iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Шәкәрім Құдайбердіұлы, Шәңгерей Бөкеев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармалары
Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен әдебиетінің көрнекті өкілі Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858-1931 жылдары өмір сүрген. Шәкәрім – ұлы ақын Абайдың Құдайберді деген ағасынан туған немере інісі.
Бес жасында әкесі қайтыс болған Шәкәрім атасы Құнанбай мен ағасы Абайдың қамқорлығында болған. Жеті жасынан бастап өлеңге, өнерге әуестенген Шәкәрім өсе келе домбыра тарту, гармоньда ойнау, ән салу, саятшылық құру сияқты өнермен де шұғылданған. Шәкәрім Абайдың ақыл-кеңесімен, ықпалымен ізденудің нәтижесінде өз заманының ойшыл, білімдар адамдарының бірі болған. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік меңгерген. Өзінің бар ғұмырын білім алуға, ізденуге арнаған Шәкәрім 1905-1906 жылдары Меккеге барып, Ыстамбұл қаласындағы кітапханалардан өзіне керекті материалдар жинайды, Мекке, Медине қалаларының тарихымен танысады. Жинаған материалдары негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Мұтылғанның өмірі» деген өмірбаяндық шығармалар жазған.
Өмірін оқу-білімге, өнер жинауға арнаған Шәкәрім Құдайбердіұлы 1909-1910 жылдары Шыңғыстаудың қойнауындағы Шақпақ деген жерде жалғыз тұрып, жинаған білімін қағаз бетіне түсірумен айналысқан. Ұлы ақын Абайдың ағартушылық бағытын ұстанған Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жастарға», «Насихат», «Үш-ақ түрлі өмір бар», «Ғылымсыз адам айуан», «Жасымнан жетік білдім түрік тілін», «Сынатарсың өзіңді» деген қалың бұқараны ғылымға, оқуға, білімге, өнерге шақырған өлеңдері бар. Ақын:
Адамдық борышың –
Халыққа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай,
Ар сақта, оны біл, –
деп, өмірдің мәні еңбекте екенін насихаттаған.
Шәкәрімнің реалистік лирикасындағы өзекті тақырыптың бірі – махаббат лирикасы «Жастық туралы», «Шын сырым», «Ақыл құсы адаспай аспандаса», «Анық асық – әулие» атты өлеңдерінде көрініс тапқан.
Абай сөзін, Абай идеясын өзіне мұрат тұтқан Шәкәрім «Ақындарға», «Ескі ақындық», «Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек» деген өлеңдерінде ақынның қоғамдағы орны, ақындық өнер, сөз тазалығы туралы ой түйген. «Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек» өлеңінде:
«Ән – өлшеуіш,
Өлең – күміс,
Қоспаңыз мыс аралас», –
деп, өлеңді, әнді күміске теңеп, оның қоспасыз таза болуы қажеттігін ескерткен. Ел арасына кең тараған бұл әнді музыка зерттеушісі А.В. Затаевич нотаға түсірген. Жалпы Ш. Құдайбердіұлының жиырмаға жуық әні бар.
Араб, парсы, түрік, орыс, татар тілдерін жетік білген Ш.Құдайбердіұлы көркем аударма саласында да қарқынды еңбек еткен. Шығыс классигі Физули жырлаған «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын, Хафиздің бірнеше өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Орыстың ұлы ақындары Л.Н. Толстойдың «Үш сауал», «Асархаддон патша» шығармаларын, А.С. Пушкиннің «Дубровский» романын, «Боран» повесін өлеңмен қазақ тіліне аударуы Шәкәрімнің жан-жақты білімдар екенін танытады. «Жасымнан жетік білдім орыс тілін» өлеңінде: «Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың», – деп, ұлы жазушыны өзіне ұстаз санаған.
Ш.Құдайбердіұлы – «Еңлік – Кебек», «Қалқаман – Мамыр», «Айсұлу – Нартайлақ». «Ләйлі – Мәжнүн» сияқты эпикалық поэмалары арқылы қазақ әдебиетінің поэма жанрының дамуына үлкен үлес қосқан эпик ақын.
