Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

V тарау. Көпжасушалы жануарлардың тыныс алуы

Конспект

Тыныс алудың мәні және маңызы. Астың қорытылуы кезінде органикалық заттардың жай заттарға ыдырауы және олардан ағза жасушаларына, ұлпаларына, әр түрлі мүшелеріне тән органикалық заттардың қайтадан түзілуі үшін оттегі керек.

 

Ағзада үздіксіз жүріп жататын тіршілік процестері өте күрделі құбылыс. Бір заттар түзіліп жатса, екіншілері ыдырап жатады. Түзілген заттардың ішінде көп түзіліп немесе сырттан келіп ағза үшін қажетсіз, тіпті зиянды боп келетіндері де бар. Мысалы, көмірқышқыл газы. Ағзалардың басым көпшілігі оттегін сіңіріп, көмірқышқыл газын сыртқа шығарады. Осы құбылысты тірі ағзаның тыныс алуы немесе ағзадағы газалмасу дейді.

 

Ағзада тынысалу үздіксіз жүреді. Белгілі бір себептен тынысалу тоқтаса, ағза тұншығып, тіршілігін тоқтатады. Мұны сендер бастауыш сыныптан білесіңдер, күнделікті өз тәжірибелеріңнен де жақсы сезінесіңдер. Адам 1 минутта 15-18 рет тыныс алып, дем шығарады. Оттегін сіңіріп, көмірқышқыл газын сыртқа шығаратын ағзаларды аэробты тыныс алатын ағзалар дейді. Ал басқа жануарлардың ішкі мүшелерінде тіршілік ететін паразит жануарларды анаэробты, яғни оттегісіз тыныс алатын ағзалар дейді. Мұндай ағзаның тыныс алуының негізгі мәні аэробтылардың тыныс алуы мәнімен бірдей. Тек ыдырау, синтез процестері оттегінің қатысынсыз жүреді.

 

Оттегі ағзаға екі түрлі жағдайда сіңеді. Ауадағы оттегін құрлық жануарлары газ күйінде, ал суда тіршілік ететіндердің көпшілігі оттегін суда еріген күйде сіңіреді.

 

Омыртқасыз жануарлардың тынысалу жүйесінің құрылысы және тынысалу. Гидрада тынысалу мүшесі жоқ. Суда еріген оттегін бүкіл денесімен сіңіреді. Көмірқышқыл газы дене жабындысы арқылы сыртқа шығарылады. Газалмасу гидра денесінің әр жасушасында өтеді.

 

Ал шұбалшаңда (жауынқұрты) оттегі дене сыртының сілемейленіп тұратын жұқа тері жабыны арқылы қанға сіңіріледі де, қанмен денедегі барлық жасушаларға тасымалданады. Қанмен келген оттегі жасушаға өтеді. Жасушада түзілген көмірқышқыл газы қанға сіңіп, сыртқы тері жабыны арқылы сыртқа шығарылады.

 

Көпжасушалы жануарлардың ішінде ұлудың да тыныс алуды қамтамасыз ететін арнайы мүшелер жүйесі бар (1-сурет). Құрлық ұлуындағы (жүзім ұлуы), сол сияқты суда тіршілік ететін тоспаұлу денесінің бақалшақ жиегімен түйісетін алдыңғы арқа жағында орналасқан тыныс саңылауы – сондай мүше. Осы саңылау арқылы шапанша (мантия) қуысына ауа кіріп, осы қуыстағы қантамырларымен торланған шапанша қатпары – шапанша қалтасында қанға сіңеді. Оттегіне байытылған қан тамырлары арқылы бүкіл денеге тасымалданады. Денеде түзілген көмірқышқыл газы қанмен бірге шапанша қуысына келіп, тыныс саңылауы арқылы сыртқы ортаға шығарылады.

 

 

1-сурет. Ұлудың ішкі құрылысы.

 

Қосжақтаулы былқылдақденелілерде (2-сурет) шапанша қуысы дененің екі бүйіріне қараған жағында орналасып, көлденеңінен тілімделген екі жұп тақташалары болады. Әрбір тақташада көптеген кірпікшелер бар. Кірпікшелердің үздіксіз қозғалысы судың ағынын туғызады. Су ағыны дененің артқы жағындағы шапаншаның төменгі кішкене саңылауы (сифоны) арқылы ішке құйылады. Сәл жоғарырақ орналасқан жоғарғы саңылау (сифоны) арқылы сыртқа шығады. Төменгі саңылау – су кіретін сифон, жоғарғы саңылау – су шығатын сифон деп аталады. Осы екі сифонның жұмысы арқасында шапанша қуысын су ағыны үздіксіз шайып тұрады. Суда еріген оттегі осы «желбезек» арқылы қанға сіңеді де, денедегі көмірқышқыл газы сыртқа шығарылады.

 

 

2-сурет. Қосжақтаулы былқылдақденелі жәндік – айқұлақ және оның құрылысы.

 

Қорытынды. Сонымен құрлық ұлуларында тынысалу жүйесі тыныс саңылауларынан және шапанша қуысынан және шапанша қалтасы мен қантамырларынан, ал судағы былқылдақденелілерде желбезек тақташалары мен сифондардан тұрады. Қан екі жағдайда да газалмасуға қатысады.

 

Шаршылы өрмекші денесінің баскөкірек пен құрсақ арасында орналасқан қос өкпе – ауа қапшығы арқылы тыныс алады. Қапшықтардың арасы көптеген жапырақ тәрізді қатпардан тұрады. Бұл жапырақшаларда қанайналымы үздіксіз жүреді де, оттегімен қанығып, денеге тасымалданады. Сонымен бірге құрсақтарында тыныс саңылауына ашылатын екі шумақ демтүтікшелері бар.

 

Қоңыздар (қиқоңыз, зауза, сүңгуір қоңыз, т.б.) хитинді демтүтіктері арқылы тыныс алады (3-сурет). Қоңыз көкірегі мен құрсағының екі қапталын бойлай ұсақ саңылаулар (тыныс саңылаулары) орналасқан. Осы саңылаулардан дененің ішіне қарай хитинді демтүтікшелері жалғасады. Олар тармақталып, бүкіл ішкі мүшелерді торлайды. Тіпті аяқтардың, мұртша сезім талшықтарының ұшына дейін жетеді. Құрсақ бұлшықеті жиырылғанда ауа демтүтіктен сығылып, сыртқа шығады. Бұлшықет босаңсығанда, сырттан ауа сорылып, оның бүкіл тармақтары ауаға толады.

       

 

3-сурет. Зауза қоңыздың ішкі құрылысы.

1. Өңеш. 2. Қарын. 3. Ішек. 4. Мальпигий түтікшелері. 5. Аналық без. 6. Демтүтік. 7. Құрсақ жүйке тізбегі. 8. Жұтқыншақ жанындағы жүйке сақина.



Сұрақтар
  1. Оттегін сіңіріп, көмірқышқыл газын сыртқа шығаратын ағзаларды:
  2. Сілемейлі жұқа тері жабыны арқылы оттегімен тыныс алатын

  3. Тыныс алуды қамтамасыз ететін арнайы мүшелер жүйесі бар жәндік:
  4. Қосжақтаулы былқылдақденелілердің төменгі саңылауы ... деп аталады:
  5. Қосжақтаулы былқылдақденелілердің жоғары саңылауы ... деп аталады:
Қате туралы хабарландыру