Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

ІІ тарау. Сұрыптау. Ч. Дарвиннің қолдан сұрыптау туралы ілімі.

Конспект

Ч. Дарвин сұрыптауға ерекше көңіл бөліп, оның түрлері мен себептерін толық зерттеді. Жануарлардың қолтұқымдары мен өсімдіктердің іріктемелерін шығаруда, олардың ерекше бір қасиеті мен өзгеріс белгілеріне қарайды. Мысалы, қауын мен қарбызды зерттеуде тек жеміс сапасын арттыру мақсаты көзделеді. Сәбіз бен қызылша өсімдіктерінің тек тәтті жемтамыры бағаланады. Картоптан жақсы түйнек, көкнардан өздігінен ашылмайтын қауашақтар алу жоспарланады. Сөйтіп, өсімдіктер мен жануарларды қажет белгілеріне қарай сұрыптап, іріктеп алуды Ч. Дарвин қолдан сурыптау деп атаған.

 

Ч. Дарвин адам қолымен шығарылған қолтұқымдар мен іріктемелердің қасиеті тек организмдердің өзгергіштігі арқылы ғана болады деп түсіндіру жеткіліксіз екендігін алғаш байқаған. Табиғаттағы өзгергіштік өсімдіктер мен жануарлардың барлық мүшелерін өзгеріске ұшыратады. Ал қолдан сұрыптауда шығарылған іріктемелер мен қолтұқымдардың адамға пайдалы, тиімді мүшелері ғана өзгертіледі. Сондықтан Ч. Дарвин эволюциялық процестің механизмін ашуды алдына мақсат етіп қойды. Мақсатын орындау үшін, алдымен Англияның ауыл шаруашылығы практикасына жүгінуді жөн көрді.

 

Ч. Дарвин ауыл шаруашылығы практикасында организмдердің жаңа формалары (жануарлардың қолтұкымдары мен өсімдіктердің іріктемелері) қалай шығарылатынын зерттеді. Содан соң табиғатта қандай себеп-шарттардың әсерінен жаңа түрлердің пайда болатынын талдауға кірісті. Табиғатта да, ауыл шаруашылығы практикасында да жаңа формалардың түзілу процесінің негізгі бір принципі - сұрыптау екендігін байқады. Адамның қолдан сұрыптауы мен табиғатта болатын табиғи сұрыпталудың арасында үлкен айырмашылық бар екендігін ажырата білді. Нәтижесінде, Ч. Дарвин қолдан сұрыптау және табиғи сұрыпталу ілімінің негізін салды.

 

Ч. Дарвин 1868 жылы шыққан "Үй хайуанаттары және мәдени өсімдіктердің өзгеруі" деген еңбегінде колтұқымдардың шығуын және көптүрлілігін толық сипаттады. Әсіресе ірі қараның 400-ге жуық қолтұқымдарын зерттеді. Бұл қолтұқымдар бір-бірінен бас сүйегі мен дене пішіні, реңі, қаңқасы мен бұлшық еттерінің дамуы, мүйіздерінің пішіндері арқылы ажыратылады. Осындай көп айырмашылықтарына қарамастан қолдан Сұрыптау арқылы шығарылған қолтұқымдар мен іріктемелердің жабайы тегі болатынын атап көрсетті. "Түр тұрақты, өзгермейді" деп санағандар "әрбір іріктеме мен қолтұқымның өзіне тән жабайы тегі болады" деп есептеді. Мұндай теріс көзқарасқа Дарвин қарсы шығып, көптеген мысалдар келтірді. Мысалы, тауықтардың барлық қолтұқымдарының тегі - жабайы банкив тауығы; үй үйректерінің жабайы тегі - барылдауық үйрек; үй қояндарынікі - жабайы еуропалық қоян екендігін дәлелдеді (15- сурет). Ірі қараның тегі - жабайы еуропалық түр, иттің тегі - қасқыр деп көрсетті.

