
iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
6-мәтін
Амал – жылдың он екі айындағы табиғат құбылыстарына байланысты халық санасында қалыптасқан болжамдардың атаулары мен реттері. Амалдар наурыз айынан басталады.Қазақтар жыл аяғында, яғни наурыз айының 17-21 күндері болатын жауын-шашынды, суық әрі лайсаң мезгіл – «бесқонақтан» қатты сақтанып отырған. «Самарқанның көк тасы жібитін күн» деп 22 наурызды айтады. Бұл күні Шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жыл басталады. Күн жылып, жер жібіп, ашық, шуақты мезгіл келеді. Жаңа айдың туатынына дейінгі бір-екі күн мен «кеміген» айдың аспаннан екі күнге жоқ болып кетуін қазақ «өліара» дейді. Осы арқылы алдағы айға болжам жасалады. Наурыз айының соңғы күндерінде жыл құстары да ұшып келе бастайды, қар аралас жаңбыр жауып, суық жел соғады. Мұны ел «құсқанаты» деп атап, амалға жатқызған. Көктемде көкек айында қар күрт еріп, жер лайсаң болған кезеңді «аласапыран» деп атайды. Көкек айының орта кезінен кейін алғаш найзағай ойнап, жаңбыр жауады, жер бусанады. Осы сәттердегі найзағайдың жарқылын халық «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептейді. Көкектің соңғы күндерінде 2-3 күнге созылатын суық жел соғып, «тобылғы жарған» амалы басталады. Бұл тобылғы бүршік жарған, яғни өсімдіктер тамыр жайған, алғашқы көк шыға бастаған кез дегенді білдіреді. Мамырдың алғашқы онкүндігінде дала (су) құстары балапанын шығара бастайды. Халық тілінде «қызыл жұмыртқа» деп аталатын амалда 1-2 күнге созылатын суық болады. Мамыр айының аяғында болатын «Құралайдың салқыны» амалы кезінде киіктер суық желдің өтінде құралайларын (баласын) аяқтандырып, өргізеді (киік көптігіне қарамай, 2-3 күн ішінде түгелдей төлдеп болады). Мамырдың ортасына қарай Үркердің аспанда мүлде көрінбей кетуін «Үркер батты, жер қызады» дейді халық есепшілері. 24 маусымда Үркер таң ата батыстан көрінеді де, содан шілде айында 40 күнге созылатын ыстық басталады. Осы аптапты күндерді халық арасында «қырық күн шілде» деп атаған. «Үркердің толғағы» деп аталатын амал мал-жанға жайлы кезең жаздың орта шенінде басталады. Бұл кезде жер құрғап, шөп буыны қатып, сарғая бастайды. Тамыздың ортасында ауа райы салқын тартады, қою бұлт пайда болып, алғашқы күз нышаны біліне бастайды. Осы кезеңді «Таразының тууы» деп атайды. «Таразы туса, таң суыр» деген сөз орамы осындайдан шыққан. Қыргүйектің ортасында салқын басталады, жаңбыр жауады, түнде шөп басына шық түседі, бірақ күндіз шуақты күндер де болады. Мұндай жылы мезгілді «мизамшуақ» деп атайды. Қыркүйектің соңғы онкүндігінде күз келеді, суық күндер, жауын басталады. Бұл – «сүмбіленің тууы» деген амал. Қараша айындағы құс оңтүстікке қайта бастайтын уақыт – «қараша қаздың қайтуы» деген амал. Бұл кезде солтүстікте алғашқы қар түсіп, күн суытады.
-
Наурыз айының соңғы күндерінде болатын амал неліктен «құсқанаты» деп аталған?
-
«Көкектің соңғы күндерінде 2-3 күнге созылатын суық жел соғып, «тобылғы жарған» амалы басталады». Көкек дегені қай ай?
-
Мәтін бойынша «қызыл жұмыртқа» амалына тән белгі
-
«Таразы туса, таң суыр» деген сөз орамы қай айда болатын амалға байланысты айтылған?
-
Қыргүйек айының ортасында болатын шуақты күндер
-
«Сүмбіленің тууы» қай айға сәйкес келеді?
-
Үркер батты деп
-
Мәтінге қатысты қате тұжырым
1. «Таразының тууы» амалы қыргүйек айында болады.
2. «Қараша қаздар қайтқанда» алғашқы қар түсіп, күн суиды.
3. «Аласапыран» амалы мамыр айында болады.