iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
IV тарау. Астық тұқымдастар – бағалы азықтық өсімдіктер
Жалпы сипаттамасы, құрылыс ерекшеліктері. Тіршілік жағдайы, көбеюі және сан алуандығы. Бүкіл ғаламшарға таралған маңызды дақылдар – даражарнақтылар класына жататын астық тұқымдас өсім-діктер. Олардың 10 000-ға жуық түрі бар. Қазақстанда астық тұқымдастардың 418 түрі өседі. Астық тұқымдастардың басым бөлігі шөптекті өсімдіктер. Сүректі бамбуктар да астық тұқымдастар тобына жатады. Астық тұқымдастардың сабағы бунақталған цилиндр тәрізді. Бунақтар аралығы қуыс (кейбіреуінде қуыс іші өзекке толады). Астық тұқымдас өсімдіктердің сабағын сабансабақ дейді. Жапырақтары қатар жүйкелі, сабаққа кезектесіп орналасады. Жапырақ негізі өсімдік сабағын қармап, қынап түзеді. Жапырақ алақаны мен қынап аралығында тілше пайда болады. Астық тұқымдастардың гүлдері ұсақ. Олар жинақталып, күрделі гүлшоғыр түзеді. Гүлшоғыры – сыпыртқыгүл, күрделі масақ, собық, шашақ, және т.б. Гүлдері көбінесе қосжынысты. Даражынысты гүлдер тек жүгеріде болады. Гүл негізінде 2 (кейде 3) түссіз жұқа қабыршақ және 2 гүл үлпегі орналасады. Оны гүлсерік нышаны десе де болады. Аталығы – 3. Аналығы – 1. 3 жемісжапырақшасынан тұрады. Аналық аузы қауырсын тәрізді екі телімді болып келеді. Жатыны жоғары орналасады. Жемісі – дәнек.
Тамыр жүйесі – шашақ тамырлы. Гж2А3Ж (3) (Гж – гүлжарғақ). Гүлжарғақ гүл құрылысына жатпайды, ол түрі өзгерген жапырақ.
Астық тұқымдастардың көпшілігі азықтық өсімдіктер. Бидай, күріш, жүгері, қант қамысы, өзге де өздеріңе таныс өсімдіктерді адам тағамға пайдаланады. Қарабас, бидайық, атқонақ, бетеге, тарғақ, арпабастардың малазықтық өсімдіктер екені мәлім. Бамбук, қамыстан қағаз өндіруге шикізат ретінде пайдаланылады. Сүректі астық тұқымдастар (бамбук, алып сүрекқамыс) құрылыс материалы ретінде жұмсалады. Қара сұлы, жатаған бидайық, арпабас, қонақ, итқонақтың кейбір түрлері – шектен шыққан арамшөптер.
Сабансабағы сүректеніп кеткен астық тұқымдастар бар. Оңтүстік Америкада өсетін бамбуктың биіктігі 30 м, сабағының жуандығы 20 см болады. Оңтүстік Азияда өсетін алып сүрекқамыс 40 метрге дейінгі биіктікте өсе алады. Бұлардың сапасы ағаштан кем түспейді.
Астық тұқымдас өсімдіктер: 1 – қатты бидай; 2 – қылтанақсыз жұмсақ бидай; 3 – қылтанақты жұмсақ бидай; 4 – егістік қарабидай; 5 – егістік сұлы; 6 – көпқатарлы арпа; 7 – екі қатарлы арпа
Екпе күріш – биіктігі 50–150 сантиметрге дейін жететін біржылдық даражарнақты өсімдік. Сабағы түптеніп өседі. Жасыл, күлгін немесе қызғылтым жапырағының ұзындығы 50 см, ені 1 см болады. Гүлшоғыры – ұзындығы 10–40 см көп масақты сыпыртқыгүл. Масақшалары тік өседі, қысқа гүлсағақта бір ғана гүл болады. Гүл қабыршағы қатқыл қабықшалы, ұзын қырлы болып келеді. Оның төменгі бөлігінде көбінесе қылтанақ байқалады. Күріштің аталығы 6-ау. Дәнегі – жұқа қабықшалы. Гүл формуласы: Гс2А3+3Ж (3).