«Еңлік – Кебек» – Ш. Құдайбердіұлының ХVІІІ ғасырдың аяғында Шыңғыстау төңірегінде өткен оқиға желісі бойынша Абайдың тапсыруымен жазған поэмасы. Поэманың бас кейіпкерлері Еңлік пен Кебек бірін-бірі ұнатып, Кебек өзінің Қозыкүрең атымен Еңлікті алып қашып кетуімен екі ел арасында дау-шар басталады. Қос ғашықты тығылып жатқан жері Қара жартастан тауып алып, жаза қолданады. Еңлік пен Кебектің өмірге келген сәбиі шырқырап жылап жартаста қала береді. Поэма кейіпкерлері:
Нысан абыз – ақыл мен көрегендіктің иесі, құдіретті жан. Кебектің болашағына бал ашып, ажалы тауда кездесетін «биік қабақ, сұрлау қыздан» екенін болжайды.
Кебек – он бесінде елге аты тараған, өткір көзді, қара торы, орта бойлы, кең иықты, тапалдау келген, жауға батыл, жақынға мейірімді, алған бетінен қайтпайтын қайсар жігіт.
Еңлік – өжет те тәкаппар, ары таза, жаны нәзік, жақсы мен жаманды тани білетін талғампаз, биік қабақ, сұрлау келген қайсар қыз.
Қабекең (Кеңгірбай) – Тобықты руының сөзін ұстар биі.
Поэма қайғылы оқиғамен аяқталады. Қос ғашық әлеуметтік шиеленістің, ру аралық тартыстың, қоғамдық қайшылықтың құрбаны болған.
«Қалқаман – Мамыр» поэмасын ақын «тарихи хикая» деп атап, «Мұтылған» деген лақап атпен жариялаған. Поэма – Қалқаман мен Мамыр арасындағы махаббат драмасына құрылған, жанры жағынан лиро-эпикалық дастан. Поэма кейіпкерлері:
Әнет баба – Арғынның биі, ел ағасы.
Мәмбетей – Арғын руының байы.
Мамыр – Мәмбетейдің он бес жасар қызы.
Көкенай – Мәмбетейдің бастаушысы, батыр.
Әйтек – Әнет бабаның туысқан інісі.
Қалақаман – Әйтектің тоқалынан туған баласы.
«Қалқаман – Мамыр» дастаны 1722 жылы қазақ халқының Сыр бойында жүрген кезіндегі оқиғаға құрылған, «Еңлік – Кебек» поэмасының тарихи жалғасы іспеттес.
«Еңлік – Кебек» поэмасындағы Қабекең мен «Қалқаман – Мамыр» поэмасындағы Әнет баба образдары бір-біріне ұқсас. Екеуінің де мақсаты – бір-бірін сүйген жастарға көмек көрсету. Бірақ екі кейіпкердің өзіндік ерекшеліктері де бар. Әнет баба жақсылыққа жанашыр болып, шамасы келгенше жастарға қолдау көрсеткісі келеді, ал Кеңгірбай бейнесінде ондай күрескерлік сипат жоқ, керісінше Кебекті ажалға байлап берген. Бірақ екеуі де дәрменсіз, екеуі де қара күшке қарсы келе алмайды.
Ақынның «Еңлік – Кебек», «Қалқаман – Мамыр» поэмалары – тек жеке адамдар ғана емес, халық басындағы трагедияны реалистік тұрғыда суреттеген поэма.
Ш.Құдайбердіұлының қазақ даласындағы қоғамдық-саяси және әлеуметтік жағдайлар арқау болған «Әділ – Мария» романы, «Бәйшешек бақшасы», «Шын бақтың айнасы», «Мен жетпіс екі жасқа келгенше», «Мәнді сөздер» деген прозалық шығармалары бар.
Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларын төмендегідей топтап көрсетуге болады.
