Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

IV тарау. Жабық тұқымды өсімдіктер

Конспект

Жабық тұқымдылар бөлімі (покрытосеменные) – осы кездегі өсімдіктер дүниесінің ішіндегі ең кең таралғандарының бірі. Жабық тұқымды өсімдіктер өміршең келеді. Бұл қасиет олардың өзгергіштігі мен бейімделушілігінің нәтижесінде қалыптасқан. Соған байланысты жабық тұқымдылар әлемнің барлық құрлықтарында кеңінен таралған. Олардың 250 000-дай түр бар.

Гүлді өсімдіктердің тұқымы жемістің ішінде жетіледі. Сондықтан бұл өсімдіктерді жабық тұқымдылар деп атайды.

 

Жабық тұқымды өсімдіктерде гүл көбею мүшесі болып табылады. Тек жабық тұқымды өсімдіктерде ғана гүлдер түзілген. Осы гүлдерде аталықтар мен аналықтар жетіледі. Аналықтың жатынында (гүл түйіндерінде) тұқым бүршіктері орналасады.

 

Гүлді өсімдіктердің сан алуандығы

 

Жабық тұқымдылардың гүлдерінің бір-бірінен мөлшері, пішіні, түсі және құрылысы жағынан айырмасы болады. Бір жабық тұқымдылардың гүлдері желмен тозаңдануға, ал екіншілері бунақденелілермен тозаңдануға бейімделген. Қандай жолмен тозаңданғанына қарамастан, тозаң түйірлері аналықтың аузына келіп түседі. Осы жерде олар өніп, тозаң түтіктерін түзеді. Тозаң түтіктері арқылы аталық жыныс жасушалар тұқым бүршігіне өтеді. Осы жерде тозаң түтігіндегі екі аталық жыныс жасушасының бірі жұмыртқажасушасын ұрықтандырады. Ал екінші аталық жыныс жасушасы тұқым бүршігінің ең үлкен орталық жасушасымен қосылады. Ұрықтанудың тек гүлді өсімдік-терге тән мұндай түрін қосарланып ұрықтану деп атайды.

 

Сонымен, ұрықтанған жұмыртқажасушадан ұрық пайда болады. Орталық жасуша екінші аталық жынысжасушасымен қосылып, ұлғайып – эндосперм түзеді. Онда ұрыққа қажетті қор заттары жиналады. Тұқым бүршігінен – тұқым, ал жатынның қабырғаларынан жемісқап түзіледі.

 

Қазіргі кездегі жабық тұқымдыларға ағаштар, бұталар, шөптекті өсімдіктер жатады. Олар жер бетіндегі құрлықтардың барлығында кеңінен таралған.

 

 

Жабық тұқымдылардың кейбіреулерінің өсімді кезеңі өте қысқа – бірнеше айға ғана созылады. Оған көкнәр тұқымдасының кейбір өкілдері мысал бола алады (сеппе көкнәр, т.б.). Екінші бір түрлері мысалы, емен ағашы жүз жылға дейін өмір сүреді.

 

Кейбір жабық тұқымдылар – өте биік өседі. Сондай-ақ өте ұсақ түрлері де кездеседі. Көптеген жабық тұқымдылардың сабақтары тік өседі. Бірақ олардың ішінде шырмалып, өрмелеп, төселіп өсетін және жатаған сабақтылары да болады. Кейбір жабық тұқымды өсімдіктердің жерасты өркендері әр түрлі өзгерістерге ұшыраған. Жабық тұқымдылардың жапырақтарының пішіні мен мөлшері, тамыр жүйесі әрқилы болады. Миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан әр түрлі тұқымдас өкілдерінің де бірінен-бірінің елеулі өзгешеліктері бар. Жөке ағашынан тұратын көлеңкелі орман мен қайың ағашынан тұратын шағын тоғайдың айқын айырмашылығы байқалады. Шалғынды жерде өсетін өсімдіктер құмды шөлдің, батпақты тундраның өсімдіктерінен өзгеше. Гүлді өсімдіктердің табиғаттағы және адам өміріндегі маңызы орасан зор. Өсімдіктер – адамға тамақ өнімдерін береді және ауыл шаруашылық жануарларына қажетті жемшөп қоры. Олар шикізат ретінде өндірістің әр түрлі салаларында қолданылады.

 

Гүлді өсімдіктердің халық шаруашылығында және ғылыми медицинада кеңінен қолданылатын түрлері көптеп кездеседі. Олардың ішінде көкөністік, жеміс-жидектік, балды, майлы және техникалық түрлер де бар. Ағаш тәрізді формалары құрылыс материалдары ретінде аса құнды. Әр түрлі үй жиһаздарын жасайды. Бұлардың бірқатары сәнді өсімдіктер. Тынымбақтарды, саябақтарды, көшелерді, тіптен жұмыс орындарын көгалдандыруға пайдаланады.

 

Ауыл және халық шаруашылығының әр түрлі салаларының дамуына байланысты, өсімдік өнімдеріне сұраныс артып келеді. Мұның өзі адамның табиғат байлығын зерттеуге белсенді түрде кірісуіне жол ашады. Мәдени өсімдіктердің қазіргі кездегі түрлерінен де түсімділігі жоғары жаңа іріктемелер шығарылуы қажет.

 

Өсімдіктерді табиғи жағдайда зерттеу әр түрлі экспедициялар ұйымдастырумен тікелей байланысты. Кезінде Мәскеу өсімдік шаруашылығы институты ұйымдастырған экспедициялар жабайы өсімдіктердің көптеген пайдалы түрлерін ашуға мүмкіндік берді. Осындай экспедициялардың арқасында ауыл шаруашылық өсімдіктер іріктемелерінің аса бай үлгілері жинақталды. Оны жинақтауда академик Н. И. Вавиловтың еңбегі ерекше еді. Н. И. Вавиловтың тікелей басшылығымен дүние жүзінің көптеген аймақтарында экспедициялар ұйымдастырылды. Бұл экспедицияға қатысқан ғалымдар әлемнің әр түрлі елдерінің жабайы өсімдіктерін зерттеді. Соңғы 15–20 жылдың ішінде осындай экспедициялардың құрамына Қазақстан ғалымдары да енді.



Сұрақтар
  1. Гүлді өсімдіктердің тұқымы жемістің ішінде жетілетін өсімдік: 

  2. Ұрықтанудың тек гүлді өсімдіктерге тән түрі:

  3. Орталық жасуша екінші аталық жынысжасушасымен қосылып, ұлғайып... түзеді:

  4. Ауыл шаруашылық өсімдіктер іріктемелерінің аса бай үлгілерін жинақтаған:
  5. Жатынның қабырғаларынан не түзіледі?

  6. Ұрыққа қажетті қор заттары жинақталады?

  7. Өзгергіштігі мен бейімделушілігінің нәтижесінде қалыптасқан өміршеңдік қасиеті бар өсімдік?

  8. Жабық тұқымды өсімдіктердің көбею мүшесі?

  9. Тұқым бүршігінен не түзіледі?

  10. Жабайы өсімдіктердің көптеген пайдалы түрлерін ашып, өсімдіктер іріктемелерінің бай үлгілерін жинақтаған академик?

  11. Жоғары сатыдағы гүлді өсімдіктерге жататын

Қате туралы хабарландыру