iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
IV тарау. Гүлдің құрылысы
Гүл бөлімдері – гүл сағағы, гүл табаны (тұғыры), тостағанша жапырақша, күлте жапырақша, аталық пен аналықтан тұрады (1-сурет). Гүл сағағы – жапырақ сағағына ұқсаған гүлдің жіңішкерген жері. Сағағы арқылы сабаққа бекінеді. Гүл сағағы болмаса, отырмалы гүлдер дейді (беде, қашқаргүл (астра). Гүл табаны (тұғыры) – гүлдің барлық бөлімдері бекінетін гүл сағағының жоғарғы жағындағы кеңейген жері.Тостағанша көбінесе жасыл түсті, гүлдің сыртында бірікпеген жеке немесе біріккен жапырақшалардан тұрады. Тостағанша 2-ден (көкнәрда) бірнеше ондаған санға (шай өсімдігі) дейін жетеді.
1-сурет. Гүлдің құрылысы. 1. Гүл сағағы. 2. Гүл табаны. 3. Тостағанша жапырақша. 4. Күлте жапырақша. 5. Аталықтар. 6. Аналық.
Күлте – тостағанша жапырақшалардан кейін орналасады. Күлте жапырақша лары бір-бірімен бірігіп кеткендерге: інжугүл, қоңыраугүл жатады. Бірікпей жеке орналасатын күлтелер: қызғалдақ, көкнәр, итмұрын.
Күлте түбіндегі жіңішкерген жерде тәтті шірне бөлетін шірнеліктер орналасады. Күлтенің хош иісі, тәтті шірнесі, ашық реңдері гүлді тозаңдандыратын бунақденелілерді еліктіреді.
Тостағанша жапырақша мен күлте жапырақшаны гүл серігі дейді. Гүл серігі жай және қос гүлсерікті деп бөлінеді. Жай гүлсерікте (2-сурет) тек тостағанша жапырақшалары болып, күлте жапырақшалары болмайды (қалақай, қызылша, қымыздық, еменнің аталық гүлдері, қарағаш гүлдері). Немесе керісінше, күлте жапырақшалары ғана болады (қызғалдақ, лалагүл, інжугүл).
2- сурет. Қызғалдақтың жай гүлсерікті гүлі.
3- сурет. Қазтабанның қос гүлсерікті гүлі.
4-сурет. Аталықтың құрылысы.
1. Аталық жіпшесі; 2. Тозаңқабы; 3. Тозаңдар.
Қос гүлсерікті гүлде (3-сурет) тостағанша да, күлте де болады (алма, өрік, шие ағаштарының гүлдері). Гүл серігінің екеуі де болмайтындарды гүлсеріксіз гүлдер дейді (тал, шаған, терек, еменнің аналық гүлі).
Аталық – гүлдің көбеюге қатысатын бөлімі. Әрбір аталық – аталық жіпшесінен және тозаңқаптан тұрады. Аталықтың жіңішкерген жері – жіпшесі. Тозаңқап бір-бірімен байланысқан екі бөліктен құралған. Әр бөлігінде 2-ден тозаң ұясы бар. Тозаңқапта мыңдаған тозаң түйіршіктері түзіледі, пісіп жетілгенде тозаңдары сыртқа шашылады.
Тозаң – сыртқы және ішкі қабықшасы бар жасуша, пішіндері де алуан түрлі (4-сурет). Тозаңдар сырттай қарағанда ұнтақ тәрізді. Әрбір тозаңның сыртында үшкір өсінділер, майда тікенектер, бұртиған төмпешіктер болады. Атқаратын қызметіне қарай сыртқы қабықшасы қалыңдап өзгереді. Сыртқы қабықшасында тозаң түтігінің өнуіне қажет көптеген тесіктері болады. Тозаңның құрамында май, қант, минералды тұздар, нәруыз, витаминдер бар.
Аналық – гүлдің жеміс түзуге қатысатын негізгі бөлімі гүлдің дәл ортасына орналасады. Аналықтың ұшын – ауыз, ортаңғы жіңішкерген жерін мойын, түп жағындағы жуандаған жерін жатын дейді (5-сурет).
Аналық аузы өсімдік түріне қарай түрліше (домалақ үлпекті, қостелімді, көптелімді, жұлдызша және т.б.) болып келеді. Аналық аузынан жабысқақ сұйықтық бөлуі, тозаңның аналық аузына түсіп, тез өнуіне жағдай туғызады.
Аналықтың мойны аузы мен жатынын жалғастырып, басқа бөлімдерінен жоғары биіктетіп тұрады. Неғұрлым аналық күлтеден озыңқы тұрса, соғұрлым жеңіл тозаңданады. Мойны болмайтын аналық көкнәр, қызғалдақ және т. б.
Жатын (түйін) – аналықтың ең негізгі бөлігі бір және көп ұялы. Жатынның ішінде бір (бидайда) немесе бірнеше мыңдаған (көкнәр) тұқымбүршігі бар. Тұқымбүршігі жатында дамитындықтан, жатын қабырғасына бекінеді. Жатынның сыртын екі қабат қабықша (жамылғы) қаптайды. Қабықшасының түйіскен жерінде тесігі бар. Одан тозаң түтігі тұқымбүршігіне енеді. Тұқымбүршігінің ішіндегі ұрық қалтасында жұмыртқажасуша (аналық жыныс жасуша) болады. Сондықтан ұрықтану аналықтың ішінде жүреді. Әрбір аналық өзара бірігіп кеткен бір немесе бірнеше жемісжапырақшаларынан түзіледі.
5-сурет. Аналықтың құрылысы. 1. Аналық аузы; 2. Мойны; 3. Жатыны.
Дұрысгүл мен бұрысгүл (6-сурет). Гүл жазықтығына бірнеше сызық жүргізгенде теңдей бөлікке бөлінсе – дұрысгүл (алма, итмұрын, мақта және т. б.). Гүл бөлімдеріне бір сызық жүргізуге ғана болса, бірнеше сызықпен теңдей бөлінбесе – бұрысгүл (соя, үрмебұршақ, сәлбен және т. б.).
6-сурет. Мақтаның дұрысгүлі мен сызбанұсқасы (1) және асбұршақтың бұрысгүлі мен сызбанұсқасы (2).
- Жапырақ сағағына ұқсаған гүлдің жіңішкерген жері:
-
Гүлдің барлық бөлімдері бекінетін жері:
- Гүлдің сыртында біріккен жапырақшалардан тұратын бөлім:
- Тостағанша жапырақшалардан кейін орналасқан гүл бөлімі:
-
Гүлдің көбеюге қатысатын бөлімі:
- Аналықтың бір және көп ұялы ең негізгі бөлігі:
-
Тозаңның құрамында нелер болады?
-
Гүлдің қай құрылымы тұқым бүршігін температураның ауытқуынан, зиянды бунақденелілерден қорғайды?
-
Қандай гүлдерде гүл серігі болмайды?
-
Аналықтың қандай қасиеті тозаңның аналық аузына түсіп, тез өнуіне жағдай туғызады?
-
Тостағанша және күлте жапырақшалары бар өсімдік
-
Гүлдері тек қана тостағанша жапырақшадан тұратын өсімдік
-
Аналық бөлімі