Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

IV тарау. Гүлді өсімдіктердің топтарға бөлінуі

Конспект

Гүлді өсімдіктердің алуан түрлілігі таң қаларлықтай. Осы көп түрлілікті бір жүйеге келтіру мақсатында ботаниктер өсімдіктердің барлық түрлерін топтарға біріктірді.

 

Өсімдіктерді топтарға біріктіргенде олардың бір-біріне ұқсастықтарын немесе айырмашылықтарын көрсететін белгілер пайдаланылады. Солар арқылы өсімдіктердің бір-біріне туыстық жақындықтарының деңгейі анықталады.

 

Құрылысы, тіршілік етуі жағынан бірдей және өздерінің ата-енелеріне ұқсас, жеміс беретін ұрпақ түзуге қабілетті даралар бір түрге жатқызылады. Мысалы, қара сексеуілдің тұқымдарынан дәл сондай қара сексеуіл өсімдіктері өсіп шығады.

 

Дүние жүзі ботаниктерінің жүргізген зерттеулері нәтижесінде, гүлді өсімдіктердің шамамен 250 мыңдай сан алуан түрі белгілі. Сонымен бірге ботаник-ғалымдар ғылымға бұрын белгісіз болып келген өсімдіктердің жаңа түрлерін тауып, оларды сипаттап жазуда.

 

Құрылысы жағынан ұқсас түрлер туысқа біріктіріледі. Мысалы, ермен жусан мен дәрмене жусан бір туыстың – жусанның түрлері. Бұл туысқа тағы да көптеген басқа түрлер жатады. Әр тілде бір өсімдіктің өзін әр түрлі атайды. Соған байланысты ғалымдар өсімдіктердің латын тіліндегі ғылыми аттарын енгізді. Өсімдіктердің латын тіліндегі аттары дүние жүзі ботаниктерінің барлығына түсінікті.

 

Жақын туыстар бір тұқымдасқа жатқызылады. Мысалы, бидай туысы, қарабидай туысы, арпа туысы және оларға жақын көптеген туыстар бір үлкен астық тұқымдасына біріктіріледі.

 

Тұқымдастардың әрқайсысын қандай да бір класқа жатқызады. Гүлді өсімдіктерді даражарнақтылар класы және қосжарнақтылар класы деп екіге бөледі.

 

Өсімдіктің қай класқа жататынын оның ұрығының, тұқым жарнағының санына қарай анықтайды. Бірқатар өсімдіктердің жапырақтарының жүйкеленуі мен пішіні тамыр жүйесінің типтері де негізгі белгілерге жатады.

 

Егер өсімдіктің ұрығында екі тұқым жарнағы болса, онда оны қосжарнақтылар класына жатқызады. Мысалы, үрмебұршақтың ұрығының екі тұқым жарнағы болады; жапырағы торлы жүйкеленеді, тамыр жүйесі – кіндік тамырлы. Қосжарнақтылар класына жалпақ жапырақты ағаштар мен бұталардың, көкөністік дақылдардың бәрі жатады. Сонымен бірге бұл класқа көптеген шөптекті өсімдіктер де жатады.

 

Егер өсімдіктің ұрығының тұқым жарнағы біреу болса, жапырағы параллель немесе доға тәрізді жүйкеленсе, шашақ тамырлы болса, онда ол даражарнақтылар класына жатады. Даражарнақтылар класына астық тұқымдасының, қияқөлеңдердің, лалагүлділердің, т.б. тұқымдастардың өкілдері жатады.

 

Бірақ өсімдіктерді олардың тек бір ғана белгісіне қарап, қай класқа жататынын анықтау, көп ретте мүмкін бола бермейді.

 

Қарғакөз және жолжелкен

 

Орманда өсетін шөптекті өсімдік қарғакөздің жапырағы торлы жүйкеленеді, бірақ ұрығының тұқым жарнағы жалғыз болады. Қарғакөз – дара жарнақты өсімдік. Жолжелкеннің жапырағы доға тәрізді жүйкеленеді, шашақ тамырлы, бірақ оны қосжарнақтылар класына жатқызады. Себебі ұрығының екі тұқым жарнағы болады.

 

Бұдан әрі біз қосжарнақтылар мен даражарнақтылар кластарына жататын бірнеше тұқымдастардың өкілдерімен танысамыз. Қосжарнақтылар класынан көкнәр, алабота, асқабақ, орамжапырақ (шаршы) гүлділер, құлқайырлар, раушангүлділер, бұршақ, алқалар және күрделігүлділер тұқымдастарына, ал даражарнақтылар класынан лалагүлділер, жуалар, інжугүлділер және астық тұқымдастарына тоқталамыз.



Сұрақтар
  1. Шашақ тамырлы, жапырақтары қатар (параллель) және доғалы жүйкелі өсімдік:

  2. Тұқымы жемістің ішінде жетілетін өсімдік:

  3. Гүлді өсімдіктердің маңызды ерекшелігі:
  4. Көбею мүшесі:

  5. Діңінің жуандығы 10 метр шамасындағы өсімдік:
  6. Тұқымында екі тұқым жарнағы болатын гүлді өсімдік:

  7. Бұта немесе кішкене ағаш түріндегі алабота тұқымдас өсімдік туысы:

  8. Жапырағы торлы жүйкелі, дара жарнақты өсімдік:

  9. Қазіргі кезге дейін анықталған гүлді өсімдіктердің саны қанша?

Қате туралы хабарландыру