Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

V тарау. Жұмыр құрттар типі

Конспект

Жұмыр құрттар – денесі буылтықтарға бөлінбеген, шұбалаңқы, цилиндр пішінді немесе ұршыққа ұқсас жәндіктер. Олардың көлденең кесіндісі дөңгелек, денесі үш қабаттан тұрады. Көпшілігі дара жынысты. Жұмыр құрттар денесінің ішкі қабырғасы мен ішегінің аралығында түтік тәрізді қуыс болады. Денесінде қуыс алғаш осы ағзаларда пайда болғандықтан, олар алғашқы қуыстылар типі деп те аталған.

 

Қуысқа толы сұйықтық сыртқы ортамен байланыспайды. Қуыста ішкі мүшелер еркін орналасып, біріне-бірі тәуелсіз жұмыс атқарады. Құрт денесіндегі қуыс пен сұйықтық денедегі барлық жасушалармен газдың алмасуына да қатысады.

 

Жұмыр құрт денесі үш қабаттан тұрады. Бірінші ең сыртқы қабат – сірқабық. Екінші ортаңғы қабат – гиподерма (тері астындағы қабат). Үшінші ең астыңғы қабат – бірыңғай салалы бұлшықет қабаты. Сірқабық – өлі ұлпа, сондықтан ағза денесінің өсуіне мүмкіндік бермейді, өзі өспейді. Жұмыр құрттар денесі өскен кезде, серпімді қалың қабат – сірқабықты сыпырып тастайды. Сірқабық кейіннен жаңаланып, қайта пайда болады. Жұмыр құрттардың сірқабық тастауы түлеу деп аталады. Түлеу жәндіктің уақытша өсуін қамтамасыз етеді. Өйткені денесі өскенде құрт тағы да түлей алады. Гиподерма (грекше «гипо – астында», дерма – тері») қабаты сірқабықты астарлап жатады. Гиподерма астыңғы жағынан бірыңғай салалы бұлшықет қабатына қосылады.

 

 

1 – ішексорғының аналығы; 2 – ішексорғының аталығы.

Жұмыр құрттардың сан алуандығы

 

Жұмыр құрттардың денесі екіжақты симметриялы. Көпшілігі паразиттік жолмен тіршілік етеді. Денесі буылтықтарға бөлінбегендіктен, бұл типке жататын құрттар жұмыр құрттар деп аталған. Дүние жүзінде жұмыр құрттардың 20 мыңға жуық түрі тіршілік етеді деп есептеледі. Бұлар бірнеше класқа бөлінеді. Біз тікенбасты, бауыркірпікшелі, жұмыр құрттар, зымырақтар, қылқұрттар класының өкілдеріне тоқталамыз.

 

Жұмыр құрттар типіне жататын жәндіктердің негізгі ерекшеліктері. Жұмыр құрттардың денесі сірқабықпен (кутикула) қапталады. Ауыз қуысы денесінің алдыңғы жағында, ал аналь тесігі – артқы жағында орналасады. Көптеген жұмыр құрттарда тері-бұлшықет қапшығы болады. Көлденең жолақты бұлшықеттері жоқ. Сондықтан жұмыр құрттар денесін қысқарта да, соза да алмайды. Олар денесін тек жан-жағына ғана ие алады.

 

Жұмыр құрттарда тынысалу және қантарату жүйесі болмайды. Бұлар – дара жынысты жәндіктер. Олардың қосжыныстылары да кездеседі. Жұмыр құрттардың аталығынан аналығы ұзын. Көбінесе жұмыртқа арқылы көбейеді. Дернәсілін тірі туатын да түрлері бар. Өсімдік тамырында ауру тудыратын паразит жіпшеқұрттар (қант қызылшасының жіпшеқұрты – свекловичная нематода) шаруашылыққа орасан зор зиян келтіреді.

 

Жіпшеқұртпен зақымданған қант қызылшасы.

 

Жіпшеқұрттардың барлығы өсімдік паразиті болып табылады, олардың мөлшері 1 миллиметрден аспайды. Жұмыр құрттар адамға және жануарларға зиян келтіреді, тері астында (суыртқы – ришта), бұлшықеттерде (трихинелла), ішекте (ішексорғы, үшкірқұрт) паразиттік әрекет жасап, ауруға ұшыратады. Ішексорғының ұзындығы (жылқы ішексорғысы) 18 сантиметрге дейін, (кит ішексорғысы) 8 метрге дейін жетеді.

 

Көбінесе жасөспірімдер мен балалардың аш ішегіне үшкірқұрт (аскарида) орнығады. Ол – паразит құрт. Үшкірқұрттың екі ұшы да сүйірленген, дене тұрқы 20 см шамасында болады. Оның түсі ақшыл немесе сарғыш болып келеді. Ішексорғы екі сүйір ұштарын қадап, ішекте тіршілік етеді.

Ішексорғының алдыңғы ұшында аузы, соңғы бөлігінде аналь тесігі (артқы тесік) болады. Аналь тесігінен кейінгі дене бөлігі құйрық деп аталады. Ішексорғының аузында үш ерін бар. Құрт сол еріндері арқылы ішектің қабырғасына қадалып, зақымдаған жерінен қан сорады. Оның денесі тығыз қабықшамен – кутикуламен қапталған, кутикуланың астында ұзын салалы бұлшықеттері болады. Көлденең салалы бұлшықеттері жоқ. Сондықтан ішексорғы денесін жиыра, қысқарта алмайды. Оның денесі созылмайды. Пішінін өзгертпей, тек жан-жағына иіледі.

 

Ішексорғының денесін қаптаған тығыз қабықша – тері-бұлшықет қапшығы деп аталады. Асқорыту және басқа мүшелері тері-бұлшықеттің астындағы сұйықтыққа толы қуыста орналасады.

 

Ішексорғының қорегі ауыздан түтік тәрізді ішекке өтеді. Ішек үш бөліктен құралады: алдыңғы, ортаңғы және соңғы. Қорытылған қоректі ішектің қабырғасы сорып, дене қуысын толтырып тұрған сұйықтыққа жеткізеді. Дене жасушалары қоректі сіңіреді. Қорытылмай қалған қорек қалдығы дененің соңғы бөлігіндегі аналь тесігі арқылы сыртқа шығады.

 

Ішексорғыда қантарату және тынысалу мүшелері болмайды. Ол таспа құрттар тәрізді тыныс алады.

 

Жұмыр құрттардың жүйке жүйесі жалпақ құрттарға ұқсас. Сезім мүшелері өте нашар дамыған, дененің алдыңғы жағында, терідегі ойықта химиялық сезім мүшесі болады. Ішексорғыда көз болмайды.

 

Ішексорғылар – дара жынысты жәндіктер. Аналығынан аталығы қысқа болады және аталығының құйрық бөлігі ішке қарай имектеніп тұрады. Ішексорғының аналығында – екі жұмыртқабез, ал аталығында бір аталықбез орналасады. Ұрықтанған жұмыртқалар ішекке бөлініп шығып, қорытылмаған тамақ қалдығымен бірге сыртқа шығып қалады. Ондай ортаға түскен жұмыртқалар (олардың саны 200 000-ға дейін жетеді) бірнеше күннен соң дернәсілдерге айналады. Осылай дамыған жұмыртқалар қолдың кірі және жуылмаған көкөністерден адамның аузына түседі. Одан ішекке өтеді. Ішекте жұмыртқаларды жарып, дернәсілдер ішектің қабырғасына қадалады. Сөйтіп бөсір (аскаридоз) ауруы пайда болады, ішексорғы бөлген улы заттардан ішектің қызметі бұзылады.

 

Дернәсілдер қанмен бірге өкпеге де енуі мүмкін, ондайда қақырық бөлініп, адам жөтеледі. Қақырықпен бірге ішексорғының дернәсілі ауызға түседі. Адам жұтынғанда ішекке барады. Енді ол даяр азықпен қоректеніп, жетіледі. Үш айдан соң ересек ішексорғы жұмыртқалайды.

 

Дене пішіні біржасушалы қарапайымдарға ұқсас жұмыр құрт түрлері – қылтыңбас, зымырақ, құрсақкірпікшелі құрттардың маңызы зор. Өйткені олар бактериялар, біржасушалы жәндіктер, балдырлармен қоректенеді. Сонымен бірге оларды шаяншалар, балық шабақтары, балықтар қорегіне жаратады. Жылқының құйрық қылына ұқсас шумақталған жіңішке (тұрқы 1 м) жұмыр құрт қылқұрт деп аталады. Оның адамға ешқандай зияны жоқ, алайда ол бунақденелілердің денесінде паразиттік тіршілік етеді.



Сұрақтар
  1. Денесі буылтықтарға бөлінбеген, шұбалаңқы, цилиндр пішінді немесе ұршыққа ұқсас жәндік:

  2. Жұмыр құрт денесіндегі ең сыртқы қабат:
  3. Тынысалу және қантарату жүйесі болмайтын құрт:

  4. Жұмыр құрт денесіндегі сірқабықтың кейіннен жаңаланып, қайта пайда болуы:
  5. Ішексорғы денесін қаптаған тығыз қабықша

  6. Үшкірқұрттың аузы орналасады?

  7. Жұмыр құрт денесі?

  8. Ішексорғының денесін қаптаған тығыз қабықша?

  9. Аяқта суыртқы пайда болуының алғашқы  белгілері қандай?

  10. Жұмыр құрттардың сірқабық тастауы?

  11. Жұмыр құрттарға жататын

  12. Жұмыр құрт

Қате туралы хабарландыру