Өлеңдері
«Шаруа мен ысырап»
«Ашу мен ынсап»
«Ер қоспақ пен сөз сөйлемек»
«Мақтау мен сөгіс»
«Міндеу мен күндеу»
«Мал жимақ»
«Жастарға»
«Насихат»
«Үш-ақ түрлі өмір бар»
«Адамдық борышың»
«Талап пен ақыл»
«Ғылымсыз адам хайуан»
«Жастық туралы»
«Шын сырым»
«Бостандық туы жарқырап»
Аудармалары
А.С. Пушкиннен «Боран» «Дубровский»
Л.Н. Толстойдан
«Үш сауал»
«Асархадон патша»
Поэмалары
«Ләйлі-Мәжнүн»
«Айсұлу-Нартайлақ»
«Еңлік-Кебек»
«Қалқаман-Мамыр»
Прозалық шығармалары
«Әділ – Мария»
«Бәйшешек бақшасы»
«Шын бақтың айнасы»
«Мәнді сөздер»
«Мен жетпіс екі жасқа жеткенше»
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Ішкі Бөкей ордасында тұрған Жәңгір ханның немересі Шәңгерей Сейіткерейұлы Бөкеев 1847-1920 жылдары өмір сүрген. Өнер-білімге, өлеңге жас кезінен әуес болған Шәңгерей Ордадағы медресені бітірген соң, Астраханьдағы реальді училищеге түскен. Біраз жыл Самар губерниясында бітімші сот болып жұмыс істеген кезінде әділдікті іздеп, зорлық, алдампаздық, парақолық сияқты келеңсіздіктерден бойын аулақ салған. Патша тарапынан дворян атағын алған Ш. Бөкеев еліне келіп, Көлборсы деген жерден ағаштан, тастан сәулетті үйлер, медресе, мектеп, мешіт салғызған. Ағаш отырғызып, бақша егіп, егін салумен, асыл тұқымды мал өсірумен айналысқан. Өзі алғыр құс, жүйрік тазы ұстап, қысы-жазы ит жүгіртіп, құс салып, аңшылықпен айналысқан. Өз мекенінде оқшау өмір сүрген Ш. Бөкеевтің ерекше ден қойған ісі – әдебиет, өнер, ғылым, білім болған.
Айналасындағы өнерге, білімге, оқуға құштар адамдарға көмек көрсетіп отырған Ш. Бөкеев көрнекті ақын Ғұмар Қарашты өзі ашқан мектепке мұғалім етіп орналастырып, ой-өрісінің кеңейіп, әдебиетке деген ынтасының артуына, орыс әдебиетімен етене жақын танысуына ықпал еткен. Ғұмар Қараш та Шәңгерейдің ақындығын, өткір тілді шешендігін, сөз қадірін білетін білгірлігін, серілігін суреттеп, «Сұлтан Шәңгерей Сейіткерейұлына» деген толғау жазған. Ақынның «Шайыр», «Көкселдір» деген өлең жинақтарын бастырған да Ғұмар Қараш болатын.
Зерттеушілер Шәңгерейдің әлеумет істерінен бойын аулақ салып, маңайына тек өнерпаздарды жинап, өмірін өз мекенінде жеке-дара өткізген өзіне ғана тән ерекшелігін «дарашылдық» деп бағалаған.
Шәңгерей Бөкеевтің өмір, ескі заманды аңсау, ғылым-білім, махаббат, достық, саятшылық, табиғат құбылыстары, өз өмірі туралы жазған «Ағасың, ақылың артық», «Бір күнде жас көңілім», «Құйрық атып құлия», «Қосаяқ», «Өмірдің өтуі», «Алдаушы жалған» деген өлеңдері бар.
Ақын Ш.Бөкеев өз өлеңдерінде жастарды ғылымға үндей отырып, ғылымға ұмтылушы жастарға:
Бұл ғылым – бір бәйтерек шектен асқан,
Таусылмас бұтақ сайын бар жемісі.
Әр өнер – сол жемістің бірдемесі.
Эдиссон – мұны істеген ғалым адам
Оқымас жалқау біздей емес надан.
Көп сырлар ашты түпсіз дариядан... –
деп, электротехника мен байланыс саласында көп жаңалықтар ашып, түрлі құрал-аспаптар ойлап шығарған атақты ғалым Томас Алва Эдиссонды үлгі еткен.
Ш. Бөкеевтің «Жігіттің болса жақсы алған жары», «Адамнан артық ажар, ақыл-айлаң», «Қатшекейге», «Ұршық» деген өлеңдері – махаббат, сүйіспеншілік тақырыбына арналған лирикалық өлеңдер. Ш. Бөкеевтің өзіндік ерекшелігі мен шеберлігі – қарапайым ғана, ешкім көп көңіл аудара бермейтін дала жәндігі қосаяқты суреттеуі.
Бура санды, ақ таңды,
Түсі алтындай ақ сары.
Ауызға біткен қос тістің
Меруерттей ажары –
деп жануарды сипаттай келе:
Айтулы сол Нарында,
Нарынның қызыл құмында,
Бар еді сондай жануар,
Аты оның – қосаяқ, –
деп таныстырады.
