iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
V тарау. Бунақденелілер
Бунақденелілер – буынаяқтылар типіне жататын көпжасушалы, омыртқасыз жәндіктер класы. Бұлар – ғаламшардың кез келген түкпірінде таралған жануарлардың ең үлкен тобы. Олардың 700 000 (миллионға жуық) түрлері бар деп есептеледі. Бунақденелілер класы негізгі екі класс тармағына жіктеледі. Олар туақанатсыздар және қанаттылар класс тармағы деп аталады. Бунақденелілер класында 35 отряд бар. Бұлардың басқа буынаяқтылардан негізгі ерекшелігі – денесі айқын үш бөліктен құралады. Олар: бас, көкірек және құрсақ бөлімдері деп аталады.
Бунақденелілердің барлығы 6 аяқты. Басым бөлігінде қанаттары болады. Дене бөлімдері – алуан түрлі қызмет атқарады. Екі мұртша, күрделі және жай құрылысты көздер мен көзшелер баста орналасады. Көкірек бөлігіне қимыл-қозғалыс қызметін атқаратын аяқтар мен қанаттар орнығады. Көбею мүшелері құрсағында болады. Бунақденелілер демтүтік (трахея) арқылы тыныс алады.
Бунақденелілерге қоңыздар, шыбындар, масалар, көбелектер, баларалар, құмырсқалар, инеліктер жатады. Бұлар жер бетінде жорғалап, ауада ұшып жүріп тіршілік етеді. Кейбіреулері – суаршын, суқандала, сушалқақ, зұламат суда өмір сүреді. Адам мен жануарларда паразиттік жолмен тіршілік ететін бүрге, бит, қандала және топырақ астында тіршілік ететін бұзаубас түрлері бар.
Бунақденелілердің ауыз мүшелерінің құрылысы да сан түрлі. Мысалы: сүзіп жалаушы (шыбын); шаншып-сорушы (маса, орман қандаласы); кеміруші (тарақан, қоңыздар); кеміріп-жалаушы (балара); түтік тәрізді ауызбен сорушы (көбелек).
Өрмекшітектестер мен бунақденелілер дене құрылысының сызбанұсқасы: 1 – денесі екі бөлікті (баскөкірек және құрсақ); 2 – денесі үш бөлікті (бас, көкірек, құрсақ)
Бунақденелілердің дамуы үш түрлі жолмен өтеді. Олар: тура даму (қанатсыз бунақденелілер; шала түрленіп даму (ақпа, инелік, дәуіт, шегіртке, бұзаубас, бит, қандала, т.б.) және толық түрленіп даму (қоңыздар, көбелектер, бүргелер, шыбындар, масалар, шаншарлар, құмырсқалар, баларалар, т.б.). Тура даму дегеніміз – ұрықтанған жұмыртқадан ересек бунақденеге ұқсас жас жәндіктердің шығуы. Олардың тек денесі өсіп және жыныстық жағынан ғана толысып дамиды.
Инеліктің шала түрленіп дамуы
Дамудың сызбанұсқасын былай кескіндей аламыз: тура даму: жұмыртқа → имаго; шала түрленіп даму: жұмыртқа → дернәсіл → имаго; толық түрленіп даму: жұмыртқа → дернәсіл → Ц қуыршақ → имаго. Бунақденелілердің ересек күйге ауысу сатысы имаго деп аталады. Имаго (латынша имаго – ересек құрт).
Бунақденелілерді зерттейтін ғылым – энтомология (гректің «ентома – бунақдене + логос – ғылым»). Ол – зоология ғылымының бір саласы.
Топырақтан ін қазып (көңқоңыз), оны қопсыту арқылы топырақ түзуге қатысатын бунақденелілердің пайдасы өте зор. Көптеген бунақденелілер (қанқыз, құмырсқа, шаншар, т.б.) ауыл шаруашылығына зиян келтіретін сан алуан зиянкестерді жояды. Баларалар адамға бал және балауыз береді, өсімдіктерді тозаңдандырады. Жібек көбелектері жібек алу үшін өсіріледі. Бунақденелілер далада және орманда қалған жануарлардың өлексесі мен өсімдіктің шірінділерімен қоректенеді. Кейбір елдерде бунақденелілерді (шегірткені) тағам ретінде пайдаланады. Табиғатта тіршілік ететін зиянды бунақденелілер де баршылық. Көптеген бунақденелілер (бүйі, қарақұрт, қыршаян, кене, т.б.) улылығымен, паразиттік тіршілігімен, ауру таратқыштығымен, омыртқалы жануарға және адамға зиянды.
Паразит бунақденелілер (маса, қандала, бүрге, бит, тарақан, т.б.) көптеген қауіпті ауруларды таратып, адамдарға зиянын тигізеді. Ауыл шаруашылығына өте қауіпті бунақденелілердің бірегейі – азиялық шегіртке. Жәндіктердің санына және шоғырлануына байланысты шегірткелердің үйірлі және саяқ түрлері болады. Үйірлі шегірткелер дернәсілдердің тығыз топтасуынан – жаушоғыл (кулига), ересектерінің жинақталуынан үйір түзеді.
Сөйтіп бұлар бір жерден екінші жерге топтасып көшеді. Саяқ шегірткелер мекенінен ұзақ ұшпайды – көшпенді емес.
Жаушоғыл түзетін қанатсыз дернәсілдер жаяушегіртке деп аталады. Жаяушегірткелерден құралған жаушоғыл жолында кездескен өсімдік атаулыны жайпайды. Сөйтіп бір жерден екінші жерге көшеді.
- Буынаяқтылар типіне жататын көпжасушалы, омыртқасыз жәндіктер класы:
-
Бунақденелілердің тыныс алу мүшесі:
- Бунақденелілерді зерттейтін ғылым:
-
Толық түрленіп даму сызбанұсқасы:
- Топырақтан ін қазып, оны қопсыту арқылы топырақ түзуге қатысатын бунақденелі:
- Өте қауіпті, зиянкес жәндік:
-
Бунақденелілерді зерттейтін ғылым?
-
Бунақденелілердің шала түрленіп дамуы сызбасы?
-
Бунақденелілердің буынаяқтылардан айырмашыдығы?
-
Бунақденелілердің суда өмір сүретін өкілі?
-
Жарғаққанаттылар отрядына жататын
-
Қоғамдық жануар
-
Далалық кергі
-
Бұғықоңыз