Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

42-мәтін (2019 жыл)

Конспект

Ұрпағы үшін өмір сүрген халық

Бала мен ұрпақ мәселесі көшпелі жұртшылықтың қашан да назарынан тыс қалып көрген емес. Бала – келешек өмірдің тірегі. «Адам өзі мың жасамайды, ұрпағымен мың жасайды» дейді дана халқымыз. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» дейтін де мақал бар. Бүкіл тарихи ғұмырын ат үстінде өткізіп, мың өліп, мың тірілген көшпелілер ұрпақ мәселесіне айырықша мән берген.

Заманымыздың көрнекті ғұламасы Әлкей Марғұлан ертедегі ауыз әдебиеті түрлеріне арнаған салиқалы еңбегінде былай деп жазған еді: «Қой бастаған ақ қошқар сенікі болсын. Тікірейген құлағының түбінде қара қалы бар, көзі мөлдіреген ақ боз айғыр сенікі болсын, құлыншағым. Жалы желмен желбіреп, адамдардың үрейін ұшырып келе жатқан кара бура да, оның соңынан ерген түйе келесі де сенікі болсын. Азуы ақсиған қасқыр көрсе, қарағайдай мүйізін шаншып, тарпа бас салатын боз бұқа да, ол бастаған сиыр табыны да сенікі болсын».

КөшпенділердІң өз ұрпақтарына қалдыратын аманаттарын былай жіктеуге болар еді: 1. Нәрестенің бесігінен бастап оған қатысы бар заттардың барлығына құрметпен, ұқыптылықпен қарау. 2. Келешек ұрпақты өмірге әкеліп, тәрбиелейтін әйел затына сыйластықпен қарау. 3. Жастар мен жас сарбаздарды жылқыға, ат әбзелдері мен ер-тұрманын дайындай білуге үйрету.

Ежелгі сақтардың, үйсіндердің, қаңлылардың Көкшетау, Бурабай, Қарғалы, Шелек, Есік төңірегінен табылған археологиялық мұралары бұл жұрттардың бала бесігіне, бесіктің безендірілуіне жете мән бергенін байқатады. Әдетте бесікті өте сапалы ағаштан жасап, оны алтын жалатқан бүркіт бейнелерімен, сом алтыннан құйылған бөрі мүсінімен әшекейлеген. Бұлар тұмар сияқты баланы сақтайды деп сенген. Осыдан-ақ көшпелілердің өз балаларын бүркіт пен қасқыр сияқты сымбатты әрі күшті болуын қалағанын байқау қиын емес. Бабаларымыз бала тәрбиесіне қатты ден қойған.

Тіршіліктерінің басты шарты кеңістік пен уақыт ішіндегі қозғалыс болған көшпелілер қауымында өмірге келген баланың көзқарасы да өзінше қалыптасқан. Әке-шешенің аялы алақанында тәрбиелене жүріп-ақ, бүркіт пен көкжал бөріні пір тұта білді, тез есейді. Сөйтіп жастайынан-ақ ер қанаты аттың құлағында ойнап шыныққан сарбаз болып өсті.



Сұрақтар
  1. Мәтін бойынша ежелгі сақтар бесікті безендірген бейнелердің бірі

  2. Бала бесіктері табылған археологиялық орындар

  3. Мәтіндегі Ә.Марғұланның балаға қатысты сөзінің мағынасы

  4. Мәтін мазмұнына сай мақал-мәтел

Қате туралы хабарландыру