Орыс тілін жақсы білген Ш. Бөкеев Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Тютчев, Фет шығармаларын сүйіп оқыған және кейбір шығармаларын аударған. М.Ю. Лермонтовты ерекше ұнатып оқыған ақын оның «Қашқын» деген поэмасын қазақшаға аударған. Поэманың идеясы – ел мен жерді қорғауға, елжандылыққа үндеу. «Қашқын» орыс тілінен қазақ тіліне поэма аударудың алғашқы тәжірибесі болып табылады.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі – ақын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Мәшһүр Жүсіп Көпеев 1858 жылы Баянауылдағы Найзатас деген жерде дүниеге келген. Жасында ауыл молдасынан дәріс алған Мәшһүр Жүсіп Көпеев 1870 жылдары Хамаретдин хазіреттің медресесінде, одан кейін Бұхарадағы Мірараб медресесінде білім алған. 1887-1890 жылдары Орта Азияның Самарқан, Тәшкен, Бұхара, Түркістан қалаларында білімін жетілдіреді. Осы кезеңде белгілі шығыс зерттеушісі, фольклоршы В. Радловпен танысып, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап бастыру ісімен айналысқан. 1907 жылы Қазан қаласындағы Хұсайыновтар баспасынан «Хал-ахуал», «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» деген кітаптары шыққан. Ақынның есіміне қосылған «Мәшһүр» сөзі көпке танымал, әйгілі, даңқты деген мағынаны береді.
Ақын «Үлгілі сөз», «Ғибратхана», «Шайтанның саудасы» атты шығармаларында әлеуметтік мәселелерді көтерген. «Адам екі түрлі» өлеңінде адам бойында кездесетін теріс қылықтарды айтып сынаған.
Бір адам бар өрік, мейіз ағашы сықылды
Жемісінен дүние жүзі баһра алады.
Бір адам бар терек ағаш сықылды,
Отқа отын болғаннан басқаға жарамайды, –
деп, адамның мінез-құлқындағы жақсылық пен жамандықты салыстыра
көрсеткен. Адам бойындағы адамгершілік мәселесін ақын «Жалқаулар туралы айтқаны», «Жеткізер, Құдай, пенде қылса талап» деген өлеңдерінде де ашып көрсеткен. «Мәшһүрдің қырық алты жасында сөйлеген сөзі», «Мәшһүр атты қалай алғандығы туралы», «Мәшһүр Жүсіптің алпыс сегіз жасында сөйлеген сөзі» атты шығармалар ғұмырнамалық туындылары іспеттес. Шығыс қисса-дастандарынан, мысал өлеңдерінен үлгі алған Мәшһүр Жүсіптің «Гүлшат – Шеризат», «Баяннама», «Шайтанның саудасы», «Ғибратнама», «Жарты нан хикаясы», «Аңқау адам туралы», «Тырна мен қасқыр», «Мәшһүр Жүсіптің тырнаман айтысы», «Мәшһүр Жүсіптің ала қарғамен айтысы» дастандары мен мысал өлеңдері бар.
Мәшһүр Жүсіп араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгеріп, үнемі өз бетінше оқу, іздену үстінде болған. Жиі-жиі ел аралап, ел тарихын, әдебиет үлгілерін, этнографиялық материалдар, Бұқар жырау, Бөлтірік шешен, Қажымұқан балуан, Ақан сері туралы құнды деректер жинаған. М. Жүсіп Ақан серімен бірнеше рет кездесіп: «Ақан сері адамзаттың сұңқары, қызыл тілдің дімәрі, жігіттің құлпы жібегі еді» – деп бағалаған. Ақын-фольклортанушы Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Ер Сайын», «Ер Көкше», «Көрұғлы», «Шора батыр» жырларын, Балта ақын мен Шөже, Шөже мен Қалдыбай, Жанақ пен Түбек, Шортанбай мен Орынбай, т.б. айтыстарын, Бұқар, Шортанбай, Орынбай, Шөже ақындардың жыр-толғауларын, әдеби-мәдени мұраларын хатқа түсірген. Халықтың тұрмыс-салт жырлары, аңыздар, ақын-жыраулар туралы деректер, айтыстар, ертегілер, батырлар жырының үлгілері топтасқан жинаған ақын «Мес» деп атаған.
М. Жүсіп Көпеев өз ойын қара сөз түрінде де жазған. «Ақымақтың тізгіні – құлағы, ақылдының тізгіні – көңілі», т.б. достық, ақыл-ой, ақылдылық, саналылық туралы жазған ғибратты сөздері көптеп кездеседі.
