iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
I тарау. Өсімдік ұлпалары
Шығу тегі, құрылысы, атқаратын қызметі ұқсас жасушалар тобын ұлпа дейді. Жоғары сатыдағы өсімдіктердің ұлпаларынан мүшелер, ал мүшелерден ағза түзіледі:
Жасушалар тобы → ұлпа → мүше → ағза
Өсімдіктердегі ұлпалардың түрлері: түзуші, жабын, негізгі (қоректік және фотосинтездеуші), тірек, өткізгіш және бөліп шығарушы (1,2-суреттер).
1. Түзуші ұлпа (меристема, грекше «меристос» – бөлінетін, бөлуші) барлық ұлпалардан бұрын түзіледі. Сабақтың, тамырдың ең ұшына орналасқан түзуші ұлпа жасушалары ерекше болады: өте ұсақ, қабықшасы жұқа, вакуольдері де ұсақ, ядросы жасушаның дәл ортасына орналасады. Ұдайы бөлінуге қабілетті, бір-бірімен тығыз жанасқан тірі жасушалардан тұрады. Түріне қарай түзуші ұлпалар өсімдіктің әр жерінде (сабақ, тамыр ұшында, жас жапырақтың негізінде және т. б.) кездеседі. Жасушалары ұдайы бөлінетіндіктен өсімдік өседі, бүршік жарады. Бітеу гүлдер ашылады, тұқымнан жаңа өсімдік өсіп шығады. Өсімдіктердің ұзарып өсуі, ағаштың жуандауы, жас жапырақтардың үлкеюі түзуші ұлпаға қатысты. Сылынған қабық пен сынған ағаштарды қайта қалпына келтіреді. Тек түзуші ұлпаның жасушалары ғана бөлінуге қабілетті. Басқа ұлпалардың барлығы осы ұлпадан түзіледі.
2. Жабын ұлпа өсімдік мүшелерінің сыртын қаптап, кеуіп кетуден, сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларынан сақтайды. Жабын ұлпа өң, тоз, қыртыс деп бөлінеді.
Өң жасушалары тірі, бір-бірімен тығыз жанасқан. Алғаш өсу кезінде гүлдің бөлімдерін, жапырақты, жемісті, сабақты және тамырды сыртынан қаптап тұрады. Өсімдіктің сыртындағы түктері өңнің өсіндісі. Өң өсімдік мүшелері суды артық мөлшерде буландыруынан, зақымдануы нан қорғайды.
Тоз – көп жылдық өсімдіктерде өңнің орнын басатын қабат. Жасушалары алғашында тірі болғанымен, біртіндеп қабықтары қалыңдап, қоңырлау түсті өлі жасушаларға айналады. Бұл – су мен улы газдарды, жылуды, дыбысты ішке өткізбейтін, шірімейтін тығыз көп қабатты болады.
Қыртыс – ең соңынан түзілетін қабат. Ағаш діңдерінде, бұтақтарында, тамырларында жаңа қабаттар пайда болып қыртыс түзіледі. Қыртыс жасушалары өлі болғанымен тереңіректегі, тірі жасушалар бөлініп, діңнің көлденеңін ұлғайтады. Қыртыстың сыртқы қабаты «жыртылып» біркелкі тегіс болмай сайлы, қабыршақты кедір-бұдырлы болады. Мұны (емен, қарағаш, шаған) жуан ағаштардың қабығынан көруге болады. Қалың қыртыс ағаш діңдерін өрттен, температураның күрт ауысуынан, күн сәулесінің күйдіруінен, зиянды микробтардан қорғайды. Қыртыс жыл сайын тоздың пайда болған жаңа қабаттарынан қалыңдай береді.
3. Негізгі ұлпа. Өсімдіктердің барлық мүшелерінде кездесетіндіктен негізгі ұлпа деп аталады. Барлық ұлпалардың ішінде де болады. Жасушалары тірі, пішіндері атқаратын қызметіне қарай домалақ, цилиндр, эллипс тәрізді әр түрлі. Жасуша қабықшасы жұқа, цитоплазмасы қабықшаны астарлай орналасады. Жасушааралық кеңістіктері өте кең болады. Атқаратын қызметіне байланысты негізгі ұлпалар – фотосинтездеуші, қор жинаушы, су жинаушы, ауа жинаушы деп бөлінеді.
1-сурет. Өсімдік ұлпалары.
1. Сабақ ұшындағы түзуші ұлпа.
2. Ағаш қабығындағы жабын ұлпа.
3. Жапырақ жұмсағындағы негізгі (фотосинтездеуші) ұлпа.
4. Өсімдік сабағындағы өткізгіш ұлпа (түтікше жасушалары көрсетілген).
Фотосинтездеуші ұлпа жасушаларының қабығы жұқа, жасушааралықтары кең, хлоропластары көп болады. Хлоропластары бір-біріне кедергі жасамайтындай белгілі ретпен орналасады. Бұл ұлпада өсімдікті органикалық заттар және энергиямен қамтамасыз ететін фотосинтез реакциясы жүреді. Қор жинаушы ұлпалар өсімдік сабағында, пиязшығында, жапырағында, жемтамырында, тамырсабақта кездеседі. Қор жинаушы ұлпада нәруыздар, көмірсулар, майлар және т.б. артығы қорға жиналады. Энергияға бай қосылыстар өсу кезінде қорға жиналып, өсімдіктің өсуі мен дамуына жұмсалады.
Су жинаушы ұлпаның жасушаларының қабығы қалың, ірі болады. Вакуолінде желімтек, созылғыш заттар бар, ол ылғалды сақтап тұрады. Су жинаушы ұлпа шырынды (кактус, бозкілем, семізот, алоэ, агава) және сортаң (тұзы көп) жерде өсетін өсімдіктерде (сораң, сарсазан) болады. Алоэ суды шырынды жапырағына, кактус өркеніне (сабағына) жинайды.
Жасушалар арасындағы кеңістіктер ауаға толы болады. Іші ауаға толы жасушалар әсіресе сулы және батпақты жерде өсетін өсімдіктерде кездеседі. Олар ұлпаларды оттегімен қамтамасыз етеді. Су өсімдіктерінің жапырақтарын көмірқышқыл газымен байытып, суда қалқуын жеңілдетеді.
4. Тірек ұлпасы жасушаларының қабығы қалың, қатты, өсімдіктің сабақтарында, жапырақтарында, жемістерінде болады (2-сурет).
2-сурет. Өсімдік ұлпалары.
1, 2. Жаңғақ сүйегіндегі тірек ұлпалар.
3. Жапырақ түктеріндегі бөліп шығарушы ұлпалар.
Сабаққа, жапырақ сағағына, жүйкелеріне беріктік қасиет беріп, тірек қызметін атқарады. Нәзік сабақтар қатты дауыл соқса да сынбайды. Тақтасы үлкен жапырақтардың қатты желге жыртылмай, керіліп, сабақтан үзіліп кетпеуі тірек ұлпасына байланысты. Алмұрт, шетен, беже (айва) жемістерінің жұмсақ етіндегі қатты қиыршық жасушалар – тірек ұлпа. Жаңғақ, шие, өрік, алхоры, шабдалы жемістеріндегі қатты сүйегі тірек ұлпасына жатады. Су өсімдігін судан шығарып алса тез солып қалады, себебі тірек ұлпасы жетілмеген.
Жаңа өсіп келе жатқан жас мүшелерде тірек ұлпасы бірден жетілмейді. Жас, тірі жасушалардың сыртындағы қабықшасы тығыз, әр түрлі кедергілерге төтеп бере алады. Мүшелердің дамуына байланысты тірек ұлпалары да жетіледі. Әлі піспеген көк өрік, шие және т. б. сүйекті жемістерді жарып көрген боларсыңдар. Олардың ішіндегі тұқымының сыртындағы сүйегі өте жұмсақ, ақ түсті. Өрік пісуге таяғанда сүйегі қатайып, қоңыр түске айналады. Тұқымды зақымданудан қорғау үшін алғашында тірек ұлпаларындағы жасушалар тірі болады. Кейін әбден қалыптасқанда, қабығы қалыңдап, цитоплазмасы кеуіп, өлі жасушаға айналады. Атқаратын қызметіне байланысты бұл жасушалардың қабықшалары сүректеніп, өсімдікке тірек болады да, тін талшығына айналады. Мұндай тін талшықтары әр түрлі ұзындықта кездеседі. Зығырдың тін талшығының ұзындығы 4-60 мм, қарасорада (конопля) 8-40 мм, қалақайдікі 5-55 мм-ге дейін жетеді. Бұлар өте мықты болғандықтан себет, бас киім, т. б. тоқу үшін пайдаланылады. Жануарлар денесінде сүйектерден түзілген қаңқасы тірек болса, өсімдіктерде тірек ұлпасы «қаңқасы» болып саналады.
Өсімдік мүшелеріндегі тірек ұлпаларының орналасуында белгілі заңдылық бар. Осы заңдылықты зерттеп, құрылыста пайдаланады. Зәулім үйлерді, биік мұнараларды, шағын бағаналарды, көпірлерді, аспалы жолдарды тірек ұлпа орналасуы тәртібін қайталап отырып, жасайды. Мұндай құрылыстар бірнеше жүздеген жыл өтсе де бұзылмай, сақталып тұра береді.
-
Қыртыс
-
Негізгі ұлпа
-
Су жинаушы ұлпа
-
Жабын ұлпа
-
Атқаратын қызметіне байланысты негізгі ұлпалар
-
Ағаш діңдерінде, бұтақтарында, тамырларында жаңа қабаттар пайда болып
-
Өсімдік сабағында, пиязшығында, жапырағында, жемтамырында кездесетін ұлпалар
-
Негізгі ұлпа
-
Жасуша қабықшасы жұқа, цитоплазмасы қабықшаны астарлай орналасқан ұлпа
-
Жасушаларында хлоропластары көп ұлпа
-
Фотосинтез реакциясы жүретін ұлпа
-
Қиыршық жасушалар
-
Өң жасушалары
-
Жасушалар тобы
-
Тоз
-
Ұдайы бөлінуге қабілетті, бір-бірімен тығыз жанасқан тірі жасушалардан тұрады
-
Жасушаларының қабығы қалың, ірі болатын ұлпа
-
Сабақтың, тамырдың ең ұшына орналасқан түзуші ұлпа жасушалары
-
Өсімдіктердің ұзарып өсуі, ағаштың жуандауы, жас жапырақтардың үлкеюі
-
Жасушаларының қабығы қалың, қатты, өсімдіктің сабақтарында, жапырақтарында, жемістерінде болатын ұлпа
-
Өсімдік мүшелерінің сыртын қаптап, кеуіп кетуден, сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларынан сақтайтын ұлпа
-
Өсімдіктердің барлық мүшелерінде кездесетін ұлпа
-
Өсімдіктердегі ұлпалардың түрлері
-
Барлық ұлпалардан бұрын түзілетін ұлпа
-
Шығу тегі, құрылысы, атқаратын қызметі ұқсас жасушалар тобы