iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
VIII тарау. Жүрек-қантамырлар жүйесінің аурулары
Жүрек пен қантамырлар жүйесінің аурулары әр түрлі жағдайларға байланысты: 1. Бұлшықеттерге ауыр күш түсіретін жұмыстар – жүрек бұлшықеттеріне зақым келтіріп, жиырылу қабілетін төмендетеді. Жүрек бұлшықетін қанмен жабдықтайтын қантамырлар қан ұйығымен бітеліп, оттек пен қоректік заттарды тасуға кедергі жасайды. 2. Өте қауіпті жұқпалы ауруды қоздырушылардың бөлетін уы қанмен жүрекке жетіп, жүрек бұлшықеттерін зақымдайды. 3. Қалқанша без гормонының не аз, не көп бөлінуі ырғақты жиырылуын бұзады. 4. Жүрек қақпақшалары бактериялармен зақымданғанда жабылмай, жүрек жиырылғанда қанның кері ағуына әсер етеді. Жүрек-қантамырлары аурулары жүйке жүйесіне де байланысты.
Қан қысымының өзгеруі. Адам қартайған сайын артерия қантамырлары қабырғаларының серпінділігі төмендеп, қатайып, тығыздалып, қуысы тарылады. Мүшелерге қан аз келеді, артерия қантамырларында қан қысымы жоғарылайды. Қан қысымының көтерілуі бүйрек ауруына, жүйке жүйесінің күйзелісіне, дененің аз қозғалуына байланысты. Қан қысымы қатты көтерілсе, қантамырлар жарылуы мүмкін. Миға қан құйылу өте қауіпті. Себебі ми жасушалары зақымданып, бұлшықеттер жансызданады. Қол-аяқ тартылып қалады (сал-паралич). Бұл кезде артерия қантамырларындағы қан қысымы сынап бағанасымен 200 мм-ден асады. Егер қан қысымы төмендесе, сынап бағанасының көрсеткіші 70–80 мм төмен болады. Мұндай аурулардың белгілері: бас ауырады, жүрегі айниды, құлағынан шу кетпейді, тамаққа тәбеті тартпайды, жүректің жиырылуы бірде жиілеп, бірде бәсеңдейді.
Адамда қан қысымы көтерілсе не төмендесе нәруызы бар тағамды аз пайдалану керек. Күніне 8–9 сағат ұйықтау, ашуланбау, таза ауада көбірек жүру жүрек-қантамырлар жүйесіне өте қолайлы.
Вена қантамырларының кеңеюі. Ұзақ уақыт аяғынан тік тұрып жұмыс істеген адамдарда вена қантамырлары кеңейеді. Кеңейген жерлерінде қан ұйығы пайда болады. Сыртынан түйін-түйін болып білінеді. Вена қантамырларында қан қысымын жоғарылатады. Аяқ көп қимылдамаған соң оның бұлшықеттері де жиырыла алмайды. Қан ұйығы ауруы асқынбас үшін көбірек қозғалу керек.
Жүрек кемістігі (порок) жүрек қақпақшаларының зақымдануынан болады. Жүрек кемістігі туа пайда болған және жүре пайда болған деп 2-ге бөлінеді. Туа пайда болған кемістік іште жатқанда ұрық жүрегінің дұрыс қалыптаспауынан туындайды. Ондай ақаулық жүректің жүрекшелерінде байқалады. Жүре пайда болған кемістік жұқпалы аурулардың әсерінен де болады. Жүрек қақпақшаларының жақтауларының жиегі тегіс болмай кедір-бұдырлы тыртық болып қалады. Қақпақшалар жабық тұрса да, қанға тосқауыл бола алмай жүректе қан іркіліп тоқтап қалады.
Қаназдық (малокровие или анемия) – қанда эритроциттердің азайып, гемоглобиннің кемуінен болатын ауру. Қаназдықтың болу себептері: денеден көп қан кету; химиялық заттардың, удың, безгек ауруының әсерінен эритроциттердің бұзылуы; кемік майы, бауыр, көкбауырдың зақымдануы; эритроциттердің түзілуіне қатысатын заттардың (темір, В12 витамині) жетіспеуі және т. б. Қан оттекпен қанықпағандықтан мүшелер мен ұлпаларға оттек жетіспейді. Зат алмасу бұзылады. Эритроциттердің мөлшері азайғанда қанның тұтқырлығы төмендеп, жүрек соғуы жиілейді. Қаназдықтан жүрекке көп күш түседі. Оны қан құю арқылы емдейді.
