iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
V тарау. Кенелер. Ауыл шаруашылығының зиянкестері
Кенелер – өрмекшітектестерге жататын ұсақ жәндіктер. Олар топырақта, орман төсемінде, әр түрлі ұяларда, індерде, өсімдіктерде, тұщы суларда, теңіздерде тіршілік етеді. Сондай-ақ паразиттік жолмен тіршілік ететін кенелердің 20 мыңнан астам түрі бар деп есептеледі. Бұлардың тұрқы 0,05–13 мм шамасынан аспайды. Тек қанға тойған кене мөлшерінің 30 миллиметрге дейін жетуі мүмкін. Көпшілік кенелердің медициналық және малдәрігерлік салада мәні бар. Олар бірқатар қауіпті ауруларды жануарлардан адамға тасымалдауға бейімделген. Сондықтан адам мен үй хайуанаттарын ауруға шалдықтырады.
Астық және ұн қорын ысырап етіп, бүлдіретін де кенелер тобы бар. Кейбір кенелердің паразиттік тіршілік ету әсерінен мәдени өсімдіктердің түсімі кемиді. Тіпті өсе алмай қалады. Дегенмен қураған өсімдік қалдықтарын шіріту арқылы топырақ құнарлылығын арттыратын да кенелер болады. Кенелердің сан алуан топтары бар: жайылым кенесі, су кенесі, астық кенесі, қамба кенесі, өрмеккене, берішкене, мамықкене, шашкене.
Кенелер – дара жынысты жәндіктер, жұмыртқа арқылы, кейбіреуі тірілей туып көбейеді. Кененің дамуы басқа өрмекшітектестерден ерекше. Жұмыртқадан үш жұп аяғы бар дернәсіл пайда болады. Ол жыныс жүйесі жоқ, сегіз аяқты нимфаға айналады. Нимфадан ересек кене шала түрленіп дамиды.
Нимфа гректің «нимфе» деген сөзіне негізделеді. Қуыршақ сатысынан өтпей, шала түрленіп дамитын буынаяқтылардың дернәсілі. Мысалы, кенелердің дернәсілі қуыршақсыз түрленіп, ересек кенеге біртіндеп ауысады.
Жайылым кенелері адам терісінде, жабайы жануарлар мен ауыл шаруашылық малдарында паразиттік тіршілік етеді. Кене және оның дернәсілі даму барысында әр түрлі жануарларды иеленеді. Соған байланысты бір иелі, екі иелі және үш иелі кенелер болады. Дернәсіл ересек кене болғанға дейін бір жануарды иемденсе – бір иелі; ал дернәсіл мен нимфа бір жануарда, ересек кене басқа жануарда паразиттік етсе – екі иелі; дернәсіл кезінде бір жануарда, нимфаға айналған соң екінші жануарда және ересек кенеге айналған соң үшінші жануарда паразиттік етсе – үш иелі кенелер тобына жатады. Мысалы, ит кенесі – үш иелі жәндік. Оның дернәсілі қанға тойып алып, жерге түседі, түлейді де нимфаға айналады. Нимфа қорегін басқа жануардан табады. Бұдан соң нимфа ол иесінде тіршілігін тоқтатып, жерге түседі. Жыныстық жүйесі жетіліп, ересек кенеге айналады. Ересек кене тағы бір жануарға жабысады. Сөйтіп кене даму барысында үш жануарды иемденеді.
Тайга кенесі адамға ең қауіпті ауру – энцефалитті (ми ауруы) жұқтырады. Табиғатта тайга кенесі әр түрлі жануарлардың денесінде орнығады. Сорған қаны арқылы бір жануардан екінші жануарға энцефалит қоздырғышын таратады. Бірақ бұдан жануар ауырмайды. Осылай табиғатта ауру қордасы пайда болады. Кене энцефалитінің вирусы – тасымалдаушы жәндік арқылы таралатын қоздырғыш. Кене дернәсілі, нимфасы және ересек түрі белгілі бір аумақта бір жануарлардан екінші жануарларға ұзақ уақыт айналымда болады. Жұқпа қоздырғышы сақталатын осындай аумақ қандай болса да, бір аурудың табиғи қордасы деп аталады.
Тасымалданатын аурулардың табиғи қордасы туралы теорияны академик Евгений Никанорович Павловский және оның шәкірттері жасады. Қазақстанда бұл салада академик Илларион Григорьевич Галузо (және профессор М. М. Ременцова) көп үлес қосты.Адам үшін қышыма кене – өте қауіпті жәндік. Оның мөлшері 0,2–0,5 миллиметрден аспайды. Сондықтан ұлғайтқыш әйнек арқылы ғана толық көруге болады. Қышыма кене адамның терісіне еніп, денені қышытады. Бұл құбылыс оның түлеген кездегі қабыршақтары мен бөлінді заттарының денеге сіңуінен болады. Қышыма кене мал денесін де жайлап, адамға көбінесе жылқыдан жұғады. Қышыма кененің әрекетінен денеде қотыр пайда болады.
Ауыл шаруашылық жануарлар мен өсімдіктердің зиянкестері. Кенелер азық-түлік қорын бүлдіріп, ауыл шаруашылығына үлкен зиян келтіреді. Микроскоппен ғана көруге болатын өте ұсақ кенелер (қамба, сүтсірне кенесі) азық-түлікті орынсыз ысырапқа ұшыратады. Әсіресе қамба кенесінің зияны қисапсыз. Ол қамба ылғалданған да өте тез көбейеді. Сөйтіп астық пен ұнды жеп, оны шірік иісті сұр затқа айналдырады.
-
Өрмекшітектестерге жататын ұсақ жәндік:
- Адам терісінде, жабайы жануарлар мен ауыл шаруашылық малдарында паразиттік тіршілік ететін кене:
- Адамға ең қауіпті ауру – энцефалитті (ми ауруы) жұқтыратын кене:
-
Адам үшін өте қауіпті кене:
-
Ауыл шаруашылық жануарлар мен өсімдіктердің зиянкестері:
-
Ауыл шаруашылық жануарлар мен өсімдіктердің зиянкестері:
- Үй хайуанаттарының зиянкестері:
-
Мәдени өсімдіктер зиянкестері:
-
Қансигек ауруының ғылыми атауы?
-
Энцефалитті жұқтыратын кене: