iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Біржан сал Қожағұлұлы, Ақан сері Қорамсаұлы, Әсет Найманбаев поэзиясы
Қазақ даласын әсем әнімен тербеп, артына өлмес мол мұра қалдырған Біржан сал Қожағұлұлы 1834 жылы табиғаты көркем, аты аңызға айналған Бурабай жерінде Көкшетау өлкесінде Жөкей көлінің маңында дүниеге келген. Біржанның өз әкесінің аты – Тұрлыбай Елден ерек өнерімен көзге түскен Біржанды атасы Қожағұл өз тәрбиесіне алған. Біржанның: «Баласы Қожағұлдың Біржан салмын» – деу себебі сондықтан. Біржанның ерекше қабілеті туралы академик А. Жұбанов: «Біржан жасынан өзгеше мінезді, әуесқой, әңгімеге құмар, сезімтал болатын...», – деген. Біржанның шығармашылығындағы ерекше сәт – ұлы ақын Абай ауылына баруы М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында тамаша суреттелген. Сазгер Біржан Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» атты өлеңіне ән шығарған.
Біржан өлеңдері, әндері тақырып жағынан әр алуан. «Ләйлім шырақ», «Көлбай-Жанбай», «Көкек», «Бурылтай», «Ақтентек», «Ғашығым», «Айтбай» өлеңдерінде махаббатты, сүйіспеншілікті, сұлулықты әспеттеген. Біржан сал Қожағұлұлының «Жанбота», «Біржан сал», «Теміртас» ән-өлеңдері – әніне сөзі сай, өмір шындығын өнер көкжиегіне көтерген, ақынның азаматтық болмыс-бітімін көрсететін, поэтикалық қуаты мол туындылар, әсіресе, «Жанбота» Біржанның азаматтық позициясын анықтайтын, қоғамдық-әлеуметтік көзқарасын танытатын шығармасы болып есептелген. Біржан өзінің «Сырғақты» өлеңінде:
Бозбала, саған айтар өсиетім,
Жақын жүр әлпештеген ардақтыға.
Жауқазын желбіреген жастық шақта,
Өмірдің мағынасын түсіне біл, –
деп, өзінің көргені мен көңілге түйгенін жастарға ақыл, өсиет түрінде айтқан. «Жастарға» деген өлеңінде ақынның ағартушылық көзқарасы танылады, жастарды игі істерге, жақсы қасиеттерге үндейді. Осы идеясын «Жақсы мен жаман» өлеңінде:
Біреудің аспанда жүр дәрежесі,
Біреудің көкте қолы, жерде басы.
Жақсының жаманменен айырмасы –
Ойласаң, жер мен көктей екі арасы –
деп жалғастыра түскен.
Біржан шығармашылығынан ерекше орын алатыны – ақын Сарамен айтысы. «Біржан мен Сара» айтысы – көркемдігі жағынан айтыстардың ішіндегі ең таңдаулысы. Біржан мен Сараның айтысы негізінде композитор М. Төлебаев «Біржан-Сара» операсын жазған.
Жасы ұлғайған шағында денсаулығы нашарлаған Біржанды ағайын-туыстары «қартайдың» дегенді сылтауратып, алысқа шығармаған. Еркін өскен ел еркесін «жынданды» деп кінәлап киіз үйдің керегесіне таңып тастауы ақынның ашу-ызасын келтірген. Өмірінің соңғы кезіндегі осындай ауыр шағын Біржан сал «Теміртас» өлеңінде:
Теміртас, Асыл, Ақық қарақтарым,
Үкідей мен сендерді балақтадым.
Денеме кендір арқын жаман батты,
Есіктен келе ме деп алақтадым, –
деп зарлана суреттеген. Атақ-даңқы алты алашқа жайылған, өлең мен әннен меруерт тізген әнші, ақын, сазгер Біржан сал 1897 жылы жан азабына төзе алмай 64 жасында ауыр науқастан қайтыс болған. Біржан сал Қожағұлұлының шығармашылығын зерттеген ғалым Е. Ысмайылов: «Біржан лирикасы – халық өлеңдерімен тамырлас», – деп бағалаған.
Біржан сал Қожағұлұлының: «Біржан сал», «Жамбас сипар», «Жайма-шуақ», «Жонып алды», «Айтбай», «Ләйлім шырақ», «Көлбай-Жанбай», «Жанбота», «Алтын балдақ», «Телқоңыр», «Көкек», «Адасқақ», «Бурылтай», «Ақсеркеш», «Ақтентек», «Талай заман», «Теміртас», «Ләйлім» деген ән-өлеңдері бар.
Қазақ халқының ұлттық мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан сан қырлы өнер иесі Ақан сері Қорамсаұлы 1843 жылы Солтүстік Қазақстан аймағындағы Қоскөл деген жерде дүниеге келген. Ақанға өмірге келгенде ата-анасының қойған аты – Ақжігіт, ата-анасы көп қыз баланың ортасында жалғыз ер бала болғандықтан Ақан деп еркелетіп атап кеткен. Жалғыз ұлының болашағынан көп үміт күткен әкесі Ақанды ауыл молдасынан дәріс алуға берген. Ақан он үш жасқа келгенде Қызылжардағы Уәлихан деген кісінің медресесінде үш жыл оқыған. Он алты жасынан бастап ит жүгіртіп, құс салып, аңшылық, әншілік, серілік өнердің соңына түскен Ақанға ел-жұрты «сері» деген атақ берген. Ақан есімімен қосарлана аталатын үш қазынасы – тұлпары Құлагер, қыран құсы Қараторғай, құмай тазысы Базарала. Отбасылық өмірден бағы ашылмаған Ақан серінің бар қуанышы мен жұбанышы жүйрік аты Құлагер болған.
Ақан серінің «Ақ көйлек», «Жайықтың ақ түлкісі аралдағы», «Балқадиша», «Сырымбет», «Торыны талға байлап мінген қандай?», «Үш тоты» өлеңдері махаббат, сүйіспеншілік тақырыбына арналған. Ақан «Қалқа бала» өлеңін Жамал қызға арнаған. Жамал қыз ұзатылып жатқанда оған арнап шығарған соңғы әні – «Сырымбет».
Ақан сері Қорамсаұлы шығармашылығынан ерекше орын алатын тақырып – Құлагерге арнаған ән-өлеңі. Бәйгеге қосылған үш жүз жиырма аттан оқ бойы алда келе жатқан Құлагер зорлықшыл топтың қызғанышынан мерт болғанда шығарған «Құлагер» өлеңі Ақанның жан күйзелісін, трагедиясын көрсететін психологиялық шығарма.
Шынымен өлгенің бе, Құлагерім,
Салбырап сапты аяқтай төменгі ернің.
Атығай-Қарауылға олжа салған,
Бота тірсек, қыз сағақ, сандал керім, –
деп, Құлагерін жоқтай зарланған ән Ақан трагедиясының шырқау шыңы болып табылады. Сүйікті тұлпарынан айырылған Ақан тау мен тасты мекен етіп, «Құлагер», «Қараторғай», «Көкжендет» әндерін шырқап, елден жырақ өмір сүрген.
Ақан сері «Заманға қарап айтқан сөз», «Жақсы мен жаман», «Асыл мен жасық» өлеңдерінде достық пен қастықты, ерлік пен ездікті, жақсылық пен жамандықты салыстыра жырлаған. Дидактикалық сарындағы «Жақсы мен жаман» өлеңінде:
Білінер жер жақсысы қыс келгенде,
Көрінер көлдің көркі құс келгенде,
Кімнің алыс-жақыны сонда ашылар,
Басыңа қиын-қыстау іс келгенде,
Жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмейді,
Жаманнан үлгі аларлық сөз қалмайды, –
деп жақсылық пен жамандықты саралап ашып берген. Ақан Қорамсаұлы «Заман адамы» өлеңінде:
Білмейміз «Өнер алды – тіл екенін»,
Пасықтықтың белгілі кір екенін.
Әр уақыттың өз ғылымын білу керек,
Бәрінен ғапыл болып қалған жаман, –
деп, еріншектік пен жалқаулық қазақ халқының артта қалуының басты себебі екенін анық ашып көрсеткен. «Айтамын замандасқа біраз кеңес...» өлеңінде жігіттің он үш түріне сипаттама берген.
Ақан сері Қорамсаұлы «Айтамын замандасқа біраз кеңес», «Қыз сипаты», «Достарыма», «Әйелдер сипаты», «Жігіттерге», «Жігіт сипаты» өлеңдерінде адам бойындағы, мінезіндегі кемшіліктер, мәдениеттілік, жүріс-тұрысындағы олқылықтар туралы жырлап, адам баласын жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа үндеген.
Қазақ әдебиетінде Ақан тағдырына арнап Ілияс Жансүгіров «Құлагер», Ғабит Мүсірепов «Ақан сері – Ақтоқты», Сәкен Жүнісов «Ақан сері» шығармаларын жазған.
Ақан сері туралы замандасы Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Ақан сері жігіт көркі, сөздің бұлбұлы еді...», – деген баға берген.
Ақан сері Қорамсаұлының: «Заман адамы», «Жүсіп төреге», «Заманға қарап айтқан сөз», «Асыл мен жасық», «Жақсы мен жаман», «Құлагер», «Торыны таң асырып мінген қандай?», «Жайықтың ақ түлкісі аралдағы», «Сүйген қалқа», «Маңмаңкер», «Сырымбет», «Балқадиша», «Ақ көйлек», «Әудемжер», «Қыз сипаты», «Адамның біліміне ақыл серік», «Жігіттерге», «Жігіт сипаты», «Достарыма» деген ән-өлеңдері бар.
Әсет Найманбаев – ұлы ақын Абайдың бағытын ұстанған, әлеуметтік ойын, демократтық-ағартушылық көзқарасын әнмен, өлеңмен таратқан, Абайдың алдын көрген талантты шәкірттерінің бірі. Әсет ақын 1867 жылы Шығыс Қазақстан өңіріндегі Мақаншы ауданының Бақты ауылында дүниеге келген. Әсеттің әкесі Найманбай мен шешесі Кермеқас ұлдарының болашағын ойлап, оны жеті-сегіз жасқа келгенде Бақтыдағы Зейнолла имамның медресесіне берген. Жасынан зерек Әсет он үш-он төрт жасынан бастап қиссалар жаттап айтқан. Бүкіл қазақ даласын шарпыған 1916 жыл дүрбелеңі Әсет тағдырына да ықпал еткен. Туып-өскен Шығыс Қазақстан өңіріндегі Қытай еліне қарайтын Шығыс Түркістан жеріне үдере көшкенде Әсет те сол дүрмекпен бірге кеткен. Әні мен жырын жанына серік еткен Әсет ел аралап жүріп 1922 жылы Құлжа қаласында кенеттен қайтыс болған. Әсеттің поэзиялық шығармалары, ақындық мұрасы үш топқа бөлінеді: 1) өлеңдері; 2) айтыстары; 3) қисса-дастандары.
Әсет Найманбаев өлеңдерін төмендегідей топтап көрсетуге болады.
Арнау өлеңдер
«Маманға»
«Күшік болысқа»
«Қанағатқа»
«Қызыр төреге»
«Жасболат болысқа»
«Елшібай байға»
Әсеттің алғашқы шығарған әндері – «Еркем-ай», «Қаракөз».
Әсет Найманбаевтың «Әсет» әніндегі:
Арғынмын, атым Әсет арындаған,
Арындап ән сала ма дарымаған.
Аспанның аясында ән шалқытқан,
Бұлбұлмын даусы көкте дамылдаған.
Ән салсаң, Әсеттей сал әсемдетіп,
Қоздырып делебені дәсерлетіп.
Сөз – жаңбыр, даусым – дауыл, әнім – ескек,
Ойнақтап басылайын аз желдетіп, –
деген жолдар ақынның төлқұжаты іспеттес.
Қазақ музыкатану ғылымының көшбасшысы, академик-сазгер А. Жұбанов: «Інжу-маржан әні – Әсет шығармашылығының шыңы», – деп бағалаған.
Әсет Найманбаев ұлы Абайдан кейін орыстың ақыны А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» романын аударып, оны өзі қисса етіп жырлаған. Әсеттің «Салиха – Сәмен», «Ағаш ат», «Перизат», «Үш жетім қыз», «Нұғыман – Назым», «Кешубай» деген дастандары бар. Әсеттің гуманистік идеясын танытатын шығармасы – «Француз» қиссасы. Әсет Найманбаевтың қисса-дастандарының негізгі идеясы – әділеттілікті насихаттау.
Әсет шығармашылығының негізгі саласы – айтыстары. Әсет Ырысжанмен, Бақтыбай ақынмен айтысқан. Әсет пен Ырысжанның жұмбақ айтысы «Біржан – Сара» айтысынан кейінгі ірі шығарма болып табылады.
Әсеттің шығармалар жинағы белгілі әдебиетші ғалымдар С. Ордалиев пен Б. Адамбаевтың құрастыруымен алғаш рет 1968 жылы, екінші рет белгілі жазушы Б. Нұржеке мен ғалым Б. Абылқасымовтың құрастыруымен 1988 жылы басылып шыққан.
- Біржан салдың өлеңін көрсетіңіз.
- Біржанның азаматтық позициясын анықтайтын өлеңді белгілеңіз.
-
Бос орынға өлең жолына қажет сөзді көрсетіңіз.
«Баласы __________ Біржан салмын».
- Біржанның ірі айтысын көрсетіңіз.
-
Біржан өмірінің соңғы кезеңіне байланысты өлеңін көрсетіңіз.
-
Біржан өмірінің бір сәтін суреттейтін шығарманы табыңыз.
- Біржан салдың туған жерін белгілеңіз.
-
«Бозбала, саған айтар өсиетім,
Жақын жүр әлпештеген ардақтыға.
Жауқазын желбіреген жастық шақта,
Өмірдің мағынасын түсіне біл», – деген үзінді Біржанның қай өлеңінен алынғанын көрсетіңіз.
-
«Біржан лирикасы – халық өлеңдерімен тамырлас» – деген пікірді кім айтқанын көрсетіңіз.
- Ақан сері Қорамсаұлы өмірге келген жерді табыңыз.
- Ақанның туған жеріне деген сүйіспеншілігін көрсететін өлеңін белгілеңіз.
-
Ақан оқыған медресені көрсетіңіз.
- Ақанның атағын шығарған үш қазынасын көрсетіңіз.
- Ақан серінің Жамал қызға арнаған өлеңін көрсетіңіз.
-
Бос орынға Ақан өлеңіне қатысты сөзді көрсетіңіз.
«Шынымен өлгенің бе, ____________,
Салбырап сапты аяқтай төменгі ернің».
- Ақан серінің «Құлагер» өлеңі қандай шығарма екенін көрсетіңіз.
-
Ақан сері Қорамсаұлының дидактикалық сарындағы өлеңін көрсетіңіз.
-
Ақан серінің «Қазақ халқының артта қалуының себебі – жалқаулық пен еріншектік» – деген идеяға негізделген өлеңін көрсетіңіз.
- Әсет Найманбаев дүниеге келген өңірді көрсетіңіз.
-
Әсет Найманбаев оқыған медресені көрсетіңіз.
-
Әсеттің алғашқы әндерінің бірін көрсетіңіз.
-
Ахмет Жұбанов Әсеттің қай әнін «Әсет шығармашылығының шыңы» деп бағалағанын көрсетіңіз.
-
Әсет Найманбаевтың арнау өлеңін көрсетіңіз.
-
Әсет Найманбаев орыс халқының қай ақынын аударғанын белгілеңіз.
-
Әсет Найманбаевтың гуманистік идеясын танытатын қиссасын көрсетіңіз.
-
Батыраш, Қотыраштар Ақан серіге қандай қастандық жасағанын табыңыз.
-
Ақан серінің әйелдер бостандығына арнаған өлеңін атаңыз.
-
Ақан серінің сұлулықты сүйсіне жырлаған өлеңін табыңыз.
-
Ақан серінің әйелдердің бас бостандығын аңсаудан туған өлеңін табыңыз.
-
Атақты сәйгүлік Құлагердің иесін табыңыз.
-
...Жаманға жазатайым ісің түссе,
Жабысып қалады екен аспан жерге, – деген жолдар алынған Ақан серінің өлеңін белгілеңіз.
-
Ақан серінің қоғам өміріне арнаған өлеңі (-дері)
-
Ақан сері Қорамсаұлының өлеңі (-дері)
-
Әсет Найманбаев, Мұхит Мералыұлы, Мәди Бапиұлы шығармалары
-
Біржан сал Қожағұлұлының ән өлеңдері