Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

12-мәтін

Конспект

Қазақ танымында бәйгенің көптеген түрі бар. Атап айтқанда: аламан бәйге, үдемелі бәйге, айғыр, тай, құнан, жорға жарыс, т.б. Аламан бәйге – бұл жүйріктің жасына, жынысына қарамай жаппай бәйгеге жіберетін жарыстың түрі. Басқа бәйгелерден ерекшелігі мұнда қатып қалған ереже жоқ. Кей жағдайда кедірлі-бұдырлы, таулы-тасты жерлер де таңдап алынуы мүмкін. Аламан бәйгенің ежелгі қалыптасу мақсаты: жауынгерлік жорық кезінде жақсы аттарды таңдап алып, ұзақ жорық-шабысқа іріктеу үшін ұйымдастырылған. Аламан бәйге кезінде ат үстіндегі шабандоз баланың төзімі, тақымының мықтылығы да сынға түседі. Осы арқылы қазақтар атүсті сайысқа мықты жауынгер ұлдарды тәрбиелеген. Жалпы «аламан» сөзінің түп төркініне келсек «жорық» ұғымына тән. Ерте дәуірде аламан бәйге күндік жерден жіберілетіні жайлы эпостық жырларда айтылады. Ол үшін жүйріктер бір күн бұрын сөреге (бәйге шабарға) қарай айдалып, шабандоз балалар айран-шалабын ала баратын болған. 

Тай жарыс – бір жастағы жылқы төлінің жарысы. Қашықтығы 6-8 шақырымнан аспайды. Қазақ халқы болашақ тұлпар болар жылқы мен батыр болар баланы тай жарысынан бастап таныған. Көшпенділер дәстүрінде тай жарысы кезінде ең соңынан келген тай мен балаға да сыйлық беретін ұғым бар.

Құнан жарыс. Құнан жарыстың қашықтығы 15 шақырымнан аспауы керек. Одан ұзақ болса сүйегі қатып, өкпесі жетілмеген жас жылқы булығып, беті қайтып қалады. Құнан жарыс кезінде жылқының болашақта қандай дәрежеде бап сүйетінін (қоңды, күйлі немесе арық, орташа етті т.б.) анықтайды және шабыс ырғағын таниды.

Дөнен жарыс. Дөнен жарыстың қашықтығы 20 шақырымнан аспауы тиіс. Дөнен жылқының жарысы кезінде жүйріктің сүйек сыны айқындалады және еркек жылқы болса алдағы уақытта айғыр немесе жүйрік, болмаса мініс аты бола ма, сол шешіледі. 

Жорға жарыс. Бұған тек ірі жылқылар қатысады. Жорғалар 8-10 шақырым қашықтыққа жіберіледі. Бұл жарыстың басты ерекшелігі атты шаптырмайды тек жорғалатып жарыстырады. Жорға жарысында қатысушы жылқылар көбіне айналып шауып, күллі көрерменнің көз алдында өтеді. Жорға аттың үзеңгісі қысқа болу керек, үзеңгі ұзын болса, кәрі жілік пен жауырынның басына тиіп, зақым келтіріп жорға әлсірейді. Жорғаға үш айыл – төс айыл, орта айыл, шап айыл тартылады. Жорғашы тізгінді бір қолмен тең ұстап, нық отырады. 

 

https://egemen.kz/article/156999-bayge-zhane-onynh-turleri
 



Сұрақтар
  1. «Аламан» сөзінің түп төркіні

  2. Жүйріктің жасына, жынысына қарамайтын жарыс

  3. Эпостық жырларда аламан бәйге туралы келтірілетін дерек

  4. Ең соңынан келген тай мен балаға да сыйлық берілетін жарыстың түрі

  5. Қашықтығы 15 шақырымнан аспайтын жарыс

  6. Атты шаптырмай тек жорғалатып қатыстыратын жарыс түрі

Қате туралы хабарландыру