iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
V тарау. Омыртқасыз жануарларды қорғау
Қазақстандағы кейбір сирек және жойылып бара жатқан түрлер мен түр тармақтары. Желісіз (хордасыз) жәндіктерді қорғау шаралары. Қызыл кітап – өз алдына ерекше кітап. Қазақстан Республикасы Қызыл кітабында тіркелетін жануарлар 5 санатқа бөлінді.
Олар: І санат – жойылып бара жатқан түрлер мен түртармақтары; ІІ санат – саны азайып бара жатқан түрлер мен түртармақтары; ІІІ санат – сирек түрлер мен түртармақтары; ІV санат – белгісіз түрлер мен түртармақтары және V санат – қалпына келтірілген түрлер мен түртармақтары. Қазақстанда Қызыл кітап Үкімет шешімімен 1978 жылдың қаңтарында бекітілді. Омыртқалы жануарларға арналған бірінші бөлімі сол жылы жарық көрді. 1991 жылғы екінші басылымда омыртқалы жануарлардың 129 түрі мен түртармақтары енгізілді. Тұңғыш рет омыртқасыз жануарлардың 105 түрі қамтылды. Сөйтіп құрттар – 2, бунақденелілер – 6, шаянтектестер – 1 және былқылдақденелілердің – 96 түрі Қызыл кітаптан орын алды. Қазақстан Республикасының 1996 жылы жарық көрген үшінші кітабына 125 түр және түртармақтары тіркелген. Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі жұмыс Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жүргізіліп келеді. Бұл – мемлекеттік маңызды іс. Қазіргі негізгі міндет – Қызыл кітапқа тіркелген түрлер мен түршелерді (түртармақтар) ғана қорғау емес. Сонымен бірге олардың ғылымға белгісіз түрлерін жергілікті жерлерде зерттеу. Олардың ғаламшардан мүлде жойылып кетпеуіне үлес қосу. Бұл мәселені жүзеге асыруға мектеп оқушылары да жәрдем көрсете алады. Өйткені олардың өздері тұрған мекеннің түкпір-түкпірін барлауға мүмкіндіктері бар.
Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелген бунақденелілер. Республикамыздың Қызыл кітабына тіркелген омыртқасыз жануарлар (жәндіктер) туралы дерек жоқтың қасы. Табиғаттағы тіршілік иелерінің үлкен-кішісі болуға тиісті емес. Сондай-ақ омыртқасыз жануарлар мен омыртқалы жануарлардың бірінсіз бірінің күні жоқ. Осы жайтты ескеріп, Қазақстан Қызыл кітабына тіркелген бунақденелілердің кейбір өкілдеріне тоқталуды жөн көрдік.
Нәзікқұйрық инелік (Аральский тонкохвост). Республикамызда Сырдария өзенінің Арал теңізіне таяу су алабында ғана тіршілік етеді. Бұл – ерекше қорғауды қажет ететін жыртқыш жәндік. Өйткені ол басқа бунақденелілер мен масаны қорек етеді. Нәзікқұйрық инелік ғылымға тек 1979 жылы ғана белгілі болды. Толық зерттелген жоқ. Сондықтан нәзікқұйрық инеліктің тіршілігі туралы нақтылы дерек жоқ.
Көркемше-бикеш (Красотка-девушка). Бұл өзге инеліктерден қанатында ерекше белгінің (птеростигма – грекше: «птерон – қанат + стигма – таңба») болмауымен ерекшеленеді. Тағы бір ерекшелігі – өзге инеліктер тәрізді қанатын жайған қалпында қонбайды. Көбелектерше қанатын құрсағынан жоғары жинастырып қонады.
Нәзікқұйрық инелік
Көркемше-бикеш
Далалық кергі
Қорғаудағы бунақденелілер
Шолғыншы сылқым (Дозорщик-император). Бұл – күйенті тұқымдас инеліктердің бір түрі. Шолғыншы сылқымның қанаттары біркелкі қалыпта болмайды, бірі ұзын, бірі қысқа болып келеді. Ол едәуір ірі инелік: құрсағының ұзындығы 49–61 миллиметрге дейін жетеді.
