Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

16-нұсқа

Конспект

Абай жолы

Қонақүйде, дөңгелек үстел үстінде қызғылт, күңгірт сәулесі бар тас шам жанып тұр. Оқтын-оқтын іргеден соққан жел лебімен әлсіз шам кейде ұйытқып, шалқи түсіп, кейде лапылдап, жалпылдай жанады. Қырын отырған әкесінің үлкен, кесек пішіні Абайға жартылай ғана көрінеді. 

Түсі суық. Қара сұр жүзіне бозғылданып түгі де шығып алыпты. Жалғыз өзі ұзақ сөйлеп отыр. Зор даусында ызы мен зіл бар. Кейде Абайға қызық көрінетін бір мақалдар, мәтелдер айтылып кетеді. 

Абай әкесінің сөз желісін, түп мәнісін түсінген жоқ. Кейбір мақалдарын ғана таңдана шешіп отыр. Осы бір үлкеннің мұндай жердегі  салты бойынша, әкесі де тұспалдап, орағытып, ұқтырмай сөйлейді. Бір сөзімен бір сөзін жалғастыруға Абай үлгермей, адасып қап отыр. Өзіне салса, жаңағы көңілді үйге, шешесінің жанына қазір кетер еді. Бірақ әкесі шақырған соң енді шығып болмайды. 

Тегінде, ертекші, өлеңші не басқа әңгімеші адамға талай уақыт тапжылмай тесіле қарап қалу Абайдың кішкентай күнінен бергі әдеті еді. Адам пішіні әрдайым бұған бір тамаша, өзгеше қызық сурет тәрізденетін. 

...Әкесінің ат жақты келген, ұзын сопақ басының құлақтан жоғарғы жері қаз жұмыртқасындай көрінеді. Онсыз да ұзын, үлкен бетіне, ұп-ұзын боп дөңгелей біткен сақалы қосылғанда, басы мен беті бір өңірдей. Сонда Құнанбайдың жалғыз сау көзі, оның көтеріңкі жал-тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтанады. Қоя берсін, салғырттығы жоқ сергек, қатал күзетші.  

Жалғыз көз шүңет емес, томпақша. Тесіле, сыздана қарайды. Кірпігін де сирек қағады. Иығына бота ішігін жамылып, шалқая отырып сөйлеген Құнанбай осы үйде әркімге қарамайды. Қарсысына таман отырған Сүйіндікке ғана қадалып сөйлейді. 

Сақал-шашы бір реңдес, қара бурыл Сүйіндік оқта-текте бір қарап қойғаны болмаса, Құнанбайға тесіле қарамайды. Көзін төмендете береді. Бөжей де оншалық өзгеше емес. Түсі ақ сұр келген, өзі қоңыр сақалды, кесек мұрынды Бөжей – осы отырғанның бәрінен де сұлу. Бетінде әжімі де аз, Бірақ Абайдың көзін оған көп тартатын бір нәрсе – бұның бітікшелеу, кішкене келген көздері. 

Құнанбайға бұлардың ішінен көз алмай, қырандай қарап отырған – дәл төрдегі Байсал. Қызыл жүзді, жирен Байсалдың денесі ірі, қапсағай. Көкшіл түсті көздері әрі салқын, әлі сыр берместей сабырлы.  

Мұхтар Әуезов 



Сұрақтар
  1. Құнанбайға тесіле қарай алмай отырған кейіпкер

  2. Абайдың бала күнгі әдеті

  3. Құнанбайдан көзін алмай, қырандай қарап отырған кейіпкер

  4. Қарамен жазылған сөздердегі көркемдегіш құрал

    ...Әкесінің ат жақты келген, ұзын сопақ басының құлақтан жоғарғы жері қаз жұмыртқасындай көрінеді. Онсыз да ұзын, үлкен бетіне, ұп-ұзын боп дөңгелей біткен сақалы қосылғанда, басы мен беті бір өңірдей.

  5. Бота ішік жамылып, жалғыз өзі сыздана сөйлеп отырған кейіпкер

Қате туралы хабарландыру