Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

5-мәтін

Конспект

1. Ұмытпасам, бұдан табандатқан 14-15 жыл бұрын болса керек: Қаржасбайдың аңыраған қонақ үйінде жиырмаға тарта баланы алқа қотан отырғызып, Мәжит қожаның азан-қазан қып оқытып жататыны. О кез Мекалайдың аузынан жалын шығып тұрған шағы еді. Ал, бұ күнде Мекалайдың жалыны түгіл, әуелі қабірін таба алар ма екенсің. Бұ күнде ондағы ызбарын төгіп отыратын Мәжекең де, бет-аузы ақпандағы алабас бураша сорағытып, ақ сабауға қош айтысып, қыжырайып, төсегінде жатыр. Пай-пай-пай! Көрінде өкіргір, Қожекем-ай! Жөнсіз қатал едің-ау, жарықтық! «Бибіден» дабыл жесең де, жаназадан құр қалсаң да, ашуыңды балалардан алушы едің-ау! Өткен күннің белгісі жоқ қой, әйтпесе нағыз...

2. Әйтеуір бесті айғырдан да шақар оқытады. Қожасы бар болсын, оның басын ауыртқалы отырғам жоқ, әшейін аузыма түсіп жатыр. Со кезде қожадан талай бала оқиды. Сол балалардың ішінде босаға жақта — астында бір жапырақ тай тері, мұрнын қос-қостан тартып, қожасының ақ сабауына қарай түсіп, шиге шанышқан бір жапырақ қағазына үңіліп, құнысып, бір бала отыратын еді. Жасы 10-11 шамасы болар ма екен, қалай... Екі жеңі де сауыс, бетінің бір жағы да сатпақ, көзінің былшығы да жөнді тазармайды. Со баланың қақ-соқпен ісі жоқ, момақан, аңқау, көзі бажырайып, аузын ашып, мұрны қоңқиып отырғаны. Жасында болпиған, сүйкімді бір бала болады ғой, тап сол бала осы еді. Құдай ондап, аты да түріне сай бола кетер ме? Қартқожа. Жас балаға лайық ат емес қой.

3. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» ғой. Қартқожаны жуассынып, баласынып, балалар үстінен түспейтін. Шайнап-шайнап, домалақтаған қағазбен атып, әйтпесе: «Мынаны қарашы» – деп мұрынға түртіп қалып, болмаса мандайын өлшеп, мазақтай беретін. Қартқожа оларды артық елең қылмайтын, ең ашуланғанда ғана: «Қой дейім, жындымысың өзің» – деп, сабағын оқи беретін. Өзге бала алақтап, ойнап, сабақ оқыған болып, өтірік ыңылдап, болмаса бірдеңемен алданып, сарылып отырғанда, Қартқожа жалықпай, қағазын шұқылап, «Құл ағүздан» шығып, «бірәбін насқа» түсіп, екі-үш күнде «Уасуасілханнастарға» да барып қалатын. Сабақтан шыққан соң Шелекбайдікіне барып, бір тостаған көже ішеді. Бесін кезінде оқуға тағы барады: екіндіде «әптиегін» қойнына тығып, аулына қайтады. Аулы – бір жарым шақырымдай жер. Осылайша жазы-қысы оқып, баспа түркі жазба танып, хат жазатын болды. Хат танығанша «отау иесі» азамат та болып қалды.

4. Ер жетіп, ес білген сайын Қартқожа өмірде талай әділетсіздіктерді көре береді. Өз басын құрбы-құрдастары талай кемсітіп, мазақ етіп қорлағаны, зорлық көрсеткені бар. Қаржасбайдың шалдуар баласы бір күні қарындашын тартып алып, бермей қойды. Жалынды, жалпайды, болмады. Әбден ыза болған соң бай баласының қағазын тартып қалып, жыртып тастады. Бай баласы мен екі-үш бала жабыла ұрып, мұрнынан қанын ағызды. Қартқожа көрген қорлығын жылап келіп, әкесіне айтты. Әкесі Жұман назаланып, атына мініп, Қаржасбайдікіне барды. Байға мән-жайды түсіндіріп айтып еді баласына ұрысып, қарындашын алып бергені сол «Балаға ара түсесің» – деп, Жұманның өзін сөкетті қылды. Не қылсын, салы суға кетіп, Жұман үйіне қайтты.

Жүсіпбек Аймауытов «Қартқожа»



Сұрақтар
  1. Берілген мәтін қай стильде жазылған?

  2. Мәтіннің бірінші бөлімінде кім туралы сөз болады?

  3. Қартқожа қандай бала?

  4. Қартқожаның оқу десе алдына жан салмайтын алғыз, зерек бала екені қай бөлімде айтылған?

  5. Мәтіннің соңғы бөлімінің мазмұнының астарында қандай мәселе жатыр?

  6. Мәтін мазмұнынан Қартқожаның әкесінің қандай адам екенін байқадыңыз?

  7. Қартқожаның ауылы Қаржасбай ауылынан қанша шақырым?

  8. «Хат танығанша, «отау иесі» азамат та болып қалды». Автор сөзіне сүйеніп Қартқожаның қанша жаста болғанын анықтаңыз.

Қате туралы хабарландыру