«Қазақ түбі», «Сарыарқаның кімдікі екендігі» тарихи жазбалары Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ел тарихын көп білетін шежіреші екенін көрсетеді.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев 1931 жылы қайтыс болған.
-
Шәкәрім неше жасынан бастап өлеңге, өнерге әуес болғанын көрсетіңіз.
-
Шәкәрім қай жылдары Меккеге барғанын табыңыз.
-
Шәкәрім мен Абайдың арасындағы туыстық байланысты көрсетіңіз.
- Шәкәрімнің ағартушылық бағыттағы өлеңін белгілеңіз.
-
«Ән – өлшеуіш,
Өлең – күміс,
Қоспаңыз мыс аралас» – деген үзінді Шәкәрімнің қай өлеңінен алынғанын табыңыз.
-
Шәкәрімнің Абайдың тапсыруымен жазған поэмасын көрсетіңіз.
-
Шәкәрім «Қалқаман – Мамыр» поэмасын қандай лақап атпен жариялағанын белгілеңіз.
- «Еңлік – Кебек» поэмасындағы Кебектің мінген атын белгілеңіз.
- Шәкәрімнің Шығыс ақыны Физулидің шығармасы негізінде жазған поэмасын көрсетіңіз.
- Шәкәрімнің махаббат тақырыбына арнаған өлеңін белгілеңіз.
- Астраханьдағы реальді училищеде оқыған ақынды көрсетіңіз.
- «Қазақстан» газетіне қаржылай көмек көрсеткен қоғам қайраткерін табыңыз.
- Шәңгерей Бөкеев өміріне тән ерекшелікті табыңыз.
- Шәңгерей Бөкеевтің өлеңдер жинағын көрсетіңіз.
- Шәңгерей Бөкеевтің өлеңдер жинағын бастырған ақынды табыңыз.
-
Ш. Бөкеевтің Лермонтовтан аударған шығармасын табыңыз.
- Шәңгерей ғылымға ұмтылушы жастарға кімді үлгі еткенін көрсетіңіз.
-
Бос орынға Шәңгерей өлеңі арналған жануардың атын белгілеңіз.
Айтулы сонау Нарында,
Нарынның қызыл құмында
Бар еді сондай жануар
Аты оның – _______.
-
Мәшһүр Жүсіп Көпеев қандай Шығыс зерттеушісімен пікірлес болғанын көрсетіңіз.
- Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өлеңдер жинағын көрсетіңіз.
-
«Мәшһүр» сөзінің мағынасын табыңыз.
-
М. Жүсіп Көпеевтің дастанын көрсетіңіз.
-
Жүсіп Көпеевтің этнографиялық жинағын көрсетіңіз.
-
М. Жүсіп Көпеевтің қазақ елінің тарихы туралы жазған тарихи жазбаларын көрсетіңіз.
-
Ш. Құдайбердиевтің «Қалқаман-Мамыр» дастанында аты аталатын бабаны табыңыз.
-
Көрінгенге көз сүзген көрсеқызар,
Әдепсіз қыз дейсің ғой әлде қалай.., – деген қай кейіпкердің сөзі екенін табыңыз.
-
Менің дертім, жігіттер, емес оңай,
Болып едің дейсің ғой қашан олай.
Басқа түссе байқарсыз бәріңіз де,
Ойланбаған өмірдің бәрі солай, – деген өлең жолдары Шәкәрімнің қай шығармасынан алынған, табыңыз.
-
«Дубровскийді» қазақ тіліне аударған ақынды белгілеңіз.
-
Ән – өлшеуіш,
Өлең – күміс,
Қоспаңыз мыс Аралас... – деген үзіндінің авторын және қай өлеңнен екенін белгілеңіз.
-
Ш. Құдайбердиевтің дүниеге келген жылын көрсетіңіз.
-
«Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек» – кімнің өлеңі екенін белгілеңіз.
-
Мәшһүр Жүсіп Көпеев дастаны (-дары)
-
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» поэмасындағы негізгі кейіпкер (-лер)
-
Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Мәшһүр-Жүсіп шығармалары
-
Нарманбет Орманбетұлының, Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің, Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдері
-
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Адамдық борышың» өлеңінің тармақтары
-
Мәшһүр - Жүсіптің «Гүлшат-Шеризат» дастанында қандай оқиға суреттеледі ?
-
Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің мысал өлеңдері