Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

III тарау. Плаунтектес өсімдіктер

Конспект

Жалпы сипаттамасы. Құрылысының ерекшеліктері, көбеюі.

 

Плаунтектестер ерте дәуірде пайда болған. Олардың қазіргі кездегі өкілдері – көпжылдық мәңгі жасыл шөптекті өсімдіктер. Жойылып кеткен түрлерінің ішінде ағаштары да кездескен. Қазіргі кезде плаун туысының 100-дей түрі белгілі. Плаунтектестер тең және әр түрлі споралы өсімдіктер. Тең споралы плаунтектестердің кең тараған өкіліне шоқпарбас плаун жатады. Ол қарағайлы ормандарда жиі кездеседі. Плаун сабағы жерге төселіп, тік және басқа өсімдіктерге сүйеніп өседі. Төселіп өсетін сабағынан жоғары қарай – ұсақ жапырақтары бар өркендері, төмен қарай қосалқы тамырлары жетіледі. Күзге қарай жоғары бағытталып, тік өсетін өркендерінің ұшында екіден (сиректеу 3–5-тен) спора түзетін масақтары дамиды.

 

Плаун сабағының ішкі құрылысы өте қарапайым. Сабақтың сыртын жұқа өң жауып тұрады. Оның астында жақсы жетілген қабық қабаты болады. Қабықтың сыртқы қабатында тірек ұлпасы бар. Сабақтың ортаңғы бөлігін шеңберлі шоқ алып жатады.

 

Шоқпарбас плаун өсімді, жыныссыз және жынысты жолдармен көбейеді. Өсімді көбеюі төселіп өсетін өркендерінің үзінділері арқылы жүзеге асады. Мұндай үзінділердің жас жасушаларынан алдымен қосалқы тамырлар, содан соң жас өркендер жетіледі. Осылай бір өсімдіктен бірнеше жас плаун (қылшабуын) пайда болады. Кейбір түрлері (басқа ағашқа жабысып өсетіндер) өркендерінің ұшында пайда болатын бүршіктері арқылы өсімді көбейеді.

 

Шоқпарбас плаун.

 

Бүршік әбден жетілгенде үзіліп, 0,5 м қашықтыққа түсіп, қолайлы жағдайда өнеді. Мұндай бүршіктер өркенде жылына бір рет түзіледі. Жыныссыз көбеюі споралар арқылы жүзеге асады. Споралар масақтарында жетіледі. Плаунның спора түзетін масағының өсіне көптеген үш бұрышты, ұшы үшкір спорофилдер бекиді. Спорофилл – түрі өзгерген жапырақ. Осы спорофилдерде бүйрек тәрізді спорангийлер орналасады. Спорангий – споралар дамитын орын. Олардың ішінде көптеген ұсақ, сары түсті споралар жетіледі. Споралардың барлығының пішіні мен мөлшері бірдей. Пісіп жетілген споралар спорангийлердің жарылуының нәтижесінде жерге шашылады.

 

Жынысты көбеюі жерге түскен споралардың өнуінен басталады. Плаун спораларының өнуінің екі типі белгілі: жерүсті және жерасты типтері. Бірінші жағдайда споралар жерге түскен соң бірнеше күннен кейін жерүсті өскіншелерін береді. Бұл өскіншелер жартылай сапрофит ретінде қоректенеді. Олардың жерге төселіп өскен ашықтау-жасыл түсті өскіншелерінің астында саңырауқұлақтардың жіпшумақтары (гифалары) болады. Саңырауқұлақтың жіпшумағынсыз өскіншелер өспей, қурап қалады. Осылай жартылай жерге еніп жататын өскіншелер бір жаздың өзінде пісіп жетіледі. Плаундардың өскіншелері қосжынысты, ұзындығы 20 миллиметрден аспайды. Өскіншенің үстіңгі бетінде аталық және аналық жыныс мүшелері түзіледі. Аталық және аналық жынысжасушалары қосылып, ұрықтанады. Ұрықта болашақ өсімдіктің тамырының, сабағының және жапырағының бастамасы болады. Келешекте ұрықтық тамыршадан – нағыз тамыр, сабақшадан – нағыз сабақ, ал жапырақшадан нағыз жапырақ қалыптасады. Соның нәтижесінде плаун өсімдігі пайда болады. Жерасты споралар жерге түскен соң 6–15 жылдың аралығында саңырауқұлақтардың жіпшумақтарымен селбесіп өсіп, қосжынысты өскіншеге айналады. Ұрықтанған жасушалардан келешекте жас плаун өсімдігі пайда болады.

 

Плаундар барлық жасыл өсімдіктер секілді фотосинтез процесінің нәтижесінде ағзалық заттар түзеді және ауаға оттегін бөліп шығарады.

 

Плаундар жердің бетін жауып тұрады және топырақ түзу процесіне қатысады. Плаундардың практикалық маңызы шамалы. Спораларын көп мөлшерде жинап, дәрі-дәрмек жасауға пайдаланады. Шөбін қайнатып, тұнбасын іш жүргізетін, несеп айдайтын және өтті тазартатын дәрі ретінде медицинада қолданады.



Сұрақтар
  1. Тең споралы плаунтектестердің кең тараған өкілі:
  2. Түрі өзгерген жапырақ:
  3. Плаунның жерге түскен спораларының өнуі:

  4. Шөбін қайнатып, тұнбасын іш жүргізетін, несеп айдайтын және өтті тазартатын дәрі ретінде медицинада қолданады:
  5. Ерте дәуірде пайда болған:

  6. Тең споралы плаунтектестердің кең тараған өкілі:
  7. Түрі өзгерген жапырақ:
  8. Споралар дамиды орын:

  9. Медицинада несеп айдайтын және өтті тазартатын дәрі ретінде қолданатын өсімдік:
  10. Спорофилдерде спорангийлер қандай пішінде болып орналасады?

Қате туралы хабарландыру