Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

54-мәтін (2021 жыл)

Конспект

Ақсақ құлан

Шыңғыс ханның Жошы деген баласы құлан аулап, өзінің нөкерінен тым ұзап кеткенін сезбейді. Ханзада жүйткіген құландарды өткір жебемен дәл көздеп құлата береді. Жабайы құландар үйірінің «Ақсақ құлан» атымен мәшһүр, тіпті қасқырдан да тайсалмайтын (оның бір аяғы нақ осы сұр жыртқыштармен шайқаста зақымданған екен) өжет құланның айғыры кенет жалт бұрылып, аңшыға қарсы ұмтылады. Ақсақ құлан шабуылының жойқын да тегеурінді болғаны сондай, Жошы атынан ұшып түсіп, сол бойда жан тәсілім етеді. Қуғыннан құтылған құлан үйірі қыр асып, құйғыта жөнеледі.

Хан нөкерлерінің Жошы өлімін естіртуге жүректері дауалмайды. Көне ғұрып бойынша жаман хабар әкелген адамды өлімге бұйыратын. Сол кезде даланың ұлы жыршысы, абыз Кетбұға қайыңнан домбыра шауып, ішек тағып, ханның сарайына келе, алтын тақтың алдына тізерлей құлайды. Өзіне абыз қарттың жақсылықпен келмегенін сезген әмірші түнерген жүзбен: «Уа, ұлы жырау, не датың бар?» деп сұрайды. Бірақ Кетбұға тіл қатпастан, домбырасымен бір қайғылы әуенді тартады. Күйдің сиқырлы дыбыстарынан ханның көз алдына ханзаданың аңға шыққаны, көк майсада жайылып жүрген құлан үйірінің кездескені һәм ханзаданың аң аулап еліккені елестеп, тізіліп өтеді.

Қарт зарлы күйін аяқтайды. Хан да, басқалар да күй тілінен болған оқиғаның бәрін түсінеді: домбыра шапқан аттардың дүбірін де, әлжуаз жас құлындарды аяған құландардың беймаза үрейін де, өз үйірін қорғаған ақсақ құланның қайратын да жеткізіп айтты. Әсіресе, ақсақ құланның ханзадаға қарсы шапқан тұсын зарлата қайырды.

Хан үнсіз ұзақ отырды. Ақыры, хан тіл қатты: «Сен маған ұлымның қазасы жайында қаралы хабар әкелдің. Күйді тыңдап, бәрін ұқтым. Мұндай хабар үшін өлім жазасына лайықтысың. Бірақ өзің бір ауыз тіл қатпағандықтан, жазаны домбыраң тартсын. Оның шанағына қорғасын құйыңдар!».



Сұрақтар
  1. Ханға қаралы хабардың жеткізу жолы

  2. Мәтін мазмұнының реттілігі

    1. Ақсақ құланның жойқын тепкісі

    2. Кетбұғаның аспап жасап, хан сарайына келуі

    3. Аспаптың шанағына қорғасын құюға бұйрық берілуі

    4. Жас ханзаданың құлан аулауға шығуы

    5. Қаралы хабар жеткізген күй сарыны

  3. Кетбұғаның халық арасындағы орны

  4. Құлан айғырының «Ақсақ құлан» аталу себебі

  5. Мәтінге қатысты мәліметтердің дұрысы

    1. Абыздың жақсы хабар әкеліп, ханды қуантуы

    2. Домбыраның шанағына қорғасын құюға бұйрық берілуі

    3. Құлан аулап жүрген ханзаданың жан тәсілім етуі

  6. Нөкерлердің ханзада өлімін ханға айта алмау себебі

Қате туралы хабарландыру