Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

V тарау. Көпжасушалы жануарлар дүниесінің тармағы

Конспект

Денесі өте көп жасушалардан құралатын жануарлар көпжасушалы жануарлар деп аталады. Бұлардың денесі кем дегенде екі қабаттан құралады. (6-сынып материалдарын пысықтаңдар.) Барлық жануарлар әлемінің екі дүние тармағына жіктелетіні сендерге мәлім. Жануарлар дүниесінің бір тармағы – біржасушалы, яғни қарапайым жәндіктер. Ал екінші тармағы – көпжасушалы жануарлар. Көпжасушалылар дүние тармағына жәндіктер де, жануарлар да қамтылады. («Жәндіктер» және «жануарлар» анықтамасын еске түсіріңдер.) Сонымен жануарлар дүниесі дүние тармағына, типке, класқа, отрядқа, тұқымдасқа, туысқа және түрге жіктеледі.

 

Қабылданған жүйеге байланысты 10-нан 33-ке (көбінесе 16–25) дейін типтер бар. Көпжасушалылардың төменгі сатысындағыларынан басқасы жынысты жолмен көбейеді. Губкалар, ішекқуыстылар, жалпақ және буылтық құрттар, сондай-ақ кейбір тікентерілілер жыныссыз жолмен көбейеді. Бұлар – төменгі сатылы көпжасушалы жәндіктер. Жойылған дене бөлігін қалпына келтіру – регенерация құбылысы да жыныссыз көбеюге өте ұқсас. Бұл құбылыс – жыныссыз жолмен көбейе алмайтын төменгі және жоғары сатылы жануарларға тән қасиет. Біз көпжасушалы жәндіктер дүниесі тармағын қарастырамыз.

 

Ішекқуыстылар типі. Типтің ішекқуыстылар деп аталу себебі: олар екі қабаттан тұрады; денесінде бір ғана қуыс болады. Ішек тәрізді қуысты екі қабат қаптайды. Оның сыртқысы – эктодерма, ішкісі – энтодерма. Эктодерма – жабын мен қозғалыс қызметін, ал энтодерма – асқорыту және қозғалыс қызметін атқарады. Біраз бөлігі болмаса, ішекқуыстылардың көпшілігі теңіздер мен мұхиттарда мекендейді. Жалпы саны 9 000-ға жуық түрді біріктіреді.

 

Ішекқуысты жәндіктер типі негізгі 3 класқа жіктеледі: гидратектестер (гидроидты), табақшатәрізділер (сцифоидты) және көпаяқты (полипті) маржандар.

 

Ішекқуыстылар типіне жататын жәндіктердің негізгі ерекшеліктері. Олардың сан алуандығы. Көпжасушалы жәндіктер ағзасындағы барлық жасушалардың тіршілік әрекеті бірдей. Олар бірімен-бірі тығыз байланысты болады. Атқаратын қызметі ұқсас жасушалардан онша ерекшеленбесе де ұлпа түзіледі. Көбінесе отырықшы ішекқуыстылардың денесі сәулелі симметриялы болады. Дене қуысы қапшық тәрізді тұйық болғандықтан, артқы тесігі болмайды. Қорытылмаған қорек қалдығы аузы арқылы шығарылады. Ауыздың айналасында қармалауыштар орналасады.

 

Жәндік қорегін екі тәсілмен: жасуша ішінде және жасушадан тысқары – дене қуысында қорытады. Барлық ішекқуыстылардың сыртқы қабатында – эктодерма да атпа жасушалар бар. Мұндай ерекше жасуша басқа жануарларда да болады. Атпа жасушалар қорғаныш және қорегін аулау қызметін атқарады.

 

Ішекқуыстылардың денесінде, шашыраңқы орналасса да, жүйке жүйесі бар. Жүйедегі жүйке жүйелерінен жүйке түйіндері түзіледі. Мұндай жүйені ең алғаш ішекқуыстылардан ғана кездестіреміз.

 

Актиния

Қызыл маржан

Айшықты медуза

 

 

Ішекқуыстылардың сан алуандығы

Ішекқуыстылар бір затқа бекініп немесе суда еркін жүзіп тіршілік етеді. Суда еркін жүзетін түрлерінің көру және тепе-теңдік мүшелері де болады.

