Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

III тарау. Қырықбуынтектес өсімдіктер

Конспект

Жалпы сипаттамасы, құрылыс ерекшеліктері, көбеюі. Қырықбуынтектестер бұрынғы геологиялық кезеңдерде алуан түрлі болған. Ертедегі ағаш тәрізді өкілдері түгелдей жойылып, қазіргі кезде тек шөптекті түрлері ғана сақталған. Сабағы өте көп буын және буынаралықтарынан тұратындықтан, өсімдікті қырықбуын деп атаған.

 

Қазіргі кезде кездесетін қырықбуынтектестерге қырықбуын туысы жатады, онда 30–35 түр бар. Қырықбуындар арамшөп ретінде егістікте, тың және тыңайған жерлерде, ормандарда, су жағасында өседі. Ол ылғалдылығы жоғары қышқыл топырақта кездеседі. Бізге көбірек тараған өкілдерінің бірі – далалық қырықбуын. Ол – ұзын, бұтақталған жерасты тамырсабағы бар көпжылдық шөптекті өсімдік. Тамырсабағының буынынан қосалқы тамырлар дамиды. Қырықбуынның жерүсті өркендері екі түрлі: көктемгі өркен және жаздық өркен. Көктемгі өркендері ерте көктемде тамырсабақтың қыстық бүршіктерінен бірінші пайда болады. Оның биіктігі 20 см, бұтақтанбаған жапырақтары қоңыр түсті, қабыршақты, өркен ұшында масақтары болады. Масақтарында споралар дамиды. Қабыршақты жапырақтары өркенде топтанып орналасады. Далалық қырықбуынның көктемгі өркендері споралары пісіп жетілген соң қурап қалады. Жасыл түсті жаздық өркендерінде хлорофилл дәндері бар. Жаздық өркенде жанама бұтақтары топтанып орналасады. Ол – өсімді өркен.

 

Жапырақтары болмайтындықтан, фотосинтез процесін осы жаздық өркендері жүзеге асырады. Көктемгі өркендері – көбею, ал жаздық өркендері өсу қызметін атқарады. Жаздық өркеннің тамырсабағының жанама бұтақтары түйнекке айналады. Онда қорек заттары қорға жиналады әрі өсімді көбею мүшесі болып саналады. Қырықбуын сабағының сырты көп қырлы болады. Сабақтың сыртын жұқа өң қаптайды. Ол бірқатар түссіз жасушалардан тұрады.

 

Жаздық өркен өңінің астында қабық қабаты, содан соң өзек орналасады. Өзекте өткізгіш ұлпалары бірнеше ұсақ шоқ түзеді. Кейін өзек ұлпалары ыдырап, өзектің орнында қуыс пайда болады.

 

Далалық қырықбуын: 1. жаздық өркен 2. көктемгі өркен.

 

Сабақ қырларының астында – тірек ұлпасы, ал ойыс жерлерінің астында фотосинтездеуші ұлпалар жетіледі. Хлорофилл дәндері бар фотосинтездеуші ұлпаның әр бөлігінің астында айқын байқалатын қуыс болады. Тірек ұлпасының астында өткізгіш ұлпалары шоқ түзіп орналасады. Өткізгіш ұлпалар қоректік заттардың тасымалдануын қамтамасыз етеді. Ағзалық заттар фотосинтез процесінің нәтижесінде өсімдіктің жербеті өркендерінде түзіледі. Бұл заттарды өткізгіш ұлпалардың бір тобы өркендерден тамырына қарай тасымалдайды. Өткізгіш ұлпалардың екінші тобы су мен минералды заттарды тамырдан жербеті өркендеріне жеткізеді. Осылай өткізгіш ұлпалары өсімдікті қоректі заттармен қамтамасыз етеді.

 

Қырықбуындар плаундар секілді өсімді, жыныссыз және жынысты жолдармен көбейеді. Өсімді көбеюі – тамырсабақтары, түйнектер арқылы, жыныссыз көбеюі споралар арқылы жүзеге асады. Спора түзетін масақтарында көптеген споралар пісіп жетіледі де жерге шашылады. Споралардың барлығының мөлшері бірдей болғанымен, физиологиялық жағынан әр түрлі. Бір споралардан – аталық өскіншелер, ал екіншілерінен аналық өскіншелер жетіледі. Осы өскіншелерде жынысты көбею жүзеге асады. Аталық өскіншеде – аталық жыныс мүшесі, аналық өскіншеде аналық жыныс мүшесі жетіледі. Аналық және аталық жынысжасушалардың қосылуы нәтижесінде өсімдік ұрықтанады. Ұрықтан қайтадан жас қырықбуын өсімдігі жетіледі.

 

Қырықбуындар – егістіктің арамшөптері. Олар топырақты бүлінуден сақтайды. Қырықбуындардың бірқатар түрлері – улы өсімдіктер. Дала қырықбуыны – дәрілік өсімдік. Ол халық медицинасында ертеден қолданылып келеді. Дәрілік шикізат ретінде жасыл сабақтарын жинап, кептіреді. Дәрілік шикізаты қан айналымының әлсіздігінен болатын ісікке, несеп жүргізуге қолданылады. Сонымен бірге қырықбуынның споралар түзетін масақтары мен сабақтарын тамаққа пайдаланады.



Сұрақтар
  1. Сабағы өте көп буын және буынаралықтарынан тұратындықтан, өсімдік:

  2. Ылғалдылығы жоғары қышқыл топырақта кездесетін, қырықбуынның көбірек тараған өкілдерінің бірі:
  3. Қырықбуынның жаздық өркендері:

  4. Қырықбуынның көктемгі өркендері:

  5. Қырықбуынның сабағының қырларының астында:
  6. Егістік арамшөптері:

  7. Далалық қырықбуын?

  8. Далалық қырықбуынның дәрілік шикізат ретінде қандай мүшесі қолданылады?

  9. Споралар түзетін масақтары мен сабақтары тамаққа пайдаланылатын өсімдіктер?

  10. Далалық қырықбуынның тамырсабақтары, түйнектер арқылы көбею?

  11. Қырықбуынның көбею жолы

Қате туралы хабарландыру