  26. Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романындағы негізгі кейіпкерлер

Қате туралы хабарландыру