
iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
10-мәтін
Қабанбай Қожағұлұлы – батыр, талантты қолбасшы. Азан шақырып қойылған есімі – Ерасыл. Ол 1692 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Барлық тауында өмірге келіп, 1770 жылы сонда дүние салған. Қабанбай Найман ішіндегі Қаракерей руының Байжігіт тармағынан. Жастайынан жаугершілік пен шапқыншылықтың зардабын көріп өскен Ерасыл – бүкіл еліне, жұртына төнген зұлматтың қандай екенін, бойына сіңіріп, сезініп өскен қазақ ұлдарының бірі. Кейбір мәліметтерде Арқада туып, Арқадағы Есіл мен Нұра ортасындағы Қабанбайдың үшбұлағы аталатын жерде дүниеден өткен, ал сүйегі Үшбұлақтан 3 шақырым жерде «Найман қорым» аталатын қырдың үстіне қойылған деседі. Батырдың өмірбаянына қатысты тарихи деректерді Амангелді Төлемісов жинақтап, қалың қауымға ұсынды. «Ту көтеріп, ел қорғаған сүйікті батырына халық Ерасыл, Нарбала, Ізбасар, Қабанбай, Хан батыр, Дарабоз, Көкірек әулие деген есімдер берген», – дейді тарихшы.
Ол 1723 жылы Түркістан қорғанысына, 1726 жылы Бұланты шайқасына, 1730 жылы Аңырақай-Алакөл шайқасына, кейін Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырларының біріне айналады. 1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауға шапқаны үшін Дарабоз атанады. 1751 жылы Арқадан Оңтүстік Қазақстанға Ханбаба (Барақ сұлтанның үлкен ұлы) жорығы жасалды. Ұлы жүз жасағын өзіне қосып алған екі түмен қазақ әскері Сыр бойын, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын жоңғарлардан тазартып, Ташкентте Төле бидің билікке келуіне көмектесті. Сондай-ақ Шыршық өңірінде Жоңғарияға айдалып бара жатқан бірнеше мың қарақалпақты құтқарып қалады. XVIII ғасырдың орта шенінде қазақ хандарының билік үшін күресі күшейген шақта Барақ сұлтан Кіші жүздің ханы Әбілқайырды өлтірген. Қабанбай батыр Барақ сұлтанға кінә тағып, оның Жоңғар хандығымен жақындасуына қарсы әрекет жасады. Қабанбай батыр тек Орта жүздің ішкі жағдайларына ықпал етіп қана қоймай, Кіші жүзде болып жатқан тарихи оқиғалардың да бел ортасында болды.
-
Қабанбай Дарабоз атанған шайқас
-
Батырдың азан шақырып қойған есімі
-
Қабанбайға қатысты дұрыс тұжырым
1. Кіші жүз ханы Әбілқайырды өлтірді
2. Жоңғарларды Ташкент қаласынан қуып шықты
3. Төле бидің билікке келуіне көмектесті
-
Кіші жүзде билік үшін күрес шиеленіскен кезең
-
Қабанбайдың Барақ сұлтанға қарсы жасаған әрекеті
-
Сыр бойы, Ташкент, Шымкент, Сайрам қалаларын жоңғарлардан тазарту үшін жасақталған әскер саны