Екпе күріш – азықтық дақыл. Дәнегінде 9–12% нәруыз, 65–70% көмірсу және 4–6% май болады. Күріш дәні ботқа, палау жасауға пайдаланылады. Күріш нәруызы ағзаға өте сіңімді. Күріш қайнатпасы – асқазан ауруына қолданылатын тамаша дәрі. Күріштен алынатын өнімдер де (ұн, крахмал) мол. Сабын мен шырақ дайындауға күріштің ұрықтық дәнегінен май алынады. Күріштің сабансабағы жоғары іріктемелі қағаз жасауға жұмсалады. Сабаны, дән жармасы, кебегі – малға азық.
Күріш – жылуды, ылғалды, жарықты және құнарлы топырақты сүйетін дақыл. Өсімді мерзімі 90–165 күнге созылады. Тұқымы +10–12°С-де өне бастайды. Сәл суық түссе, өркендері тіршілігін тоқтатады. Күріш суда өседі. Тұқымы себіле салысымен күріш егістігіне су жіберіп, топырақты суға қандырады. Өркендер көктеп шыққаннан кейін су деңгейі күріш сабағының төрттен үш биіктігіне дейін жеткізіледі. Суды дәнегі қамырланған кезде ғана ағызып жібереді. Сөйтіп егістік құрғатылады. Күріш топырағы тыңайтылған ауыспалы егістікте өсіріледі. Оның тамыр жүйесі нашар дамыған, кенеулі заттар болмаса, жеткілікті қоректене алмайды.
Бидай, тары, сұлы, арпа – біржылдық даражарнақты азықтық өсімдіктер. Сұлы негізінен малазықтық өсімдік ретінде пайдаланылады. Бидайдың тамыр жүйесі – шашақ тамырлы. Сабансабақтардан бидай түптенеді. Мұның шаруашылық үшін маңызы зор. Масақшалардан күрделі масақ түзіледі. Бидайдың гүлшоғыры – күрделі масақ. Бидай өзін-өзі тозаңдандырады. Жемісі – дәнек.
Тарының гүл шоғыры – масақ тәрізді сыпыртқыгүл, ал сұлының гүлшоғыры – сыпыртқыгүл.
Құмай – астық тұқымдас біржылдық даражарнақты өсімдік. Сабағының биіктігі – 100–300 см. Сабағы өзегі толық, мықты, қалың өскен. Жапырағы жалпақ, сырты балауызды өңезбен қапталған. Гүлшоғыры – сыпыртқыгүл. Сыпыртқыгүлінің пішіні әр түрлі: тік өскен, имек басты болады. Кейбір сыпыртқыгүлдері тармақты, қымқырылған, жинақы болып келеді. Құмай (сорго) – азықтық, малазықтық және техникалық өсімдік. Оның отаны – Африка. Бұдан 5 мың жылдан астам бұрын құмайды баптап, өсірген. Құмай – жылу сүйгіш, ыстыққа төзімді, құрғақшылыққа төзімді өсімдік.
- Астық тұқымдас өсімдіктердің сабағы:
- Астық тұқымдастардың жапырақтары:
- Астық тұқымдастардың жемісі:
- Сабансабағы сүректеніп кеткен астық тұқымдастар:
- Биіктігі 50–150 сантиметрге дейін жететін біржылдық даражарнақты өсімдік:
- Екі мәрте Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, күріштің әр гектарынан 174 центнерден күріш алған:
- Күріштің өсімді мерзімі:
-
Бидай гүлшоғыры:
-
Қағаз өндіруге шикізат ретінде пайдаланады:
-
Екпе күрішінің гүл формуласы:
-
Сабағы сабансабақ
-
Астық тұқымдасына жататын өсімдік