Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

V тарау. Тікентерілілер типі

Конспект

Тікентерілілер – соңғы қуысты, көпжасушалы теңіз жәндіктері. Бұлар – екіжақты симметриялы жәндіктер. Ондай қасиет еркін жүзетін дернәсілдерінде сақталған. Ересек тікентерілілер сәулелі симметриялы болып келеді. Әктен түзілген ішкі үшкір ұштары денеден шығып тұратындықтан, тікентерілілер деп аталған. Мұндай өскіндер тікентерілілердің кейбір түрлерінде байқалмайды. Бұлар су түбінде тіршілік етеді. Олар баяу жылжып, қозғалады. Кейбір түрлері су түбіндегі төсеміктерге бекініп, отырықшы қалыпта тіршілік етеді. Тікентерілілердің соңғы қуысы желілілерге ұқсас пайда болады. Мезодерма лық қалталар ішектен бөлініп шығады. Соңғы ауыздың пайда болуы да желілілерге ұқсас. Даму барысында тікентерілілердің қарын тесігі бітеліп, аналь тесігіне айналады. Ал дернәсілде қайтадан ауыз пайда болады. Бұл тікентерілілер арғы тегінің төменгі сатылы желілілермен байланысты екенін болжауға негіз болып табылады.

 

Тікентерілілер типі 5 класқа жіктеледі. Олар: теңіз жұлдыздары; жыланқұйрықтар (офиуры); теңіз рухгүлдері (морские лилии); теңіз кірпілері; теңіз қияры (голотурии).

 

Тікентерілілердің құрылысы және тіршілік әрекетінің ерекшеліктері. Олардың табиғаттағы рөлі, іс жүзіндегі маңызы. Ғаламшарымызда 6 000 түрі мәлім тікентерілілердің дене пішіні әр түрлі. Теңіз жұлдыздары, жыланқұйрықтар, теңіз рухгүлдерінің денесі бес тармақты. Теңіз кірпілерінің денесі шар тәрізді болады. Ал теңіз қияры күбі пішіндес созылыңқы болып келеді.

 

Тікентерілілер – соңғы ауызды жәндіктер. Олардың аузы дененің алдыңғы жағында орналасады. Басқа да соңғы ауызды жәндіктер тәрізді ауыз эктодерманың жымырылуынан екінші рет пайда болады.

 

 

Тікентерілілердің сан алуандығы: 1 – теңіз жұлдызы; 2 – жыланқұйрық; 3 – теңіз кірпісі; 4 – теңіз рухгүлі; 5 – теңіз қияры

 

Сондықтан екінші реттілер (соңғы ауыздар) деп те аталады. Тікентерілілердің жабыны екі қабаттан түзіледі. Сыртқы қабаты эпителийден, ал ішкі қабаты талшықты дәнекер ұлпадан түзіледі. Әктенген тері қаңқасы ішкі қабатта дамиды. Кейбір тікентерілілерде (теңіз жұлдыздары) қаңқаның ұшы тікенек тәрізденіп, сыртына шығып тұрады. Теңіз кірпісінің денесін ұзын тікенектері бар әктенген сауыт қаптайды. Теңіз қияры қияр пішіндес болып келеді. Оның әктенген ұсақ, пішіндері әр түрлі денешіктері теріде шашырап жатады.

 

Терідегі қаңқаның қимылдағыштық қасиетіне және жәндіктің тіршілік сипатына байланысты бұлшықеттер әр түрлі дәрежеде дамиды. Бұлшықеттер жеке бұлшықет пен бұлшықет талшықтары нан құралады.

 

Сутүтікшелі жүйе – тек тікентерілілерге ғана тән жүйе. Ол тікентерілілердің қозғалып жүруіне, сондай-ақ тыныс алуын, қажетсіз заттарды бөліп, түйсінуін реттейді. Бұл жүйе соңғы қуыс – целомның бастамасынан дамиды. Ол ауыз маңындағы шеңберленген және сәулелі өзекшелерден құралады. Бұл – өте күрделі жүйе. Теңіз жұлдыздары мен теңіз кірпілерінде сутүтікшелі аяқтар болады. Ондай аяқтарда сорғыш табан бар. Тікентерілілер сутүтікшелі аяқтарымен баяу жылжып, теңіз түбімен жүре алады. Сабақты рухгүлдер төсемікке сабағымен жабысып, отырықшы өмір сүреді.

 

Тікентерілілердің көпшілігінде (теңіз рухгүлдері, жыланқұйрықтар) тынысалу мүшелері жоқ. Теңіз жұлдыздары мен кірпілері тері желбезектері арқылы тыныс алады. Теңіз қиярында арнаулы тынысалу мүшесі – суға толы өкпе болады. Бұл – ағаш тәрізді тармақталған қалтаға ұқсас ірі екі мүше. Олар теңіз қияры денесінің соңғы бөлігіндегі клоакаға жалғасады. Клоака жиырылған кезде бұл мүше суды белгінлі ырғақпен ішке тартып, қайта шығарады. Сөйтіп су толы өкпе зәршығару және тынысалу мүшелерінің қызметін атқарады. Тыныс алуға сутүтікшелі жүйе де қатысады. Алайда тынысалу жүйесіне қанның қатысы жоқ.

 

Тікентерілілер дара жынысты. Қосжынысты тікентерілілер де бар. Олар жыныс өнімдерін суға төгіп, суда ұрықтанады. Өте күрделі жолмен дамиды.

Теңіз жұлдызының бір тармағын кесіп алса, одан бүтін теңіз жұлдызы дами алады. Демек ол регенерациялануға өте бейім.

 

Тікентерілілер суды радиоактивті заттардан тазартуға қатысады. Олар көптеген теңіз жануарларына жем болады. Нәлім, көзауық (камбала) тәрізді ірі балықтар жыланқұйрықтар мен теңіз кірпілерін қорек етеді. Теңіз құндызының (калан) негізгі қорегі – теңіз кірпісі. Тікентерілілер жыртқыш болғандықтан, әр түрлі жануарларды аулайды. Олар балықтарды, кейбір былқылдақденелілерді аулап жейді. Кейбір тікентерілілер (теңіз жұлдызы, теңіз қияры – трепанг) тағамға пайдаланылады. Бұлардың кәсіптік маңызы зор. Қазынды тікентерілілердің де адам үшін пайдалылары бар. Олардың қалдықтары құрылыс материалдары болып табылады. Мысалы, белгиялық мәрмәр – ежелгі тікентерілілердің қалдықтар жиынтығы.



Сұрақтар
  1.  Соңғы қуысты, көпжасушалы теңіз жәндік:

  2. Соңғы ауызды жәндік:

  3. Тек тікентерілілерге ғана тән жүйе:
  4. Суды радиоактивті заттардан тазартуға қатысатын теңіз жануарлары:
Қате туралы хабарландыру