 

Бір затқа бекініп, отырықшылық қалыпта тіршілік ететін ішекқуыстылар – көпаяқтылар (полиптер); ал теңіз суында жүзіп жүретін ішекқуыстылар медузалар деп аталады. Медузалардың пішіні қолшатырға немесе қоңырауға ұқсас. Ішекқуыстылар жеке де (гидра, медуза және гүлге ұқсас актиния), шоғырланып та (шоғырлы қызыл маржан) тіршілік етеді. Отырықшы ішекқуыстылар белгілі бір затқа төменгі жағымен бекінеді. Дененің ол бөлігі табан деп аталады. Қармалауыштар қоршаған аузы жоғары жағында орналасады. Медузалардың денесінде табан бөлігі жоқ. Аузы мен қармалауыштары төмен қарай бағытталады да, дененің үстіңгі жағы ашылған қолшатырға ұқсайды. Медузалар қозғалған кезде қолшатырдың жиегі жиырылады. Қуыстағы пайда болған су сығылады да, қолшатырдың дөңес жағымен медузалар алға қарай жылжиды.

 

Ішекқуыстылар жыныссыз (бүршіктену арқылы) және жынысты жолмен көбейеді. Төменгі сатылы ішекқуыстыларда жыныс өнімдері дененің сыртқы қабатында – эктодермада өтеді. (Мысалы, гидратектестерде.) Жоғары сатылы ішекқуыстыларда (табақшатәрізділер, маржан көпаяқтылары) дененің ішкі қабатында – энтодермада дамиды. Ішекқуыстылардың басым бөлігі дара жынысты. Сондай-ақ қосжынысты (гермафродит) түрлері де бар.

 

Актинияның ішекқуысында ұрықтанған жұмыртқажасушалардан ұрық дамып, жас актиниялар пайда болады. Жас актиниялар аналық даралардың аузы арқылы суға шығады. Ал құлақты медузаның ұрықтанған жұмыртқажасушасы денеден тыс дамиды.

 

Ішекқуыстылардың көпшілігінде регенерация құбылысы дамыған. Мысалы, гидра денесінің сыртқы қабатында ядросы ірі, өте ұсақ жасушалар болады. Олар аралық жасушалар деп аталады. Гидра денесі зақымданғанда аралық жасушалардың өсуі күшейе түседі. Олардан тері-бұлшықет, жүйке және басқа жасушалар түзіліп, зақымданған жері тез қалпына келеді. Жойылған немесе зақымданған мүшелер мен ұлпалардың қалпына келуі регенерация деп аталады.

 

Актиниялар ұсақ жәндіктер, балық шабақтары мен қоректенеді. Медузалар және маржан көпаяқтылары ұсақ жәндіктерді қорек етеді. Сондықтан бұлар – жыртқыш жәндіктер.

 

Маржан көпаяқтылары дүниежүзілік теңіздерде кең таралған. Олардың әктен түзілген қаңқаларынан тропиктік теңіздерде су астында үйінді пайда болады. Қаңқалар үйіндісінен жартас – риф және шеңберлі жартас – атолл түзіледі. Бұлардың үш түрі бар: тосқауыл риф, жағалық риф және шеңберлі риф немесе атолл. Рифтерде түзілген қалың әкті қаңқа кемелердің жүзуіне кедергі келтіреді. Әк алуға көбінесе рифтегі маржан көпаяқтыларының қаңқалары пайдаланылады. Маржан көпаяқтыларынан түзілген рифте мұхит мақұлықтарының сан алуан түрлері мекен етеді. Теңіздердегі терең суларда ішекқуыстылардың жарық шығаратын түрлері де тіршілік етеді. Ғалымдар медузалардың дыбыс тербелісін сезгіштігін зерттеді. Соның негізінде теңіз дауылын алдын ала болжайтын «медуза құлағы» деген аспап жасалды.



Сұрақтар
  1. Ішекқуыстылар деп аталу себебі:

  2. Ішекқуыстылардың эктодермада қабатында:

  3. Бір затқа бекініп, отырықшылық қалыпта тіршілік ететін ішекқуыстылар:
  4. Ішекқуыстылардың көпшілігінде дамыған құбылыс:
  5. Қаңқалар үйіндісінен тропиктік теңіздерде су астында түзілген жартас:
  6. Қаңқалар үйіндісінен тропиктік теңіздерде су астында түзілген шеңберлі жартас:

  7. Полиптің кірпікшелермен қапталған дернәсілі:
Қате туралы хабарландыру