Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

V тарау. Омыртқалы жануарлардың тыныс алу жүйесінің құрылысы

Конспект

Тыныс алу мүшелері мен мүшелер жүйесінің негізгі ерекшелігі жануарлардың даму деңгейімен, тіршілік ететін ортасына тікелей байланысты. Мысалы, суда тіршілік ететін жануарлардың көпшілігінде тыныс алу жүйесінің негізгі мүшесі – желбезек.

 

Балық желбезегі 3-4 жұп желбезек доғаларынан құралады. Әр доғаның бір жағында желбезек жапырақшалары, екінші жағында желбезек талшықтары болады. Оны сыртынан желбезек қақпашасы жабады (1-сурет).

 

         

 

1-сурет. Балық желбезегі және оның құрылысы.

1. Желбезек доғалары; 2. Желбезек күлтелері; 3. Желбезек саңылаулары; 4. Күлтелердегі қылқантамырлар; 5. Желбезек қақпақшасы.

 

Балық суды толассыз «жұтады». Су ауыз қуысынан желбезек жапырақшаларына барып, сол арқылы суда еріген оттегін қанға сіңіреді. Денедегі көмірқышқыл газы суға қосылып, желбезек қақпашасы арқылы сыртқа шығады.

 

Хордалылардың тыныс алу жүйесінің тыныс жолына сәйкес келетін мүшелерінің реті: танау тесігі - көмекей - кеңірдек - өкпе. Бұл жүйедегі газ алмасатын ең негізгі мүше – өкпе. Басқа мүшелердің қызметі – негізінен алғанда өкпеге ауа жеткізу. Олар ауаның тазалығы мен қалыпты температурасы болуын қамтамасыз етеді.

 

Өкпе құрылысының жалпы сұлбасы мен қызметі барлық омыртқалыларда бірдей. Ерекшелігі – тек бұл мүшенің даму деңгейіне ғана тән. Сондықтан тыныс алу жүйесімен танысуды қосмекенділерден бастайық.

 

Қосмекенділердің басым көпшілігі (көл бақа, құрбақа және басқалар) өкпемен тыныс алады. Оларда тыныс алуға тері де қатысады. Себебі қосмекенділердің өкпесі нашар дамыған. Өкпесі сырттан келетін ауамен жанасу бетінің аумағы шағын болғандықтан, газ алмасуды жеткілікті дәрежеде қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан қосымша газ алмасу – тері арқылы жүреді. Қосмекенділердің жұп өкпесі сопақша пішінді, сондай-ақ қапшық тәрізді. Өкпеде ұяшықтар бар. Олар қылтамырлармен торланған (2-сурет).

 

 

2-сурет. Бақаның өкпесі.

 

    

 

3-сурет. Құстың өкпесі

4-сурет. Сүтқоректілердің өкпесі

 

 

Қосмекенділерде ауа өкпеге ауыз қуысының түпкі жағы (алқымының) көтеріліп, төмен түсуі арқылы енеді. Алқымы төмен түскенде ауыз қуысы кеңіп, танау тесігі арқылы ауа енеді. Алқымы көтеріліп, таңдаймен жанасқанда, танау тесіктері жабылады, ауа жұтқыншақ арқылы өкпеге өтеді, газ алмасады.

Бақа суда да, құрлықта да тері арқылы тыныс ала береді. Қосмекенділердің терісі – жұқа, жұмсақ. Сырты теріасты безінен бөлінетін сілемейлі шырышпен шыланып, ылғалданып тұрады. Мұндай тері ауаны да, суда еріген оттегін де жақсы өткізеді. Қосмекенділердің суда тіршілік ететін дернәсілдері тек желбезекпен тыныс алады.

 

Жорғалаушылардың терісі мүйізді қабыршақпен қапталған. Олардың тері бездері болмайтындықтан құрғақ. Сондықтан олар тері арқылы тыныс алмайды. Өкпесінің пішіні, жалпы құрылысы қосмекенділерге ұқсас. Дегенмен көлемі және ауамен жанасу беті аумақты әрі көп ұяшықты.

