iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
VIII тарау. Үлкен және кіші қанайналым шеңберлері. Қанның қантамырлармен қозғалуы
Үлкен және кіші қанайналым шеңберлері. Адам денесінде қантамырлар үлкен және кіші қанайналым шеңберін түзеді.
1-сурет. Үлкен қанайналым шеңбері.
1. Үлкен қанайналым шеңбері → жүректің сол жақ қарыншасынан басталып → дене жасушаларына → жүректің оң жақ жүрекшесімен аяқталады. Үлкен қанайналым шеңбері деп аталу себебі – қан бүкіл денеге таралып, қайтадан жүрекке келеді.
2. Кіші қанайналым шеңбері → жүректің оң жақ қарыншасынан басталып → өкпеге → жүректің сол жақ жүрекшесімен аяқталады.
Кіші қанайналым шеңбері деп аталу себебі – қан тек өкпеге барып оттекпен байытылады да қайтадан жүрекке келеді. Бұл қанайналым шеңберін кейде өкпелік шеңбер деп те атайды.
Қан қысымы. Қан қантамырлардың бойымен ағуы кезінде қантамырларына және жүректің қуыстарына қысым түсіреді. Қан қысымы қантамырлардың әр түрлі бөлімдерінде біркелкі болмайды. Ең жоғары қан қысымы жүректен қанды алып шығатын ең ірі артерия қантамыры – қолқада болады. Жүректен алшақтаған сайын қантамырларда қан қысымы төмендей береді.
Қан қысымын тоқпан жіліктің артерия қантамырларынан (қолдың қарынан) өлшейді (64-сурет). Жас, дені сау адамдарда қан қысымы үнемі тұрақты, өзгермейді. Жүректің сол жақ қарыншасының жиырылуы (жоғары қысым) сынап бағанасымен 120 мм болса, босаңсуы кезіндегі көрсеткіші (төменгі қысым) 70–80 мм. Қан қысымы жоғарылаған кезде болатын ауруларды гипертония(грекше «hyper» – үсті, жоғары), ал қан қысымы төмен ауруларды гипотония («hupo» – асты, төмен) дейді. Қанның қантамырлардың бойымен қозғалуы вегетативті жүйке жүйесі арқылы реттеледі. Оның орталығы сопақша мида орналасқан.
2-сурет. Тонометрмен қан қысымын өлшеу
Тонометр
Тамырдың соғуы (пульс) жүректің сол жақ қарыншасы жиырылған сайын артериялардың қабырғасы оқтын-оқтын серіппелі кеңейеді (латынша «pulsus» – соғу, итеру). Жүрек қарыншалары жиырылғанда қанды қолқа мен өкпе артерия қантамырларына күшпен айдайды. Күшпен айдалған қан ары қарай артерия қантамырларының қабырғасын керіп жібереді де, тербеліс толқыны пайда болады. Тербеліс толқыны артерия қабырғаларының бойымен тез таралады. Артерия қабырғаларының ырғақты тербелісі – тамырдың соғуы деп аталады. Тамырдың соғуын білектің ішкі жағының төменгі бөлігінен саусақпен басып, мойынның екі жағы мен самайдан білуге болады. Тамырдың соғуына қарап 1 минутта жүректің қанша рет жиырылғанын біледі. Ересек адамдарда жүрек минутына 70–75 рет соғады. Адам дене еңбегімен шұғылданғанда жүрекке күш түскендіктен, тамырдың соғуы жиілейді.
- Жүректің сол жақ қарыншасынан басталып, жүректің оң жақ жүрекшесімен аяқталатын қанайналым шеңбері:
- Жүректің оң жақ қарыншасынан басталып, жүректің сол жақ жүрекшесімен аяқталатын қанайналым шеңбері:
- Жүрек жұмысының ерекшелігін анықтау үшін қолданылатын әдіс :
- Жүрек бұлшықеттерінің жұмысын қисық сызық арқылы жазып алатын аспап:
- Электрокардиограф арқылы жүректің бұлшықеттерінің жұмысы жазылған қисық сызық:
-
Қан қысымы төмендеген кезде болатын ауру?
-
Қан қысымын өлшейтін құрал?
-
Жүрек бұлшықеттері қанмен қамтамасыз етілмеген жағдайда болады?
-
Қанның қантамырлар бойымен қозғалуын реттейді?
-
Қан қысымы жоғарылаған кезде болатын ауру?