Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

V тарау. Жалпақ құрттар типі

Конспект

Құрттар – екіжақты симметриялы, үш қабатты, көпжасушалы жәндіктер. Бұлардың денесін тері-бұлшықетті қапшық қаптайды. Дене тұрқы шұбалаңқы келеді. Эктодерма мен энтодерма аралығында дененің үшінші қабаты – аралық қабат мезодерма орналасады. Зоология ғылымының паразит құрттарды зерттейтін саласы гельминтология деп аталады.

 

Жалпақ құрттар типіне жататын жәндіктердің негізгі ерекшеліктері. Жалпы саны 15 мыңнан аса түрлерді біріктіретін жалпақ құрттар 5 класқа жіктеледі. Біз тек кірпікшелі құрттар, сорғыш құрттар және таспа құрттарға ғана тоқталамыз. Бұлардың денесінде қуыс жоқ. Бауыр жағы арқасына жабысып, денесі жалпақ пішінді болғандықтан, жалпақ құрттар деп аталған. Жалпақ құрттардың көпшілігінің пішіні жапыраққа немесе таспаға ұқсас. Таспа тәрізді жалпақ құрттардың денесі бунақты. Бас бөлігінде бунақ болмайды.

 

 

Жалпақ құрттардың сан алуандығы: 1 – цепень; 2 – бауырсорғыш; 3 – сұлама;

 

 

Жалпақ құрттардың ішекқуыстылардан айырмашылығы – денесі екі қабаттан емес, үш қабаттан тұрады. Ұрықтың дамуы кезінде эктодерма мен энтодерма аралығынан аралық жасушалы қабат – мезодерма пайда болады. Мезодермадан әр түрлі мүшелер мен мүшелер жүйесі түзіледі. Дене жабынын цилиндр тәрізді жасушалардан тұратын жабын ұлпасы – эпителий қаптайды. Эпителий жасушаларында кірпікшелер бар. Еркін жүзетін жалпақ құрттардың (мысалы, ақ сұлама) жабын жасушаларында да кірпікшелі жасушалар бар. Паразиттік жолмен тіршілік ететін құрттардың дене жабынының құрылысы ерекше болады.

 

Сорғыш құрттар өкілі – бауырсорғыш, таспа құрттар өкілі – сиыр таспақұрты – нағыз паразиттер. Олардың эпителий ұлпасында жасушасы жоқ, оны тығыз түзіліс қаптайды. Ол түзіліс сірқабық деп аталады. Сірқабық қорғаныш және тірек қызметін атқарады.

 

Жалпақ құрттар типіндегі ағзалардың ішекқуыстыларда болмаған жаңа жүйесі бар. Жаңа жүйе зәршығару (қажетсіз заттарды бөлу) жүйесі деп аталады. Бұл – бұған дейін тірі ағзаларда болмаған жүйе.

 

Ақ сұлама – еркін жүзіп қимылдайтын, жалпақ құрттарға жататын кірпікшелі құрт. (Денесі кірпікшелі эпителий жасушаларымен қапталған дықтан, кірпікшелілер класына жатады.) Ол кірпікшелерінің көмегімен суда еркін жүзеді. Сұламаның дене қимылын реттейтін әр түрлі бұлшықеттері бар. Сыртқы қимылға сақиналы бұлшықеттер қатысады. Аралық қабат қимылын қиғаш бұлшықеттер реттейді. Ал ішкі қабаттағы қимыл бірыңғай салалы бұлшықеттер мен реттеледі. Кірпікшелі құрттардың аузы, асқорыту, зәршығару және жыныс мүшелері бар. Паразиттік жолмен тіршілік ететін жалпақ құрттардың көпшілігінде асқорыту жүйесі мүлде жойылып кеткен. Бұл құбылыс әсіресе таспа құрттардан байқалады.

 

 

Сұламаның денесінің көлденең кесіндісі

1 – жыныс жасушалары; 2 – мезодерма; 3 – энтодерма; 4 – эктодерма; 5 – ішек қуысы; 6 – сақиналы бұлшықеттер; 7 – қиғаш бұлшықеттер; 8 – зәршығару жүйесі; 9 – жүйкелік созынды

 

Жалпақ құрттардың жүйке жүйесі дененің бас бөлігінде орналасады. Ол жүйке түйіндерінен басталып, денені бойлай екі бағана түзіп, созылып жатады. Екі бағананы көлденең орналасқан жүйкелер байланыстырады. Кірпікшелі құрттарда сезім мүшелері дами бастайды. Мысалы, ақ сұламаның қарапайым көзшелері бар. Сипап-сезу сезімталдығы едәуір арта түскен. Алайда бауырсорғыш, сиыр таспақұрттарында, паразитті тіршілік ететіндіктен, көз дамымаған.

 

Жалпақ құрт типіндегі ағзалардың барлығында қантарату және тынысалу жүйелері мүлде жоқ. Олардың тыныс алуына бүкіл денесі қатысады.

 

Жалпақ құрттар – қосжынысты (гермафродит) жәндіктер. Олардың жыныс жүйесінің құрылысы өте күрделі. Жалпақ құрттар жыныстық жағынан жетілуге дейін бірқатар дернәсілдік сатылардан өтіп, өзгеріспен дамиды. Мысалы, ақ сұлама жұмыртқадан дамып, піллә түзеді. Ол жыныссыз да, жынысты да жолмен көбейеді. Бауырсорғыштың дернәсілдері жұмыртқадан әр түрлі пішінде шығып, негізгі және аралық иелерде дамиды. Паразит жалпақ құрттардың жыныстық ұрпақтары – негізгі иеде, ал дернәсілдік ұрпақтары аралық иеде мекендейді. Таспа құрттар өкілі – сиыр таспақұртының негізгі иесі – сиыр. Оның денесінде жұмыртқадан дернәсілдің екі түріне ауысады: біріншісі – қармақшалы дернәсіл; екіншісі – таспақұрттың көзге байқалмайтын, мойынға жалғасқан басы бар кішкене көпіршігі – финна. Ересек таспақұрт негізгі иесі – адам денесінде өмір сүреді. Жалпақ құрттар – суда, топырақта, ағзалар денесінің сыртында және ішінде тіршілік ететін омыртқасыз паразит жануарлар. Бұлардың еркін тіршілік ететін түрлері ұсақ шаяншалар, құрттар және судағы жануарлардың қалдықтарымен қоректенеді. Паразиттік жолмен тіршілік ететін жалпақ құрттар, жануарлар мен өсімдіктер ағзасында әр түрлі аурулар туғызады. Халық шаруашылығына айтарлықтай зиян келтіреді. Сонымен бірге таспақұрттардың барлығы жануарлар мен адам өміріне зиян келтіреді. Ішекте өмір сүретін паразиттер – эндопаразиттер. Ал ағза денесінің сыртында паразиттік жолмен тіршілік ететін жәндіктер эктопаразиттердеп аталады.



Сұрақтар
  1. Екіжақты симметриялы, үш қабатты, көпжасушалы:

  2. Құрттарды зерттейтін ғылым:

  3. Жалпақ құрттардың ішекқуыстылардан айырмашылығы:

  4. Сорғыш құрттар өкілі:

  5. Еркін жүзіп қимылдайтын, жалпақ құрттарға жататын кірпікшелі құрт:
  6. Жалпақ құрттардың жүйке жүйесі?

  7. Гермофродит жәндік дегеніміз не?

  8. Эктодерма мен энтодерма аралығындағы аралық жасушасы

  9. Жалпақ құрттардағы сірқабық қызметі?

  10. Жалпақ құрттар тыныс алады?

  11. Ақ сұламаның қанайналым жүйесі мен қантамыры

Қате туралы хабарландыру