Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

III тарау. Шымтезек мүгі

Конспект

Шымтезек мүгі ылғалды, батпақты жерлерде, әсіресе солтүстік ендіктерде кездеседі. Шымтезек мүгін ақ мүк деп те атайды. Ақ мүк дейтін себебі – су жиналатын жапырақтары ақшыл-жасыл түсті. Жапырақ көлемінің 2/3 бөлігін су алып жатады. Әсіресе құрғақшылық күндері өлі жасушаларының іші ауаға толы болатындықтан, өсімдіктің түсі ақ болады. Шымтезек мүгі (сфагнум – латынша аты) атынан да белгілі сабағының түп жағынан қурап, шымтезек түзеді.

 

Шымтезек мүгі – сабағы жиі бұтақталған көпжылдық өсімдік. Негізгі сабағынан таралған жанама бұтақтарының ұштары шоғырланып тұрады. Жасыл мүктен және басқа да мүктерден айырмашылығы – оның ризоиды болмайды. Су мен онда еріген минералды тұздарды сабақ арқылы сіңіреді. Сабағында ақшылдау-жасыл түсті жапырақтары бар. Шымтезек мүгінің жапырақ жасушалары екі түрлі болады: 1) ұзын, жіңішке, хлорофилл дәндері бар жасыл түсті тірі жасушалар; 2) ішінде цитоплазмасы жоқ өлі жасушалар. Жасыл жасушаларда фотосинтез процесі жүреді және олар арқылы жапырақтан сабаққа ағзалық заттар өтеді. Екінші өлі, түссіз жасушалар сәл ірілеу, онда су қоры жиналады. Бұл жасушалардың тек қабықшалары ғана сақталған. Шымтезек мүгі тұтасып, тығыз болып өсетіндіктен, топырақтың батпаққа айналуына себепші болады.

 

Шымтезек мүгі, жасыл мүк секілді жынысты және жыныссыз жолдармен көбейеді. Шымтезек мүгі – бірүйлі, қосжынысты өсімдік. Жынысты көбею кезінде аталық жынысжасушалары сабақтың бұтақтанған жеріндегі жапырақтардың қолтығында жетіледі. Олардың қасындағы жапырақтар қызғылттау түске боялған. Аналық жынысжасушалары қысқарған сабақтардың бұтақшаларында орналасады.

 

 

Шымтезек мүгі (1); қорапша (2); жапырақжасушаларының құрылысы

 

Аталық және аналық жынысжасушалардың қосылуынан өсімдік ұрықтанады. Осы ұрықтанған жұмыртқажасушадан кішілеу қауашақ жетіледі. Оның ішінде көптеген споралар түзіледі. Жыныссыз көбеюі осы споралардан басталады. Споралар пісіп жетілген соң қауашақтан сыртқа шашылады. Жерге түскен споралардан табақша тәрізді өскіншелер пайда болады. Осы өскіншелерде көптеген бүршіктер түзіледі, олардан келешекте шымтезек мүгі жетіледі.

 

Шымтезек мүгі ылғалы мол жерлерде өседі. Мүктің суды тез сорып басқа мүшелеріне қарқынды өткізуі топырақтың батпақтануын тездетеді. Сабақтың қураған бөлігі оттек жетіспегендіктен, жартылай ғана ыдырап (шіріп), шымтезек қабатын құрайды. Мүктен бөлінетін ағзалық қышқылдар бактериялардың өсуін тежеп, шымтезектің ыдырауын баяулатады.

 

Мүктер фотосинтез процесінің нәтижесінде ағзалық заттар түзеді және ауаға оттегін бөліп шығарады. Олар құнарсыз топырақтарда алғашқы өсімдіктердің бірі болып өседі және топырақ түзуге қатысады.

 

Мүктер ұя салып, балапан шығаратын құстардың қорегі және өз жауларынан тығылатын орны болып табылады.

 

Мүктер басқа өсімдіктер секілді қурап, микроорганизмдердің көмегімен шіриді. Соның нәтижесінде құнарлылығы жоғары шымтезекті топырақ түзіледі. Мұндай топырақтарға жаңадан өсімдіктер өседі. Шымтезекті батпақтардан шымтезек өндіріп, оны отын ретінде кеңінен пайдаланады. Шымтезектен спирт, карбол қышқылы сияқты шикізаттар алынады.

 

Мүктер – тұщы су қоры. Батпақты жерлерде мүктер судың жиналуына қатысады.



Сұрақтар
  1. Ылғалды, батпақты жерлерде, әсіресе солтүстік ендіктерде кездеседі:
  2. Шымтезек мүгінің жасыл мүктен және басқа да мүктерден айырмашылығы:
  3. Шымтезек мүгі:
  4. Мүктің суды тез сорып басқа мүшелеріне қарқынды өткізуі:
  5. Шымтезектен алынады:
  6. Мүкті зерттейтін ғылым:

  7. Тамырдың қызметін атқарады:
  8. Шымтезек мүгі:

  9. Сабағы жиі бұтақталған көпжылдық өсімдік:

  10. Бірүйлі, қосжынысты өсімдік:

  11. Топырақтың батпақтануын тездететін өсімдік:
  12. Құнарлылығы жоғары шымтезекті топырақ түзетін өсімдік:

  13. Сфагнум құрылысы

  14. Шымтезек мүгінің көбеюі

Қате туралы хабарландыру