Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

24-мәтін (2019 жыл)

Конспект

Қазақтың абыройын жер жаһанға көтерген Қажымұқан балуан Семей қаласында ел құрметіне бөленіп жүргенде, бір отырыста мынандай сұрақ қойылыпты:

– Осы біздің қазақта дәл өзіңіздей күшті бар ма? Болды ма, кезікті ме?

Сонда Қажекең:

– Бар ғой, менен де күштілер болған. Балуан Шолақ ағамызды. барлығың білесіңдер. Дәл осы қалада да бір мықтыға жолыққаным бар, – деп әңгімесін бастапты.

– Осындағы бір азамат жалғыз өзімді қонаққа шақырды. Көбіне елге сыйлы азаматтар, әншілер мен өнерпаздар бірге ілесіп жүретін. Шақырғандар барлығымызды қоса шақыратын да, отырыстың өзі көңілді, қызықты өтетін. Шақырған үйдің мол дастарқанының төрінде жалғыз мен. Үй иесі сөзге сараң, әлденеге алаңдаулы. Бір уақытта пар ат жеккен пәуеске сартылдата, қатты екпіндетіп келіп, есік алдына тоқтай қалды. Одан дембелше келген жігіт түсіп: «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем бере кіріп келді. Бір тізерлеп отыра қалып, нан ауыз тиді де, маған қарап:

– Қажы aға! Уақытым аз, асығыспын. Сізді қонаққа шақыра келдім. Осы қазір жүріңізші! – деп түрегелді. Атып тұрып, ере жөнелдім. Пәуескеге отырып, Ертіске келдік. Бір қайықшы қайығымен тосып тұр екен. Қайыққа отырдық. Содан өзен ортасындағы Түйемойнақ аралына алып келді. Аралда бір жігіт тайқазанға ет асып жатыр екен. Дастарқан жайып, тамақты түсіріп болған соң, мені әкелген жігіт қайықшы екеуі кетіп қалды.

Аралда әлгі жігіт екеуміз ғана. Тамақ ішіп болдық. Сонда ғана әлгі бауырдың шақырған себебін түсіндіргені.

– Аға, арманым елдің даңқын көтерген сізді бір көру, қонақ етіп, құрмет көрсету еді. Енді сізден бір өтінішім, мені бір сынап көріңізші. Өйткені, өз күшімді сынайтын адамды жолықтыра алмай жүрмін, – дегені.

– Қалай, күресіп пе? – деп сұрадым.

– Иә.

Аралда екеумізден басқа ешкім жок болса да, ағаштардың арасындағы тасалау жердегі алаңкайға ертіп барып;

– Жол сіздікі, жасыңыз үлкен, – деп аяғын алшақтау қойып тұра қалды. Әлгіні олай-бұлай итерем, тартам. Тартып тұрып, итеріп калам. Итеріп тұрып, тартып қалам. Тамырын тереңге жіберген емен секілді, былқ етпейді. Тұрған орнынан қозғалта алмай-ақ қойдым, қақиған мойны да иілмейді.

– Ал енді өзің көр, - деп кезекті бердім. Сол-ақ екен ол бір қолымен иығымнан қапсыра ұстады да, шыр айналдырып, дедектете жөнелді. Бір уақытта екінші қолымен қоса ұстады да, жерден көтере айналдырды. Дүниежүзінің қаншама мықтыларымен күрессем де, еш уақытта мұндай күйге түспеген едім. Әлгі жігіттің қолында орамалдай желпілдеп, айнала ұшып жүрмін. Бір уақытта тік көтеріп алды да, жерге екі аяғыммен дік еткізіп қоя қойды. Сосын басын иіп, тізесін бүгіп, еңкейе тағзым етіп:

– Кешіріңіз, aға, жауырыныңыз жерге тимесін! – деді

Күші асып тұр, тағы аға деп сыйлап, жықпай тұр. Басын иіп тұр, Ешкімді маңайына жолатпағаны да менің абырой-даңқыма сызат түспесін деген сақтығы екен. Мен қазақ болып туғаныма, үлкенді сыйлаған әдет-ғұрпыма, оны білетін інілер барына қуанып, жүрегім елжіреп, иілген басын көтеріп, құшақтап алдым. Көзімнен жас та шығып кетті. Осындай ініні көтеріп, бағын ашсам, армансыз болатындаймын.

– Жүр, бауырым, менімен бірге. Дүниежүзінде саған тең келер ешкім жоқ, Өзім аралатам, үнемі жаныңда болам. Дүниежүзінің балуандарын енді сен жығасың. Жүр, менімен бірге! – дедім. Сөзіме, көңіліме риза болып тұр, бірақ басын шайқайды. Өмір бойы көре алмай жүрген туысын тапқандай, елжіреп ағалай береді.



Сұрақтар
  1. Жігіттің Қажымұқанды қонаққа шақыруының басты себебі

  2. Мәтін мазмұнына сәйкес мақал

  3. Мәтіннің стилі

  4. Түйемойнақ аралында Қажымұқанның жамбасы жерге тимеу себебі

    1.     Қажымұқанның күші қарсыласынан басым болғандықтан.

    2.     Қарсыласы Қажымұқанды сыйлағандықтан.

    3.      Қарсыласы Қажымұқанның абырой-даңқына сызат түсіргісі келмегендіктен.

  5. Автордың мақсаты

  6. Әңгіме соңындағы Қажымұқанның көңіл күйі

  7. Күресте жеңіске жетіскен

  8. Мәтін мазмұнынан көрінетін жігітін қасиеті

Қате туралы хабарландыру