Жабайы қоян

Қолдан сұрыптаудың мысалдары. Ч. Дарвин 1862 жылы Лондонда Бүкіл дүниежүзілік ауыл шаруашылығы көрмесінен майор Галлеттің шығарған көпмасақты бидай іріктемесін көреді. Галлетпен жақынырақ танысып, іріктеменің қандай жолмен, қалай шығарылғанын сұрап біледі. Галлет бидай өнімін жақсартуды 1856 жылдан бастайды. Бидай себілген егістікті аралап жүріп, жаңа шығарылатын іріктеменің бастамасы ретінде масағы ірілерінен бірнешеуін таңдап алады. 87 дәнекті санап алып, оны жеке үлескіге себеді. Бұдан 10 масақты бидай алған; келесі жылы 17 масақты, төртінші жылы 39 масақты өсімдік алынған. Жыл сайын тұқымдыққа ең көп масақтылары сұрыпталып қалдырылған. Бидайда масақ саны қосыла берген. Галлет ең соңында, көпмасақты бидай іріктемесін 6 жылда шығарған. Тек өсімдік шаруашылығында емес, мал шаруашылығына да сұрьптау жұмыстары жүргізілген. Осылайша жануарлардың жаңа қолтұқымдары мен өсімдіктердің жаңа іріктемелерін шығару үшін тынбай, ұдайы сұрыптау қолданылатындығы тәжірибеде дәлелдеген. Әйтеуір бір мүшесінде жабайы тегі бар екендігінің белгісі сақталып қалады. Оған дәлел ретінде бірнеше мысалдарды қарастырайық. Селекционерлер шығарған қырыққабаттың (капуста) 6 түрлі іріктемелерінің сырт пішіндері мен жапырақтары бір-біріне ұқсамайды. Ал гүлдері мен тұқымдарының ұқсастығы жойылмаған. Сәндік үшін өсірілетін шегіргүл іріктемелерінің гүлдері алуан түске боялғанымен барлығының жапырақ пішіндері бірдей. Жаңадан шығарылған іріктемелер мен қолтұқымдар адамның алдына қойған мақсатына, қажетіне сай жақсартылып, жылдан-жылға жетілдіріледі.

Қолдан сұрыптау арқылы шығарылған жануарлардың қолтұқымдарының адамға пайдалы жақтары организмнің өзіне зиянды болуы да мүмкін және ол дәлелденген. Аяқтары қысқа шошқалар табиғаттан өзіне қажет қоректі тауып жей алмайды. Аяқтары қысқа (тез жүгіре алмайды) болғандықтан, жауынан қашып құтылу қиынға соғады. Үлкен жемсаулы кептер (дутыш) жемді тек адамның қолынан жейді. Жемді жерге шашса, өздігінен теріп жей алмайды (үлкен жемсау кедергі жасайды).

 

Қорытынды. Қолдан сұрыптаудың нәтижесінде адам тек өз қажетіне жарайтын пайдалы қолтұқымдар мен іріктемелерді шығарады. Жаңа іріктемелер мен қолтұқымдарды шығару жұмысында организмдер белгілерінің өзгеруін негізге алады. Мұндай өзгерістер біртіндеп жинақталады.

Қолдан сұрыптау тиімді болу үшін даралар саны көбірек алынып, олардың арасынан таңдау жұмыстары жүргізіледі.



Сұрақтар
  1. Галлеттің бидай өнімін жақсартуды бастаған жылы:
  2. Адам қолымен шығарылған қолтұқымдар мен іріктемелердің қасиеттері мен организмдердің өзгергіштігі арқылы ғана болады деп түсіндіру жеткіліксіз екендігін алғаш байқаған ғалым.
  3. Ч. Дарвиннің үй хайуанаттары және мәдени өсімдіктердің өзгеруі атты еңбегі шыққан жыл:
  4. Ч. Дарвин Лондонда Галлеттің шығарған көпмасақты бидай іріктемесін көрген жыл.
  5. Үлкен жемсаулы кептер жердегі жемді өзі жей алмайды, себебі:
  6. Үлкен жемсаулы кептер?

  7. Ч. Дарвин эволюциялық  процестің механизмін ашуда қай елдің ауыл шаруашылығына мән берді?

  8. Жаңа формалардың түзілу процесінің бір принципін атаңыз?

  9. Бидай өнімін жақсартумен айналысқан кім?

  10. Қолдан сұрыптаудың негізін қалаған ғалым?

  11. Қолдан сұрыптау

Қате туралы хабарландыру