 

Құстардың өкпесі жақсы дамыған, тығыз ұяшықты өкпенің ішіне ауатамыр (бронхылар) тарамдалған (3-сурет). Ауатамыр тармақтарының өкпемен жанасатын жерлері, бүкіл өкпе қылтамырларымен торланған. Кейбір демтүтіктік ауатамыр тармақтары өкпеден өтіп, әр түрлі ішкі мүшелердің аралықтарына енеді. Сөйтіп кеңейеді, ауа қапшықтарын түзеді. Бұл қапшықтардың тарамдары түтікті сүйектердің ішіне, бұлшықеттер арасына, тері астына дейін тарайды. Ауа қапшықтарының көлемі өкпенің жалпы көлемінен 10 есе артық. Олар құс денесін ұшу кезінде қызып кетуден сақтайды, әрі салмағын жеңілдетеді. Әрине, ең негізгі қызметі тыныс алуға қатысады.

 

Ұшу кезіндегі құстың тыныс алуы қанат қағысымен байланысты бұлшықеттердің жұмысынан байқалады, мысалы, қанат көтерілгенде құстың көкірек қуысы кеңейіп, ауа қапшықтары созылады. Ауа өкпеден алдыңғы ауа қапшықтарына өтеді. Өкпе және артқы ауа қапшықтары сырттан кірген ауамен толады. Қанат төмен түскенде көкірек қуысы кішірейеді. Артқы ауа қапшықтарындағы оттегіне бай ауа өкпеге сығылып келеді. Өкпедегі көмірқышқыл газы сыртқа шығарылады. Сөйтіп қан оттегімен екі рет қанығады. Алғашында көкірек қуысы кеңігенде сырттан келсе, екінші мәрте көкірек қуысы тарылғанда, артқы ауа қапшықтары нан келеді. Құстардағы бұл құбылыс қосарлы тыныс алу деп аталады.

 

Сүтқоректілердің өкпесінде ауатамырлар таралып, оның төменгі ұштары өкпе көпіршіктерімен аяқталады (4-сурет). Өкпе қылтамырлары да жиі тор түзеді. Осыдан сүтқоректілердің өкпесі қанды оттегімен жақсы қамтамасыз етеді. Тыныс алуды қабырға арасындағы бұлшықеттер мен көкірек, құрсақ қуыстарын бөліп тұратын көкеттің жиырылып, босаңсуы қамтамасыз етеді.

 

Сүтқоректілердің көмекейінде дыбыс сіңірлері жақсы дамыған. Жануар әр түрлі дыбыс шығарып, өз туыстастарына, үйіріне қауіп-қатер туралы, өзінің қай жерде екені және т. б. туралы хабар беріп, білдіреді.

 

Қорытынды. Көпжасушалы жануарлардың тыныс алу жүйесінің құрылысы ағзаның даму деңгейіне, тіршілік ортасына қарай біртіндеп күрделене түседі:

– ішекқуыстыларда (гидра), құрттарда, былқылдақденелілерде газалмасу дененің сыртқы тері жабыны арқылы жүреді;

– шаянтәрізділер желбезекпен, суда тіршілік ететін ұлулар, өрмекшітектестер өкпе қапшықтарымен, бунақденелілер демтүтікпен (трахея) тыныс алады;

– құрлық ұлулары өкпесі арқылы тыныс алады;

– суда тіршілік ететін омыртқалылар – балықтар және қосмекенділердің дернәсілдері желбезек арқылы тыныс алады;

– құрлық омыртқалыларының (қосмекенділер, жорғалаушылар, құстар, сүтқоректілер) тыныс алу мүшесі – өкпе.

Тыныс алудың негізгі мәні – ағза оттегімен үздіксіз қамтамасыз етіліп, одан көмірқышқыл газы үздіксіз шығарылуы, яғни газалмасу болып табылады.



Сұрақтар
  1. Суда тіршілік ететін жануарлардың көпшілігінде тыныс алу жүйесінің негізгі мүшесі:

  2. Балық желбезегі:
  3. Хордалылардың тыныс алу жүйесінің тыныс жолына сәйкес келетін мүшелерінің реті:

  4. Қосмекенділерде қосымша газ алмасу:
  5. Жорғалаушылар тыныс алады:
Қате туралы хабарландыру