Ақтеңбіл дәуіт (Богомол древесный). Бұл – Қазақстан Қызыл кітабына тіркелген ең жалмауыз дәуіт. Оның дернәсілі 85 күнде 147 жоңышқа бітесін, 41 жеміс шыбынын және 266 бөлме шыбынын қорек еткен. Жұмыртқадан жаңа ғана шыққан дернәсіл ересек күйге жеткенше 1 кило 300 грамға жуық бунақденелілерді жойған. Ал аналық дәуіттің қомағайлығы ерекше. Жыныстық жағынан жақындасқан аталығын әрекет үстінде де жеп қояды. Кейде аналығы жеп үлгірмеген аталығы жыныстық әрекетін жалғастыра беретіні де анықталды. Аналық дәуіт жұмыртқаларының дамуына қажетті нәруызды осылай толықтыра тын болып шықты.
Далалық кергі (Степная дыбка). Ол – өте сирек кездесетін, Қазақстанда мекендейтін ең ірі денелі шекшек. Мұның қанаты жоқ (немесе жетілмеген). Далалық кергі шырылдамайды және жыртқыш. Оны Солтүстік Қазақстаннан, соған жақын аумақтардан кездестіруге болады. Аналығының тұрқы – 53–75 мм. Далалық кергі – дала табиғатына нағыз бейімделген жәндік. Дене бітімі, қорегін аулау тәсілі шекшектен гөрі дәуітке көбірек ұқсас. Жыртқыш болғандықтан, негізгі қорегі – шегірткелер, шекшектер, шілделіктер, қоңыздар және дала қандалалары. Тіпті кейде дәуітті де жеп қояды. Ол дәуіт тәрізді аяқтарын жазып жіберіп, қорегін аңдып, қозғалмай ұзақ отырады.
Ақтеңбіл дәуіт
Ауыл шаруашылығы жануарларына бөгелек және сона паразиттік әрекет етіп, зиян келтіреді. Дернәсілдерінің даму ерекшеліктеріне қарай, бөгелектердің әр түрлі аталатынын білуге тиістіміз. Егер дернәсіл сиырдың терісінде дамитын болса, ол оқыра болып саналады. Оқыраның ересек күйінде аузы жетілмегендіктен, қоректену мүмкіндігі болмайды.
Егер дернәсіл жылқының және есектің қарнында дамыса, бұл бөгелек деп аталады. Ал қойдың кеңсірігінде дамыса – осқырма деген атауға ие болады. Оқыраның дернәсілі сиыр жүніндегі жұмыртқадан дамып, теріге енеді. Одан әрі сонда паразиттік жолмен тіршілігін жалғастырады. Осқырманың дернәсілі қойдың кеңсірігінде дамиды. Дернәсілдің мазалауынан қой оттыға алмай, ауруға ұшырайды. Жылқы және есек тістелеп, қасынған кезде жүніндегі бөгелектің жұмыртқасын жұтады.
Сона – қан сорғыш жәндік. Ол жануарларды шағып, тынышсыздандырумен бірге ірі малда қарасан ауруын таратады.
- Қазақстанда омыртқалы жануарларға арналған Қызыл кітаптың бірінші бөлімі жарыққа шыққан жыл:
-
Қазақстанда Қызыл кітаптың үшінші басылымы жарыққа шыққан жыл:
- Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелген инелік:
- Қазақстан Қызыл кітабына тіркелген ең жалмауыз дәуіт:
- Қазақстанда мекендейтін ең ірі денелі (шекшек) дәуіт:
- Малда қарасан ауруын тарататын қан сорғыш жәндік:
-
Зиянды бунақденеліледі жоюға арналған химиялық улы зат:
-
Бөртпе сүзекті адамға таратушы?
-
Зиянкестерге қарсы олардың табиғи жау түрлерін қолдану қалай аталады?
-
ҚР жойылып бара жатқан түрлер тіркелетін кітабы және ондағы санаттар саны: