
iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
4-мәтін
1. Балықтар – негізінен судағы тіршілікке бейімделген жануарлар. Жүзу жағынан олар өзге жануарлардан асып түседі; балықтар өкпе арқылы емес, желбезек арқылы тыныс алады. Балықтар тұзды суларда (мұхиттарда), не болмаса тұщы суларда (өзен – көлдер мен су қоймалары) тіршілік ете алады. Жыланбалық сияқты кейбір балықтар тұзды суда да, тұщы суда да өмір сүреді. Теңіз балықтары тұщы су балықтарынан әдетте ірілеу болып келеді.
2. Балықтардың 22 000-нан астам түрі бар деп есептеледі. Олардың үштен бірі тұщы суда өмір сүреді. Балықтар үш топқа бөлінеді: жақсыз, шеміршекті және ең үлкен топты құрайтын сүйекті балықтар. Балықтардың дене тұрқы 1 см-ден 20 м-ге дейін болады, ал салмағы 1,5 грамнан 12-14 тоннаға дейін жетеді. Олардың пішіндері де әр түрлі: ұршық, жебе тәрізді, екі бүйірінен немесе арқасынан бауырына қарай қысыңқы, жылан, таспа, шар тәрізді, дөңгелек, т.б. болады. Балықтың денесі үш бөліктен (бас, кеуде, құйрық) тұрады. Олардың жұп танау тесігі мен көзі, жұп (кеуде, құрсақ) және дара (арқа, құйрық, құйрық асты) қанаттары болады. Кейбір балықтың қанаттары жетілмеген, ал кейбір түрлерінде өте жақсы (мысалы, албырттардың май қанаты) жетілген. Денесін қабыршақ жапқан, бірақ қабыршақсыз немесе сүйекті қылтан жапқан түрлері де бар. Желбезекпен тыныс алады, ауамен тыныс алуға бейім ағзасы бар балықтар да кездеседі. Балық жыныстық қабілеті жетілгенше тез өседі, олардың өсуі көбіне жыл маусымына, тіршілік жағдайына байланысты.
3. Бір-екі жыл (кейбір бұзаубас балықтар), тіпті жүз жылға дейін (қортпа) тіршілік ететін балықтар да бар. Көптеген балықтардың иіс сезу, сезім, есту, көру (өте терең және жер асты суларында тіршілік ететіндерінде болмайды) мүшелері жақсы жетілген. Олардың бүйір сызығы судың қозғалысын қабылдайды. Сүйекті балықтардың көпшілігінде торсылдақ болады, ол дене тепе-теңдігін сақтау қызметін атқарады, ал кейбір балықта торсылдақ тыныс алу қызметін атқарады. Балық торсылдақ арқылы өзі шығаратын дыбысты күшейтеді.
4. Балық – адам үшін қажетті белокқа бай тағам көзі. Оның еті, уылдырығы, ал кейбір түрінің терісі де пайдаланылады, олардан балық майы алынады. Ішінде улы түрлері де кездеседі. Балық аулау шаруашылығы ертеден белгілі, дегенмен оның шарықтау биігі 20 ғасырдың жетпісінші жылдарына тура келеді. Осыған байланысты кейбір кәсіптік маңызы зор балықтың санын азайтпау үшін олардың табиғи көбеюіне қосымша әртүрлі қолдан өсіру әдістері жасалады. Саны өте азайып кеткен, айрықша қорғауға алынған балық түрлері халықаралық және ұлттық «Қызыл кітапқа» енгізілген (мысалы, ақ балық, нельма, Арал албырты, Арал бекіресі, Каспий албырты, көкбас, т.б.). Ғылыми мақсат үшін кейбір балықты зерханада өсіреді. Балықты аквариумда өсіру кең өріс алуда. Балық туралы ғылым ихтиология деп аталады.
-
Балықтардың шаруашылыққа пайдасы туралы қай бөлімде сөз болады?
-
Балықтардың тыныс алу мүшесі
-
Балықтардың судың қозғалысын қабылдайтын мүшесі
-
Мәтін бойынша балықтың торсылдағы қандай қызмет атқарады?
-
Мәтін бойынша балықтың денесі неше бөліктен тұрады?
-
Балық аулау шаруашылығы қай дәуірде кең өріс алды?
-
Мәтін мазмұнына қайшы келетін тұжырымды табыңыз.
-
Мәтін бойынша жүз жылға дейін тіршілігін жалғастыратын балық түрі