Ақ қан ауруы (лейкемия) лейкоциттердің тез көбейіп, қан ағынын толтырып жіберуден пайда болады (грекше «leukas» – ақ, «haіma» – қан). Лейкоциттер кеміктегі жілік майын ығыстырып, эритроциттердің түзілуіне кедергі жасайды. Бұл ауруды рентген сәулесі, радиоактивті элементтермен емдейді.
Қан кеткенде көрсетілетін алғашқы жәрдем. Әр түрлі қолайсыз жағдайлардың әсерінен ағзадан қан кетуі мүмкін.
Артерия қантамырларынан қан кету өте қауіпті, аз уақыттың ішінде көп қан жоғалтады. Себебі артерия қантамырларында қысым жоғары болғандықтан қанның ағуы да тез болады. Мұндайда жарақаттанған жердің жоғарғы жағын саусақпен қысады. Жарақаттың бетін таза шүберекпен жауып, үстінен ширатылған матамен қатты қысып байлайды. Артерия қантамырларынан аққан қан алқызыл түсті болады.
Вена қантамырларынан аққан қан күңгірт-қызыл түсті. Вена қантамырлары жарақаттанса, қан аққан жердің төменгі жағынан саусақпен басып тұрып қатты таңады.
Мұрыннан қан кеткенде – басын сәл көтеріп жатқызып немесе отырғызып көз аралығының қырына суық шүберек басады. Мақтаны сутегінің асқын тотығымен (перекись водорода) дымқылдап танауға тығады. Басын тым шалқайтуға болмайды, қан тамаққа кетіп, қақалып қалуы мүмкін. Ең абзалы дәрігерге көрсету керек.
Ішкі қуыстарға қан кету (кеуде, құрсақ, бассүйектің ішіне және т. б.) адам ағзасы үшін өте қауіпті. Бұл кезде жедел операция жасау қажет. Ішкі қуыстарға қан кеткенде тері бозарады, суық тер шығады, тыныс алу баяулайды, тамырдың соғуы өзгереді. Бұл кезде басын көтеріп жатқызып, қан кетті деген жерлерге суық су басады.
Жүрек қантамырларына зиянды заттардың әсері. Никотинде (темекіде) у болғандықтан ең алдымен жүректің жиырылуын жиілетіп, қантамырларын тарылтады. Жүректің бұлшықеттері тез шаршайды. Темекі шегетіндердің басы ауырып, ұмытшақ болады. Темекі мүшелерді қанмен жабдықтауды әлсіретеді.
Ішімдіктің (алкоголь) зияны темекіден де күшті. Арақтың уы қанға тез сіңіп, ағзаға тез таралады. Жүрек пен қантамырлар жұмысын бұзады. Қантамырлар қабырғасының серпінділігі азайып, осал болады. Адам ентігеді, жүрек қабы майланып, жүрек жұмысына кедергі жасайды.
Жүрек-қантамырлар ауруларының алдын алу үшін ең қажеттісі – көбірек қозғалу. Қозғалыстың негізі – бұлшықеттердің жиырылуы. Дене еңбегімен шұғылданғанда бұлшықеттер қанмен қамтамасыз етіледі. Қан бұлшықеттерді оттекпен және қоректі заттармен байытады. Дұрыс қалыптасқан ағза ауруларға көп шалдықпайды.
Шынығу-шынықтырудың да мәні зор. Шыныққан адамның жүрегі қандай жұмыс істесе де көпке дейін шаршамайды. Денесі де ширақ, көңілі көтеріңкі болады. Жүректің бұлшықеттері қалыңдап, ырғақты жиырылады. Шынықпаған адам әлсіз, тез шаршайтын болады.
-
Жүрек пен қантамырлар жүйесінің ауруларының пайда болу себептері:
-
Қалқанша без гормонының не аз, не көп бөлінуі:
-
Адамда қан қысымының көтерілу:
- Адамда қан қысымы көтерілсе не төмендесе:
-
Қанда эритроциттердің азайып, гемоглобиннің кемуінен болатын ауру:
- Лейкоциттердің тез көбеюінен пайда болатын ауру:
-
Алғашқы көмек көрсеткенде жарақатты немен өңдейді?
-
Не үшін жгутті 2 сағаттан артық ұстауға болмайды?
-
Темекідегі қандай зат қан қысымын көтеріп, қанның ұюын күшейтеді?
-
Қан кетудің қандай түрлері ажыратылады?